Ресей аннексиялап алған Қырымда 21 маусым күні Украина күштері жанармай нысандарына жасаған шабуылдан кейін жеке және заңды тұлғаларға бензин сатуға уақытша шектеу енгізілді. Бұл туралы Крым.Реалии сайты жазды.
Түбектің Ресей тағайындаған басшысы Серкей Аксёнов жанармай бекеттерінде жеке адамдар мен заңды тұлғаларға көлік отынын сату тоқтатылғанын, жанармай тек жедел қызметтер мен қауіпсіздік құрылымдарына берілетінін айтты.
Севастопольдің Ресей тағайындаған жетекшісі Михаил Развожаев бұған дейін қалаға жанармай жеткізу "кідіріп жатқанын" хабарлаған еді. Соған байланысты "ТЭС" жанармай құю бекеттерінде көлік отынын QR-код бойынша беруді тоқтатуға мәжбүрміз, тек жедел қызметтерге ғана беріледі, деп мәлімдеген.
Бұған қоса, "Крымэнерго" кәсіпорны түбектің бірнеше ауданында жарық өшкенін хабарлады. Ол Севастопольде электр қуаты кестемен беру режиміне уақытша көшетінін айтты. Электр желісіндегі зақым салдарынан бірқатар елді мекенде су беру де тоқтатылған. Билік органдары су мен электр қуатын қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатқанын хабарлады.
21 маусымға қараған түні украин күштері паром өткеліне қызмет көрсететін Кавказ портына, сондай-ақ Керчтегі мұнай қоймасына шабуыл жасап, өртке ораған. Энергетика нысандарына шабуылдар жасалғаны жайлы ақпарат түскен жоқ. Ресей билігі төрт кісі қаза тауып, 20-дан астам адам жараланғанын хабарлады. Ресей денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, екі баланы қоса алғанда, 14 адам ауруханаға жатқызылған.
Көлік жүргізушілерге Азов теңізінің солтүстігімен, Запорожье және Херсон облыстары арқылы өтетін жолмен жүруге кеңес берілді. Алайда ол бағытта украиналық дрон шабуылына ұшырау қаупі жоғары саналады.
Украина әскері кейінгі кезде Қырымға апаратын көлік жолдарын нысанаға алуды үдеткен, соның салдарынан мамыр айының аяғында түбекте отын тапшы болып жатыр.