24 мамырға қараған түні Ресей әскері Украинаға жаппай соққы жасады. Украина қарулы күштерінің хабарлауынша, елге 549 дрон, 55 ракета шабуылдаған, арасында "Орешник" те бар.
Кейінгі мәлімет бойынша, шабуылдың салдарынан 2 адам қаза болған, 56 адам зардап шеккен. 30 адам ауруханаға жатқызылған, арасында 2 бала бар.
Украина астанасының барлық бөлігінде нысандар қираған. Атап айтқанда, Киевтегі академиялық опера және балет театры мен "Чернобыль" ұлттық музейі бүлінген.
"Киев үшін қорқынышты түн болды...Қазір құтқарушылар өрт сөндіріп, үйінділерді аршып жатыр. Дәрігерлер зардап шеккендерге көмектесіп жатыр" деп жазды қала мэрі Виталий Кличко.
Украина қарулы күштерінің коммуникация басқармасының басшысы Юрий Игнат Киев облысы Белая Церковь қаласындағы ауданға "Орешникпен" соққы жасағанын растады.
Ресей қорғаныс министрлігі Украинаға шабуыл кезінде "Орешник" ракетасын пайдаланғанын растады. Ведомство өкілдері мұны Украинаның "Ресей аумағындағы азаматтық нысандарға жасаған террористік шабуылына жауап" деп атады.
Украина президенті Владимир Зеленский жексенбі күні таңертең Ресей соққысынан кемінде 83 адам зардап шеккенін айтты. Оның сөзінше, шабуылдың негізгі нысаны Киев болған.
- Сенбі күні кешке Зеленский Украинаның барлау қызметіне Америка және Еуропадағы серіктестерден Ресейдің орта қашықтыққа ұшатын "Орешник" баллистикалық ракетасымен шабуыл жасауға дайындалып жатқаны туралы мәлімет түскенін хабарлаған.
- 22 мамырда Ресей президенті Владимир Путин Старобельскідегі колледжге жасалған шабуылды теракт деп атап, қорғаныс министрлігіне қарымта шабуыл жасауға дайындалуды тапсырған.
- Владимир Путин Украинаға "Орешник" ракетасымен соққы жасағанын алғаш рет 2024 жылы 21 қарашада мәлімдеген. Ол кезде Днепрдегі әскери-өнеркәсіптік кешенге соққы жасалған еді. Кейін Путин Ресейде мұндай ракета қоры барын айтып, олардың өндірісі қазірдің өзінде жолға қойылғанын айтты.