21 тамызда Ресей әскері Украинаның Кривой Рог қаласындағы "Солнечная галерея" атты сауда орталығына дронмен соққы жасап, ғимаратты қиратты. Кейінгі мәлімет бойынша, қаза болғандар 15 адамға жетті. 130 адам жараланды, 23-і – бала. 29 адамның жағдайы ауыр, бесеуі – бала.
"Қазір 8 науқас операция бөлмесінде, біреуі – бала" деп жазды қалалық әскери әкімшіліктің жетекшісі Александр Вилкул. Оның сөзінше, із-түзсіз жоғалғандар да бар.
Днепропетровск облысының басшысы Александр Ганжаның хабарлауынша, бірінші соққы күндіз жасалған. Жарты сағаттан кейін өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем өкілдері келген кезде соққы қайталанған. Сауда орталығындағы дүкендер өртеніп, жедел қызмет құтқару операциясын жүргізді.
"Солнечная галерея" – Кривой Рог қаласының орталығында орналасқан ірі сауда орталығы.
Украина президенті Владимир Зеленский Ресей соққысын "арсыз әрі жиіркенішті" шабуыл деп атады.
"Мұндай соққыны жай теракт десе де болады", - деп жазды Зеленский. "Әлем басқыншыға қысым көрсету арқылы жауап беруі керек. Бейбітшілік орнауы үшін Ресей жауапкершілікті өз мойнына алуы керек".
- Ресей Украинаны күн сайын атқылайды. Ресей қорғаныс министрлігі тек әскери нысаналарға соққы жасайтынын айтады. Бейбіт азаматтардың қаза болуы мен азаматтық инфрақұрылымның қирағаны жайлы ақпаратқа ведомство әдетте түсініктеме бермейді.