Accessibility links

Ресейде өлім көбейіп, зираттарда орын жетпей жатыр


Санкт-Петербургтегі зират.
Санкт-Петербургтегі зират.

Ресейде кейінгі бір жылда 2,4 млн адам өлген. Демограф мұның 1945 жылдан бергі ең жоғарғы көрсеткіш екенін айтады. Өткен жылдың желтоқсаны мен биылғы қараша аралығында орташа өлім көрсеткішінен 620 мыңға көп адам көз жұмған. Ресми дерек бойынша, оның үштен бірінің пандемияға қатысы жоқ. Север.Реалии тілшілері коронавирустан қайтыс болғандардың туыстары қандай қиындыққа тап болғанын, жерлеу бизнесі мен өлімнің көбею себептерін зерттеп көрді.

Петрозавод қаласының тұрғыны Виктория Соколова 2021 жылдың басында 85 жастағы анасынан айырылған. Ол жергілікті билік өлімнің көп екенін айтпағанын, анасының мәйітін бір апта күткенін айтады.

– Ауруханаға өзім хабарласып, құжат жайлы білдім. Маған ешкім хабарласпады. Дәрігерлер бос болмағанға ұқсайды. Анамды сегізінші күні жерледік. Жердің бәрінде кезек көп. Мәйітханаға сағат 15.00-де барып, құжатты тек 19.00-де алдым. Зиратта да кезек болды. Билік өлім көп екенін айтпады, – дейді Виктория.

ТАБЫТ ТАПШЫЛЫҒЫ

Жерлеу бизнесінің өкілі Алексей Татаренков екі жылда осы салада ғана табыс азаймағанын айтады.

– Бір жылда ритуалды агенттіктер саны 20 пайызға өсті. Ритуалды агенттер өзіне жақсы көлік алып жатыр, ешкім жұмыссыз отырған жоқ. Пандемияға дейін суицид, жол апаты, онкологиядан қайтыс болғандарды жерлесек, қазір оған пандемиядан қайтыс болғандар қосылды. Былтырғы желтоқсанға қарағанда өлім де көбейді, – дейді Татаренков.

Оның сөзінше, ол тұратын облыста былтыр табыт жетпей қалған. Бұрын табытты Мәскеу, Новосібірден, тіпті Польшадан әкелген. Бірақ Польшада да өлім көбейіп, табыт сатуды тоқтатқан. Соның кесірінен жұрт екі апталап туысын жерлей алмай жүрген. Татаренко қазір бұл проблема шешілгенімен, биыл облыс зираттарында орын жоқ екенін айтады.

ТУУ АЗАЙЫП, ӨЛІМ КӨБЕЙГЕН

"Ведомости" басылымының жазуынша, Ресейде кейінгі 12 айда, яғни, 2020 жылғы желтоқсан мен 2021 жылғы қараша аралығында қайтыс болғандар саны 2,4 миллион адамнан асқан. Бұған дейін антирекорд 2003 жылы тіркелген. Ол кезде 2,37 млн адам қайтыс болған. Бұдан да нашар көрсеткіш 1941–1945 жылдары Ұлы отан соғысы кезінде тіркелген. Ол кездері өлім қазіргіден 2–3 есе көп болған.

– 1 желтоқсандағы жағдай бойынша пандемия басынан бері Ресейдегі ең көп өлім 950 мыңға жетті. Бұлардың көбі коронавирустан қайтыс болғандар. Егер адам вирус жұқтырмаса, осы уақытта өлмейтін еді, – дейді демограф Алексей Ракша. – Кез келген себептен болған өлім көбейгенін көруге болады. Пандемия кезінде ішімдіктен өлгендердің ресми көрсеткіші 3 мыңға, есірткіден өлгендер 3 мыңға өсті. Ресми статистика бойынша, пневмониядан қайтыс болғандар екі есе көбейген. Бірақ біз мұның бәрі, жай пневмония емес, коронавирус екенін түсініп отырмыз.

Демограф Ресейдегі өлім себебі статистикасына күмәнмен қарайды. Ракшаның сөзінше, өлімнің негізгі себебін анықтау дәрігердің жазғанына немесе оған біреудің нені жазу керегін бұйырғанына байланысты болады.

– Бірақ жалпы өлім көп екенін жасыра алмайсың. Өлім себебін өтірік айтып отыр, ал өлім саны жайында өтірік айту мүмкін емес. Пандемия басынан бері Дағыстан, Ингушетия, Шешенстанда өлім көп тіркелді. Себебі ол жақта мұсылман дәстүрімен жерлейді. Жерлеу рәсіміне, той мен туған күнге өте көп адам жиналады. Сондықтан өлім көп шығар, – дейді Ракша. – Одан кейінгі орында Мәскеу мен Санкт-Петербург тұр.

"Ведомости" дерегінше, 2021 жылы өлім саны көбейіп, туу көрсеткіші азайған. Бұл айырмашылық 43 мың адамды құрайды. Мәскеу мемлекеттік университетінің әлеуметтану факультетінің отбасы әлеуметтануы және демография кафедрасының профессоры Александр Синельников бұл адамдар пандемия кесірінен отбасын құруды немесе бала тууды кейінге қалдырған дейді.

Ал Алексей Ракша туу көрсеткіші өзгермегенін, тіпті, 2021 жылы өскенін айтады. Бұған мемлекеттің бала туу кезінде беретін жәрдемақыны өсіруі әсер етті дейді.

Оның пікірінше, вакцина алғандар мен көп өлімнің арасында нақты байланыс жоқ болған соң, Ресейде вакциналау тиімділігін бағалау әлі де қиын.

– Вакциналау деңгейі бұл байланыс пайда болатындай жеткілікті емес. Басқа елдерде әсері байқалады: вакцина көрсеткіші жоғары елдерде өлім бұған аз, – дейді демограф. – Қарашаның аяғында вирус жұқтыру қазанға қарағанда екі есе төмендеді. Бұған карантин көмектесті. Бірақ қазір ауру қайта өршіп барады, жаңа толқын келе жатқандай. Ауру көрсеткіші қаншалықты өсетіні белгісіз. Жалпы, бұл коронавиурстың "омикрон" түрі ме, әлде "дельта" ма? Бір айда ауру жұқтырғандар екі есе азайды, өлім де азайып барады. Қазір мынадай болжам жасауға болады: не біз Жаңа жылға дейін осындай көрсеткіште қалып, "омикрон" "дельтамен" күреседі, жаңажылдық демалыстарда ауру жұқтырғандар азаяды, не вирус жылдам тарап, жаңа жылға дейін ауру жұқтырғандар көбейеді. Сол кезде жаңажылдық демалыста оны тоқтатуға міндетті боламыз.

Азаттық радиосы Орыс қызметінің тілшілері Виктор Федоровтың, Юлия Куликованың және Евгения Иванованың ортақ мақаласынан ықшамдалып аударылды. Мақаланың түпнұсқасы мына жерден таба аласыз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG