Қырғызстанның салық қызметі ҰҚМК-ның бұрынғы басшысы Қамшыбек Ташиевтің отбасы "Қырғызмұнайгаз" мемлекеттік компаниясы арқылы қалай байығанын жария етті. Бұған дейін мұнай саласында заңбұзушылықтар барын тәуелсіз журналистер зерттеуі әшкере еткен. Бірақ ол кезде билік оларды "өтірікші" деп атап, журналистердің кейбірін елден қуған.
Салық қызметі Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің (ҰҚМК) бұрынғы төрағасы Қамшыбек Ташиевтің туыстары кейінгі бес жылда мұнай саласын қалай пайдаланғаны жайлы алғаш рет егжей-тегжейлі баяндады. Зерттеудің негізгі нысаны — өз мұнай өңдеу зауыты бар "Қырғызмұнайгаз" мемлекеттік компаниясы.
Салық қызметінің мәліметінше, мұнай зауытқа тікелей жеткізілмей, 13 делдал компания арқылы өткен. Оның 11-і Ташиевке қатысы бары айтылады. Бұл компаниялар шикізатты сатып алып, кейін оны қайтадан сол зауытқа қымбатырақ бағамен сатқан. Сондай-ақ, бұл компаниялардың көбінде мұнай сақтау қоймалары, мұнай тасымалдайтын көлік және инфрақұрылым болмаған.
Салық органдарының дерегінше, мұндай схема үш миллиард сомнан астам шығынға әкелген (шамамен 34 миллион доллар). Сонымен қатар делдал компаниялардың кейбірі зауыттың дайын өнімін арзан бағада сатып алып отырған.
"Біз немере бауырының бір фирмасы ерекше артықшылыққа ие болғанын көрдік. Бұл – "Моко Групп" ЖШС. Бұл фирма жанар-жағармайды ірі көлемде сатып алып отырған. Тіпті танымал бренд "Ред Петролеумнен" де көп алған. "Моко Групп" құрылтайшыларының қатарында [Тәшиевтің ұлы] Тай-Мурас Ташиев бар. Әділет министрлігінің мұрағатына қарағанда, 2020 жылғы 6 қарашаға дейін құрылтайшысы Қамшыбек Қыдыршайұлы мырзаның өзі болған", – дейді жарияланған зерттеуде "Салық Сервис" мемлекеттік мекемесінің маманы Анарбек Қатағанов.
Салық органы бұл зерттеуі арқылы жаңалық ашқан жоқ. Бұл схемалар туралы төрт жыл бұрын Temirov Live жобасының журналистері айтқан. Бірақ ол кезде билік бұл жасырын схемаларға көз жұмған. Есесіне, зерттеу жүргізген журналистердің өздері жапа шекті. Зерттеу жобасының негізін қалаған Болат Теміровті елден кетірді, ал жоба журналистерін және олардың арасында болған Теміровтың жұбайы Махабат Тәжібекқызын жаппай тәртіпсіздікке шақырды деп түрмеге жапқан. Кейінірек көбі ақталып шықты. Бірақ екі журналистке бәрібір де түрме жазасы кесілді. Махабат Тәжібекқызы әлі қамауда отыр. Сот Болат Теміровті және оның жобасы әзірлеген материалдарды экстремистік деп таныған.
"Қазір салық қызметі өзін батыр етіп көрсетуі жағымсыз көрінеді. Егер олар сол кезде біздің материалға назар аударып, тергеу бастап, тексеріс жүргізгенде керемет болар еді. Енді қазір істің алға жылжығаны жақсы белгі болар. Алайда бұл мемлекеттік органдар үшін сабақ болуы қажет. Журналистерді жау көруді доғарып, олардың зерттеулеріне назар аударған жөн", – деді Бішкек журналисі Сайпидин Сұлтанәлиев.
"Қырғызмұнайгаздан" миллиардтаған сом шығарылып жатқанын көрген салық қызметі неліктен жылдар бойы үнсіздік танытып келді? Мекеме басшысы бұған жауап беріп, ол кезде мекеме қызметкерлерінің ҰҚМК басшысы болған ықпалды Ташиевке қарсы шығуға батылы жетпегенін айтты.
"Сіз де Қырғызстанда тұрасыз ғой? Дұрыс па? Жағдайды менен жақсы білесіз, – деді Қырғызстан салық қызметінің төрағасы Әлмамбет Шықмаматов. – "Қырғызмұнайгаз" толықтай ҰҚМК бақылауында болғанын білесіз ғой. Әлде бұл сізге жаңалық па? Көптеген салықшылар солардың қармағында болды, кейбірі әлі күнге дейін түрмеде отыр. Басқаша айтқанда, салықтық тексерістер жөніндегі процестердің барлығы ҰҚМК бақылауында болды. Сол себепті "Қырғызмұнайгазды" тексеру мүмкін болмады. Қазір жағдай өзгерді, белгілі бір мүмкіндіктер пайда болды. Сондықтан біз ақпаратты жарияладық".
Салық қызметінің бұл зерттеуі қоғамда қызу талқы тудырды. Мәселен, белсенді Руслан Ақматбек журналистердікі дұрыс болып шықса, оларды қудалағандар жауапқа тартыла ма деп сұрақ қойды.
"Болат Теміров пен оның отбасына қарсы заңсыздыққа кім жауапкершілік алады? Біз қоғам болып кезінде ештеңе болмағандай кейіп танытқандардың әрекетін қалай бағалауымыз керек?" – деді азаматтық белсенді Руслан Ақматбек.
Ташиевті өзі немесе оның айналасындағы адамдар салық қызметінің зерттеуі жайлы пікір білдірмеді. Түрлі ақпаратқа қарағанда, қазір ҰҚМК-ның бұрынғы басшысы шетелде жүр. Қауіпсіздік қызметінен кетіріліп, президент Садыр Жапаровпен тандемі бұзылғалы ол үнсіздік танытып келеді. Ташиев өзіне жақын саналған шенеуніктердің қызметтен кетуі, сондай-ақ оның жақтастарының, соның ішінде інісі Шайырбектің парламенттен кетуі туралы да пікір айтқан жоқ. Інісі мандатын өткен демалыста тапсырған.