Accessibility links

Қырғызстанның бұрынғы президентінің әйелі тергеуге шақырылды

Алмазбек және Раиса Атамбаева.
Алмазбек және Раиса Атамбаева.

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың әйелі Раиса Атамбаева 17 сәуірде ішкі істер министрлігінің бас басқармасына тергеуге шақырылды. Бұл жөнінде оның қызы Әлия Шагиева әлеуметтік желіде жазды.

Оның сөзінше, тергеу кешкі сағат 5-ке белгіленген және оның анасы адвокаты Сергей Слесаревпен бірге сол жаққа кеткен.

"Не үшін шақырғаны белгісіз" деді Шагиева.

Қырғызстанның ішкі істер министрлігі әзірге түсініктеме бермеді.

Былтыр қарашада Қырғызстанда жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген күдікпен бірнеше саяси белсенді ұсталған. Арасында экс-президенттің ұлы Қадырбек Атамбаев та бар. Ізінше бірнеше адам босатылды. Алайда Қадырбек Атамбаев пен тағы бірнеше белсенді уақытша қамау изоляторында қалды.

Кейін Қадырбек Атамбаев өзіне қарсы іс "билікті күштеп басып алу талпынысы" бабына ауыстырылғанын хабарлаған.

Наурызда сот Қадырбек Атамбаевтың қамау мерзімін ұзартты.

Алмазбек Атамбаев Қырғызстанды 2011-2017 жылдар аралығында басқарған. Оған жемқорлық бабы бойынша айып тағылып, 2019 жылы маусымда бұрынғы президент мәртебесінен айырылған. Сол жылы «Батукаев ісі» бойынша тұтқындалып, Қой-Таштағы үйінде қамауға алынған. Қой-Таштағы оқиға кезінде құқық қорғау органдары Атамбаевтың Қой-Таштағы резиденциясын басып алмақ болған. Ертесінде шамамен 3 мың милиция қызметкері қатысқан арнайы операция кезінде Атамбаев берілді. Тәртіпсіздік кезінде 225 адам зардап шеккен, арнайы жасақтың бір өкілі қаза болды.

2025 жылы Бішкек соты бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев пен тағы бірнеше адамға қатысты бірнеше қылмыстық іс бойынша үкім оқыған. Сот Қой-Таш оқиғасы үшін Атамбаевты 11 жыл 6 айға бас бостандығынан айырып, мемлекеттік наградаларынан айырып, мүлкін тәркілеуді үкім еткен.

Тергеу болжамынша, бұрынғы президент Шу облысы Қой-Таш ауылындағы жер учаскелерін заңсыз иеленген, заңсыз жолмен байлық жинап, 2019 жылы 7-8 тамыз күнгі Қой-Таштағы оқиғаға қатысқан. Сот оны кінәлі деп таныды.

Бұған дейін сот оны қылмыстық топтың жетекшісі Азиз Батукаевты 2013 жылы түрмеден заңсыз босатқаны үшін кінәлі тауып, бірақ "іс мерзімінің өтіп кетуіне байланысты" үкім шығармаған. Атамбаев мектеп құрылысына бөлінген қаржыны жымқырды және заңсыз төлқұжат берді деп те айыпталған. Бірінші Май аудандық соты оны 2022 жылы ақтады.

Атамбаев 2023 жылдың ақпан айында түрмеден босатылып, келесі күні емделуге Испанияға ұшып кетті. Сот оған шетелде емделуге рұқсат берген. Содан бері ол елге оралмаған.

Айдар
XS
SM
MD
LG