Өзбекстанда сот Украинада Ресей әскері қатарында жүріп, соғыс аймағында болған 38 жастағы өзбек азаматын үш жылға бас бостандығынан айырды. Бұл жөнінде сот үкіміне сүйенген UzNews.uz жазды.
Сот ер адамды Қылмыстық кодекстің 154-бап 1-бөлігі ("Жалдамалылық") бойынша кінәлі деп таныды.
Іс материалдарына қарағанда, биыл сәуірде сотталушы Ресейге нәпақа табу үшін барған. Маусымда оны ІІМ қызметкерлері құжатсыз жүргені үшін ұстаған. Сотталушының сөзінше, ұсталғаннан кейін ол қандай да бір құжатқа қол қойған – бірақ құжатта не жазылғанын білмеген. Ізінше оның әскери келісімшарт екені белгілі болған.
Ер адам Донецк облысында болып, ресейлік әскери қызметкерлерге азық-түлік түсірумен айналысқан, одан кейін оны Луганскіге жіберген. Сотталушының сотта берген жауабына қарағанда, ол жақта ол гранатаның үстіңгі бөлігін бөлшектеп жатқанда жарылыс болып, соның салдарынан бір саусағынан айырылған, білегінен де жараланған.
Қазан айында ауруханада емделген сотталушы қашып кетіп, Өзбекстанға оралған. Соғыс аймағында болған кезде ол шамамен 800 мың рубль алған, жартысын туыстарына жіберген.
Сот оны үш жылға бас бостандығынан айырды.