Accessibility links

Қытай Тайвань жағалауына жақын маңда әскери жаттығу өткізіп жатыр


Қытай әскери-теңіз флотының ұшақ тасығыш кемесі (көрнекі сурет)
Қытай әскери-теңіз флотының ұшақ тасығыш кемесі (көрнекі сурет)

Қытай 29 желтоқсанда Тайвань жағалауы маңында "Әділет миссиясы – 2025" атты жаңа әскери жаттығу бастады. Бұл туралы Қытай халық-азаттық армиясының (ҚХАА) Шығыс әскери қолбасшылығы ақпаратына сүйеніп Reuters пен "Синьхуа" агенттіктері хабарлады.

Жаттығуға құрлық әскері, әскери флот, авиация және зымыран бөлімшелері қатысып жатыр. ҚХАА Шығыс қолбасшылығының өкілі Ши Идің айтуынша, "бұл жаттығу Тайваньның "тәуелсіздігі" идеясын ұстанатын сепаратистік күштерге және сырттан араласатын күштерге арналған қатаң ескерту" болмақ.

30 желтоқсанға дейін жалғасатын әскери жаттығу барысында аралдың негізгі порттарын бұғаттау және оны толық қоршау әрекеттері пысықталады. Қытай әскери басшылығы мәлімдемесінде арал төңірегіндегі бес аймақ көрсетіліп, сол аумақтарда шектеулер енгізілетіні айтылған.

Тайвань қорғаныс министрлігі кейінгі 24 сағат ішінде арал маңында Қытайдың екі әскери ұшағы мен 11 кемесі болған деп мәлімдеді. Тайвань қарулы күштері жоғары дайындық жағдайына келтірілген және Қытай тұтқиылдан шабуыл жасаған жағдайда әскерді жедел көшіруді көздейтін "жылдам іс-қимыл жаттығуларын" өткізуге дайын отыр.

Reuters сарапшылары Пекиннің мұндай жаттығулары әдеттегі әскери оқу-жаттығулар мен нақты шабуылға дайындықты ажырататын шекараны неғұрлым көмескілендіріп бара жатыр дейді. Олардың пікірінше, мұндай стратегия АҚШ пен оның одақтастарына басқыншылық жайлы шамалы ескерту іспетті.

Қытай бұл әскери жаттығуды АҚШ Тайваньға жалпы құны 11 миллиард доллардан асатын, рекордтық көлемдегі қару-жарақ сататынын жариялағаннан кейін 11 күн өткенде бастады. Сонымен бірге осы жаттығуға дейін жапон премьер-министрі Санаэ Такаитидің алда-жалда Қытай Тайваньға шабуыл жасайтын болса, Жапонияның "өмір сүруіне қатер төнеуі" мүмкін екенін және ондай жағдайда Токионың өзін-өзі қорғайтынын мәлімдемегені белгілі.

Қытай сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың Тайваньға қару-жарақ сату туралы шешімін айыптады. Мұндай қадам Пекин мен Вашингтон арасындағы дипломатиялық келісімдерді бұзады, Қытайдың егемендігіне, қауіпсіздігіне және аумақ тұтастығына елеулі зиян келтіреді, сондай-ақ аймақтағы тұрақтылықты шайқалтады деп мәлімдеген министрлік.

Өткен аптада Қытай АҚШ-тың әскери-өнеркәсіп кешенімен байланысты 20 компанияға және америкалық қорғаныс корпорацияларының 10 топ-менеджеріне қарсы санкциялар енгізген.

XS
SM
MD
LG