Accessibility links

Ресей бас прокуратурасы Қазақстанда тұратын миллиардер Турлов пен оның компаниясын сотқа берді

Тимур Турлов
Тимур Турлов

Ресей бас прокуратурасы Freedom Holding компаниясының негізін қалаушы, Мәскеуде туған, бірнеше жыл бұрын Қазақстанға көшіп келіп, осында азаматтық алған Тимур Турлов және оның компанияларн сотқа берді. Бас прокурордың орынбасарының шағымы Мәскеудің Тверь аудандық сотына түсті.

"Әкімшілік шағым иесі: Ресей Федерациясы бас прокурорының орынбасары. Әкімшілік жауапкер: V-Empirical Holding Corp., Freedom Holding Corp., Freedom Finance Europe Ltd., Турлов Т.Р., Щукин А.С" деп жазылған сот жазбасында. Прокуратура істің мән-жайы жөнінде хабарлама бермеді.

Алдын ала сот отырысы 15 қазанға белгіленген.

"Бас прокуратура холдинг және басқа да бірнеше компанияға қарсы азаматтық арыз түсірді. Біз әзірге, бұл шағымның мәні мен қаншалықты дұрыстығын анықтай алмадық. Мәселені зерттейміз. Холдингтің қызметіне ешқандай қауіп жоқ. Біздің Ресейде активтеріміз жоқ, ал холдингтің өзі Ресей Федерациясында ешқандай бизнес жүргізбейді" деді Freedom Holding компаниясының баспасөз қызметі ресейлік RBC.ru басылымына.

Freedom Holding компаниясының негізін қалаушы, 38 жастағы Турлов 2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Ресей паспортынан бас тартып, Қазақстан азаматтығын алды.

Турлов Ресейде брокерлік бизнеспен айналысқан, бірақ 2010 жылдары Қазақстанға назар аударып, ізінше брокерлік, банк және сақтандыру қызметін ұсынатын ірі қаржы институтына айналған брокерлік фирма ашты.

2022 жылдың күзінде Турловтың Ресейдегі активтерін сатқаны туралы хабарланды. Кәсіпкер мәмілелерді санкцияға қатысты тәуекелдермен байланыстырды. Freedom Holding қазіргі уақытта өзін қазақстандық топ ретінде көрсетеді және Ресей нарығынан толығымен шыққанын айтады.

Forbes Kazakhstan Турловтың байлығын 5,2 млрд доллар деп бағалады.

26 қыркүйекте Турлов FIDE – халықаралық шахмат федерациясының президенті болды. Ол Ресей үкіметінің вице-премьері Аркадий Дворковичтің орнын басты. Федерация басшысы Самарқанда Дүниежүзілік шахмат олимпиадасы күндері сайланды. Екінші кезеңде Турлов 110 дауыспен 85 дауыс алған қарсыласы неміс кәсіпкері Вадим Розенштейнді жеңді.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG