Accessibility links

Ресей Мәскеудегі әзербайжан диаспорасы басшысы Бахтияр Гасановты депортациялады

Мәскеудегі әзербайжан диаспорасы басшысы Бахтияр Гасанов
Мәскеудегі әзербайжан диаспорасы басшысы Бахтияр Гасанов

Ресей билігі Мәскеудегі әзербайжандардың ұлттық мәдени автономиялық қауымдастығының төрағасы Бахтияр Гасановты депортациялаған. APA агенттігінің хабарлауынша, билік өкілдері Гасановты шетел азаматтарын уақытша ұстау орталығынан (ЦВСИГ) әуежайға жеткізген.

2025 жылдың қыркүйегінде Ресейдің үкіметшіл Telegram арналары Гасановтың Ресей азаматтығынан айырылғаны туралы хабарлаған. "Агентство" басылымы Гасановқа 2019 жылы берілген паспорт "Госуслуга" мемлекеттік қызмет сайтында жарамсыз құжат деп көрсетілгенін анықтаған еді.

Гасановтың өзі Ресей азаматтығынан айырылғаны туралы ақпарат "шындыққа жанаспайтынын" мәлімдеген.

APA агенттігінің дерегінше, ресейлік күш құрылымдары 2026 жылы маусым айында Гасановты ұстап, шетел азаматтарын уақытша ұстау орталығына (ЦВСИГ) отырғызған.

Әсіреоңшыл "Многонационал" телеграм-арнасы Гасановтың ресейлік федерациялық сот орындаушылары қызметінің көлігінен түсіп жатқан видеосын жариялады. Бұл видео Мәскеу әуежайында түсірілген болуы да мүмкін.

2025 жылдың жазында Челябинск облысындағы әзербайжан диаспорасының басшысы Аршад Ханкишиев, Мәскеу облысындағы әзербайжандар қауымдастығы басшысы Елшан Ибрагимов және әзербайжандық спортшы Жавид Рзаев Ресей азаматтығынан айырылды.

Бұл Ресейдің Екатеринбург қаласында күш құрылымдары әзербайжан диаспорасының ондаған өкілін ұстаған кезде ұлты әзербайжан екі адам қаза тауып, тағы екеуі қатты зардап шеккен соң Баку мен Мәскеудің қарым-қатынасы ушығып кеткен тұста болған еді.

Ресей билігі Екатеринбургте 2001, 2010 және 2011 жылдары жасалған кісі өлтіру қылмыстарын тергеу аясында күдіктілерді ұстау шаралары жүргізілген деп мәлімдеді. Ол іс бойынша айып тағылғандар кейін 10 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге сотталды. Ең көп жыл түрме жазасын Екатеринбургтегі әзербайжан диаспорасы басшысы Шахин Шыхлински арқалады. Оған сондай-ақ ұстау кезінде билік өкілдеріне қарсыласып, күш қолданды деген қосымша айып тағылды.

Ресейлік күш құрылымдары күдіктілерді ұстау кезінде ағайынды екі адам – 60 жастағы Гусейн мен 55 жастағы Зияддин Сафаровтар қаза тапты, олар да кәсіпкерді өлтіру қылмысына күдікті саналған. Кейін Әзербайжанның сот-медицина сараптамасы ағайындылардың ажалы көптеген дене жарақаты салдарынан болған деген қорытынды жасады.

Баку бұған қарымта ретінде кремльшіл Sputnik Azerbaijan агенттігі директоры Игорь Картавых пен қызметкері Евгений Белоусовты тұтқындады, ал Әзербайжан ішкі істер министрлігі 11 ресейлік азамат ұсталғанын хабарлады. Олар Ресейде ішінара мобилизация басталғаннан кейін шетелге қоныс аударған IT мамандары болып шықты.

Ресей президенті Владимир Путин мен Әзербайжан президенті Илхам Әлиев келіссөз еткізгеннен кейін Игорь Картавых пен Евгений Белоусов қамаудан босатылып, олар Ресейге оралды. Былтыр желтоқсанда Ресейдің сыртқы істер министрлігі Әзербайжанда 11 ресейлік әлі қамауда отыр деп хабарлаған. 2026 жылдың мамыр айында олардың үшеуі күмәнді қаржыны заңдастыру айыбымен үш жылдан төрт жылға дейінгі мерзімге сотталды.

Айдар
XS
SM
MD
LG