Accessibility links

"Қыздарды соғыс дрондарын жасауға тартып жатыр". Ресейлік жарнама қырғыз оқу орындарына жетті

Russia-Tatarstan-Alabuga Polytech advertising campaign
Russia-Tatarstan-Alabuga Polytech advertising campaign

Ресей Украинамен соғыста қолданатын дрондарды құрастыратын «Алабұға Старт» бағдарламасы арқылы қырғыз әйелдерін жұмысқа тартып жатыр. Мұндай жарнамалар Қырғызстандағы кейбір білім беру мекемелерінде таратылған.

«Алабұға Старт» бағдарламасының ресми сайтындағы ақпаратқа қарағанда, 2023 жылдан бері жобаға Орталық Азиядан 150 қыз қатысқан.

Бағдарлама негізінен ТМД-ға мүше мемлекеттерден 18-24, 16-22 жас аралығындағы қыздарды жұмысқа тартады және оларға сегіз сағаттық жұмыс және үш сағаттық оқу бағдарламасын ұсынады.

Аты-жөнін атағысы келмеген Қырғызстан тұрғыны 16 жасар қызының былтыр «Алабұғаға» бара жаздағанын айтты. Қызы ойын түріндегі іріктеуден өтіп, оқуға баратынына қатты қуанған, ал құжаттарды жинап жатқанда күдікті жағдайлар анықталған. Сол жерге баратын балалардың ата-аналары тобында қойылған көптеген сұрақтар жауапсыз қалды дейді ол.

«Ата-аналар сұрақтар қоя бастады: «Балаларды кім алып кетеді?», «Олар қалай жалғыз барады?», «Олардың жанында жетекші бола ма?» деп сұрады. Ал олар болса «Бізден ешкім бармайды. Билеттер сатып аламыз, балаларыңыз өздері ұшады, оларды осында қарсы аламыз» деді. Содан кейін ешкім келмесе, ешкімді көрмесек, ешкімді танымасақ, кәмелетке толмаған қызымды қайда, кімге жіберіп жатқанымды білмесем, онда не үшін жібереміз деп ойымыздан қайттық» дейді тұрғын.

Украинамен соғыста Ресей әскері пайдаланатын дрондарды құрастыратын Татарстанда орналасқан «Алабұға Политех» өндіріс зауыты қыздарға арналған «Алабұға старты» атты бағдарламаны насихаттап, жарнамалап келеді.

Татарстандағы "Алабұға" арнаулы экономикалық аймағындағы ғимарат.
Татарстандағы "Алабұға" арнаулы экономикалық аймағындағы ғимарат.

Журналистік зерттеуге қарағанда, Ресей Украинамен соғыста қолданатын дрондарды жасау үшін кәмелетке толмағандар мен студенттерді тартып жатыр. Кәсіпорын шығаратын дрондар күн сайын Украина қалаларын бомбалау және қирату үшін пайдаланылады, бұл мыңдаған адамның өмірін қиған.

Қырғызстанда аталған кәсіпорынның жарнамаларын кейбір оқу орындары тарата бастады. Талас мемлекеттік университетінің ректоры өткен аптада осындай жарнамалардың бірін таратты.

"Талас облысына 15 квота бөлінді" деді ректор. Ізінше жазба желіден жойылды.

Талас мемлекеттік университетінің ректоры Жырғалбек Шаршембиев Азаттық радиосының Қырғыз қызметіне жарнаманың алыну себебін түсіндірді.

«Бұл санкцияға ұшыраған компания. Ол жерде дрон құрастырылады. Сондықтан хабарландыруды жарты сағаттан кейін алып тастадық. Ешкімді жібермедік. Бір депутат қоңырау шалып, «ол санкцияға ұшыраған, онымен жұмыс істемеңдер» деді. Біз жарнамаларды дереу алып тастадық» деді ол.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі жоба ұйымдастырушыларымен байланысқа шықты. Тілші өзін "бағдарламаға қызығушылық танытқан адам" ретінде таныстырып, егжей-тегжейін сұрады.

- «Алабұға политехникалық колледжінде» дрондар жасалады дейді. Біз де сонда жұмыс істейміз бе?

- Ол жағын сіз өзіңіз шешесіз. Мысалы, мен онда өз еркіммен жұмыс істедім. Біріншіден, жалақы жоғары болды. Мүмкіндіктер де болды. Салмақты жұмыс. Ол мүлде қиын емес, – деді телефонның ар жағында сөйлеген әйел.

Бізге ақпарат берген адам өзінің де Қырғызстаннан екенін, қазіргі уақытта Татарстанда тұратынын және қырғыз қыздарын іздеп жүргенін айтты.

«Егер сіз келіссеңіз, мен Қырғызстанға барамын, менімен бірге осы жаққа келе аласыз. Сізге жатақхананың суреттерін жіберемін. Осында жұмыс істейтін қыздардың нөмірлерін беремін. Бұл «Алабұға политехникалық колледжіне» қатысты емес, бірақ екеуі жақын жерде орналасқан. «Политех студенттері де осында жұмыс істейді», - деді ол.

Компанияның ресми сайтындағы мәліметке қарағанда, қыздарға арналған жеті сала бойынша екі жылдық жұмыс бағдарламасы бар.

Онда соғысқа қажетті өндіріс туралы ештеңе айтылмаған, керісінше, техникалық қызмет көрсету және тазалау үшін жұмысшылар қажет екені көрсетілген. Онда жұмысшыларға қандай да тәжірибе немесе білім туралы талап қойылмаған. Негізгі шарт - вебсайтта көрсетілген күнделікті қолданылатын 100 орыс сөзін жаттап алып, онлайн симуляциялық ойыннан өту.

Қырғызстанда «Алабұға старт» негізінен Telegram арқылы жарнама таратады. Осы Telegram арналарының бірінде жарияланған видеолардың бірінде өзін Миля деп таныстырған қыз тазалықшы болып жұмыс істейтінін айтады.

«Мен қазір үй тазалаушы болып жұмыс істеймін. Алты айдан кейін бөлме тазалаушы боламын. Соны асыға күтіп жүрмін. Мұнда интернеттің жұмыс істемеуі қуантады. Қабырғаларға қараңызшы. Wi-Fi жоқ», - дейді Миля.

Әлеуметтік желілерде «Алабұға» туралы контент жариялап жатқан қырғыз қыздары да бар. Олардың бірі Азаттықтың Қырғыз қызметіне 15 жастағы ағасының да онымен бірге Татарстанға кеткенін айтты.

"Алабұға политех" колледжінің жастарды нысанаға дәл тиетін дрон құрастыруға тартып жатқаны туралы ақпарат былтыр Қазақстанда да тараған.

Қазақстандағы мектеп оқушылары мен студент жастар арасында таратылған "Алабұға политех" колледжінің жарнама парағында кәсіпорын Қазақстаннан 14 жасқа толған және одан асқан кез-келген жасты жұмысқа қуана-қуана қабылдайтыны жазылған. Жарнамадағы ақпарат жұмыс Ресей армиясына арналған әскери дрондар жасалатын зауыттан ұсынылатыны да көрсетілген.

"Жауды жоятын тегеурінді дрон құрастыру – керемет қой" деп те қосып қойған әлгі жарнамада.

Қазақстан студенттері арасында таратылған "Алабұға" колледжіне шақырған жарнама.
Қазақстан студенттері арасында таратылған "Алабұға" колледжіне шақырған жарнама.

Биыл мамыр айының басында Ұлыбритания «Алабұға Старт» бағдарламасы бойынша дрон өндірісіне және соғысқа мигранттарды тартуға қатысқаны үшін 35 ресейлік жеке және заңды тұлғаға санкция салған. Лондон «қара тізімге» енгендерді шетелдік мигранттарды алаяқтық жолмен тартып, оларды соғысқа күштеп жіберді немесе әскери кәсіпорындарда жұмыс істеуге мәжбүрледі деп айыптады.

Бұл оқу орны Ресей әскері Украинаға қарсы соғыста пайдаланып жүрген дрондар шығаратындықтан, Украина дрондарының шабуылына жиі ұшырайды.

Мысалы, 2024 жылғы 2 сәуірде 17 жастағы қырғыз жігіті дрон шабуылынан зардап шекті. Жергілікті билік дрон "Алабұға" политехника колледжінің жатақханасына түсіп, 12 студент жараланған деп хабарлады. БАҚ-тың жазуынша, украин дроны "Шахед" дрондарын құрастыратын нысанға түскен.

«Татарстандағы [Алабұғаны] жабық әскери өндіріс орны деп атай аламыз. Оқуды сылтауратып, кәмелетке толмағандарды жұмысқа тарту, пайдалану өте қауіпті. Өйткені, Украина қазіргі кезде ресейлік әскери өндіріс орындарына шабуыл жасап жатыр. Егер біздің кәмелетке толмағандарымыз сол жерде қаза болса, кім жауапты болады? Ата-аналар мен оқушылар мұндай жарнамаларды көргенде, алдымен білім беру мекемесінің Қырғызстанда аккредиттелгенін тексеруі керек» дейді мигранттардың құқықтарын қорғап жүрген адвокат Мирлан Тоқтобеков.

Бұған дейін Украина қарулы күштерінің бас штабы Алабұғадағы зауытқа шабуыл жасағанын растап, бұл нысан "Украина аумағына, атап айтқанда энергетикалық және азаматтық инфрақұрылымға шабуыл жасауға арналған дрондарды өндіріп, сынақтан өткізу және ұшыру үшін пайдаланылғанын" айтты.

Осыған қарамастан 2025 жылғы 20 маусымда Қырғызстанның білім және ғылым министрлігі Ресейдің "Алабұға" арнайы экономикалық аймағымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Өткен аптада ресейлік БАҚ Ресей билігі студент қыздарды Украинадағы соғысқа тартып жатқанын жазған. Мысалы, Красноярск радиоэлектроника және ақпараттық технологиялар колледжінде студент қыздар арасында жабық кездесу өткен. Оған қатысқандарды дрон әскеріне қосылуға үгіттеген.

Әскерге жасы 18-34 аралығында бұрын сотталмаған, балалары жоқ қыз-келіншіктер алынатыны айтылды. Осыған ұқсас кездесулер Сібір мемлекеттік өнеркәсіптік университетінде, Санкт-Петербург ақпараттық технологиялар, механика және оптика ұлттық зерттеу университетінде, әскери-механика институтында, Самара және Ярославль мемлекеттік университеттерінде, Сібір федералды университетінде және Красноярск өнеркәсіптік технологиялар және кәсіпкерлік колледжінде өткен.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің видеосын көріңіз (қырғыз тілінде)

Айдар
XS
SM
MD
LG