Ресей құрамындағы Шешенстан республикасының басшысы Рамзан Қадыров 20 жастағы ұлы Ахмат Қадыровты республика үкіметі төрағасының орынбасары міндетін атқарушы етіп тағайындады. Ахмат Қадыров жаңа қызметіне қоса спорт министрі лауазымын сақтап қалды деп хабарлады "Кавказ.Реалии" басылымы.
Шешенстанның ұлттық саясат, сыртқы байланыстар, баспасөз және ақпарат министрі Ахмед Дудаевтың да дәл осылай қызметі жоғарылаған. Рамзан Қадыров мұндай өзгерістер үкімет басшысы Магомед Даудовтың ұсынысымен жасалғанын айтты. Жаңа тағайындаулар жайлы өз Telegram-арнасында хабарлаған Шешенстан басшысы оларды "кадр бойынша кішігірім өзгерістер" деп атаған.
Шешенстан басшысы ұлының қызметін өсіру өз денсаулығының нашарлауымен байланысты ма, жоқ па – ол жағын нақтыламады. Жаңа жыл қарсаңында бұқаралық ақпарат құралдары Рамзан Қадыров Мәскеуде ауруханаға түсті деп хабарлаған, алайда оны ресми түрде растаған ақпарат болған жоқ.
Ахмат Қадыровтан бөлек, Шешенстан үкіметінде оның өзге де туыстары жоғары лауазымдар иеленіп отыр. Мысалы, Рамзан Қадыровтың қызы Хадижат 24 жасында Шешенстан басшысы мен үкіметі әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары болып тағайындалған. Ахмат Қадыров 18 жасында Шешенстанның спорт министрінің орынбасары, жастар ісі жөніндегі министр, сондай-ақ "Ахмат" футбол клубының президенті атанған. Қадыровтың тағы бір ұлы Адам 16 жасында әкесінің "қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы" және шейх Мансұр атындағы батальонның кураторы болды, ал кейінірек Рамзан Қадыров оны Гудермес қаласындағы Владимир Путин атындағы Ресейдің арнайы мақсаттағы университетінің кураторы етіп тағайындаған.
Жалпы алғанда, Қадыров әулетінің 100-ге жуық мүшесі билік құрылымдарымен байланысты. Бұл көрсеткіш бойынша ол Ресейде бірінші орында тұр. "Проект" басылымының деректеріне сәйкес, екінші орында президент Владимир Путин: оның 20-дан астам туысы әртүрлі басшы қызметтер атқарады.
Қорытынды кеңесте Рамзан Қадыровтың туыстары тағы да марапатталды. Олардың қатарында Шешенстан басшысының ұлдары, күйеу балалары, жиендері және ең жақын серіктері бар. "Кавказ.Реалии" редакциясы сұхбаттасқан сарапшылар аймақта орден-медаль, түрлі атақтар тым жиі табысталатындықтан, олардың мәні мен беделі біртіндеп жойылып барады деген пікір айтты.