Accessibility links

Қытай Тайваньға қару-жарақ сатқаны үшін АҚШ-қа санкция салды


Қытай Тайванға қару-жарақ сатқаны үшін АҚШ-қа санкция салды. Қытай сыртқы істер министрлігінің хабарламасында қару-жарақ сату шешімі "Қытайдың егемендігі мен территориялық тұтастығына нұқсан келтіретіні" жазылған.

Шектеу АҚШ-тың 20 әскери-өнеркәсіп компаниясы мен қорғаныс корпорациясының 10 топ менеджеріне қатысты. Санкция активті бұғаттау мен тізімге енген ұйымдар мен тұлғалармен әріптестік орнатуға тыйым салуды қарастырады. Жеке тұлғаларға сонымен бірге Қытайға кіруге тыйым салынады.

Санкция салу туралы шешім 26 желтоқсанда күшіне енді.

Бұған дейін желтоқсанда АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі Тайванға құны 11,1 млрд доллар көлемінде қару-жарақ сатуды мақұлдаған. Бұл бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш. Пакетте HIMARS, танкілерді жоятын Javelin ракеталары, Altius дрондары, гаубицалар мен өзге де жабдықтар бар.

Қытай СІМ шешімді сынаған. Ведомство өкілдері бұл Қытай мен АҚШ арасындағы дипломатиялық келісімді бұзады, елдің егемендігі мен қауіпсіздігіне, территориялық тұтастығына нұқсан келтіреді, аймақтағы тұрақтылыққа кері әсер етеді деген.

  • Қытай Тайваньды өзінің бүлікшіл аймағы санайды және аралға бақылау орнату керек деп тапса, күш қолдануға дайын екенін де мәлімдеп келеді. Алайда Тайвань тұрғындарының көбі Тайванның де-факто тәуелсіздігін қолдап, демократиялық мәртебесі сақталғанын қалайды. Арал төңірегіндегі кез келген ықтимал әскери қақтығысқа аймақтағы коалицияға мүше АҚШ қатысуы мүмкін және АҚШ заңына сәйкес, Тайваньға төнген кез келген қатер «ерекше маңызды» мәселе ретінде қаралуы керек.
XS
SM
MD
LG