Accessibility links

Қырғызстанның оңтүстігінде жер опырылып, он шақты адам эвакуацияланды

Қырғызстан төтенше жағдай министрлігі таратқан сурет.
Қырғызстан төтенше жағдай министрлігі таратқан сурет.

10 қазанда Қырғызстанның оңтүстігіндегі Ош облысы Қара Құлжа ауданы Тоғызбұлақ ауылының он шақты тұрғыны жердің опырылуына байланысты қауіпсіз жерге көшірілді. Бұл жөнінде төтенше жағдай министрлігіне сүйенген Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.

Министрліктің айтуынша, аталған аумақта жер қыртысы жылжығаны жөнінде хабар түсіп, мамандар бақылау жүргізген.

Ведомствоның мониторинг және болжау департаменті ұсынған ақпаратқа сәйкес, жер қыртысындағы жарылымның ұзындығы 220 метр, көшкін массасының көлемі 42 800 текше метр. Көшкіннің жылдамдығы сағатына шамамен 1,1 метр.

«Қазір көшкіннің көлемін азайту жұмыстары басталды. Айналма жол салынды. Барлығы тұрақталды. Шын мәнінде, біздің ауыл әкімшілігінің 90 пайызы қауіпті аймақ. Бұл жер қауіпті деп саналмады. Жолда 25 тонналық жол техникасы тұр. Жол жиегіндегі тастарды қазып алды. Содан кейін ол қозғалып, үстінде жарықшақ пайда болды. Бұған ешкім кінәлі деп айта алмаймыз» деді ауыл әкімі Жамшитбек Бәкіров.

Екі елді мекенді байланыстыратын тас жолдың құрылысы былтыр басталды. Төтенше жағдай министрлігі көшкінге жол құрылысы көліктерінің жұмысы әсер еткен болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Жердің жылжуына байланысты ауылдағы екі үйдің 11 адамы уақытша туыстарының үйлеріне көшірілді. Ауданда топырақ мөлшерін азайту жұмыстары басталғаны хабарланды.

«Таудың бетінде барлығы 42 мың тонна топырақ жатыр. Оны алып тастау керек. Осыдан кейін олар қауіпсіз болады деген қорытындыға келдік. Топырақтың 60 пайызын алып тастағаннан кейін ол қауіпсіз болады. Тапсырмалар берілді. Құдай қаласа, топырақты бір апта ішінде алып тастаймыз дедік. Өйткені жолды толық пайдалануға беруде әлі де мәселелер бар» деді Қара Құлжа ауданының әкімі Замирбек Сыдықов.

Қырғызстанда климаттың өзгеруіне байланысты көшкін мен су тасқыны сияқты табиғи апаттар көбеюі мүмкін екені бұған дейін хабарланған. Қазіргі уақытта жүздеген адам қауіпті аймақтардағы үйлерде тұрып жатыр.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG