Accessibility links

Ресей мен Иран сауданы жандандырып жатыр. Бұдан кімге қандай қауіп?

Каспий теңізінің жағасында тұрған ирандық танкер.
Каспий теңізінің жағасында тұрған ирандық танкер.

Мәскеу мен Тегеран Батыстың санкцияларына қарсы тұру үшін банк саласындағы ынтымақтастықты кеңейтіп, жүк тасымалдаудың балама бағыттарын дамытып жатыр. Дегенмен судың таяздығы, порттардың өткізу мүмкіндігінің шектеулі болуы және теңіз ережелері олардың қолын байлайды.

Саясат күтпеген одақтар құруға мәжбүрлейді дейді. Халықаралық санкциялар да осындай нәтижеге алып келетін сияқты.

Әлемде ең көп санкция салынған елдер — Ресей мен Иран. Олар Батыс үстемдік ететін экономикалық жүйелерге тәуелділігін азайтуға ұмтылып, сауда және қаржы байланыстарын тереңдетіп жатыр. Мұны ұлттық валюталарды пайдалануға, тікелей банк арналарына және балама көлік бағыттарына сүйенетін «есеппен құрылған неке» деуге болады.

Екі ел арасында экономикалық ынтымақтастық тереңдегені Каспий теңізінде айрықша айқын көрінеді: Украинадағы соғыс пен Таяу Шығыстағы шиеленіс әдеттегі сауда бағыттарын бұзып жатқан тұста, Ресей мен Иран арасындағы тасымал көлемі өсті.

Жаһандық тәуекелдерді талдаумен айналысатын Castellum компаниясының деректеріне сәйкес, Ресейге 5 мыңнан астам шектеу санкциясы салынған. Бұл -әлемдегі ең жоғары көрсеткіш. Одан кейін Иран тұр, оған шамамен 3600 санкция салынған.

«Ресейдің Украинаға басып кіруі мен Иранның тұрақсыздандырушы әрекеті бір мезгілде Еуразияның стратегиялық маңызына назар аударды әрі өңірде қалыптасқан тарихи одақтардың беріктігіне сын болды», — дейді Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының (CSIS) сарапшылары Тина Долбая мен Лия Кифф.

Ресми деректерге қарағанда, елдер арасындағы тауар айналымы көбіне ауыл шаруашылығы өніміне негізделген: Ресей Иранға астық пен өсімдік майын жеткізеді, ал Тегеран жеміс-жидек пен көкөніс экспорттайды.

Бұған қоса, Ресей металл, ағаш және машина жасау өнімдері сияқты ауыр өнеркәсіп тауарларын экспорттайды.

Дегенмен ашық коммерциялық алыс-берістен бөлек, екі ел арасындағы экономикалық қатынаста стратегиялық әскери қарым-қатынас та бар. Теңіздегі ахуалды талдайтын лондондық тәуелсіз Lloyd’s List Intelligence компаниясының деректеріне сәйкес, Каспий теңізінде Ресей мен Иран туы астында жүзетін белсенді кемелердің саны 2026 жылдың тамызында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 21 пайызға өсті.

Бұл өсім АҚШ пен Израиль Иранға соққы жасаған наурыздан кейін басталды. Кикілжің салдарынан Ормуз бұғазы арқылы жүретін кемелердің қозғалысына тосқауыл көбейді. Сәуір айында АҚШ енгізген теңіз блокадасы Ирандағы кеме қатынасын одан сайын қиындатты.

Lloyd’s List сауда деректерінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің рөлі артып келе жатқанына мән береді, дегенмен «көбіне жүктің кімдікі екенін анықтау қиын» екенін жазады.

Ресей мен Иранның «көлеңкедегі флотының» өсуін зерттеген өңірлік талдаушы Нитья Лабх бастапқыда азғантай оқшауланған мемлекет мәжбүрлі шара ретінде пайдаланған бұл әдіс ауқымды әрі аса күрделі жаһандық желіге айналды деп қорытады.

«Бағалауымыз бойынша, бүгінде «көлеңкедегі флотта» 1300-ден астам кеме бар. Бұл — әлемдегі әрбір бесінші мұнай танкері деген сөз», — дейді Лабх Азаттыққа.

Тауар айналымы өсіп барады

Маусым айында Ресейдің Ирандағы елшісі 2025 жылы екі ел арасындағы сауда көлемі шамамен 5,8 миллиард долларға жеткенін, бұл өткен жылмен салыстырғанда 21 пайызға көп екенін мәлімдеді.

Ресейдің астық нарығы саласындағы «ПроЗерно» консалтинг компаниясының деректеріне сәйкес, 2025 жылдың шілдесі мен 2026 жылдың қаңтары аралығында Иран Ресейден 1,7 миллион тонна бидай импорттаған. Салыстыру үшін: алдыңғы ауыл шаруашылығы кезеңінде бұл көрсеткіш 565 мың тонна болған еді.

CSIS-тің ғылыми қызметкері Тина Долбая ресми сауда статистикасында ауыл шаруашылығы өнімі мен азық-түлік тауарларының басым екенін атап өтеді. Дегенмен мұның бір бөлігі – әскери мақсаттағы тауарлар мен Батыс санкцияларының әсерін азайтуға тырысумен байланысты заттар.

Сарапшының айтуынша, Ресейдің Украинаға шабуылының бастапқы кезеңінде Иран Мәскеуге соққы беретін дрондар жеткізген, бірақ кейін Ресей өз өндірісін жолға қойып, бұл аппараттарды жетілдірген.

Ол сондай-ақ Ресейдің дрон бөлшектерін Каспий теңізі арқылы Иранға жеткізгені туралы мәліметтерге де назар аударады.

Балама есеп айырысу тетіктері

Бұған қоса, екі ел де Батыстың қаржы арналарына сүйенбестен өзара төлем жүргізуге ұмтылып отыр. Оларкөбіне рубльмен және риалмен есеп айырысуға көшті, банктер төлем тапсырмаларын алмасу үшін қолданатын халықаралық желі – SWIFT-ті пайдаланбастан өзара ақша жіберуге мүмкіндік беретін банкаралық қаржылық ақпарат жіберу жүйелерін біріктірді.

Russian President Vladimir Putin (right) welcomes Iranian President Masud Pezeshkian at a summit for the Gas Exporting Countries Forum in Moscow on October 27.
Russian President Vladimir Putin (right) welcomes Iranian President Masud Pezeshkian at a summit for the Gas Exporting Countries Forum in Moscow on October 27.

CSIS-тің сәуірде жарық көрген есебінде «Солтүстік — Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі осы стратегияның негізгі элементі деп аталады.

Жоспарланған автомобиль, теміржол және теңіз жолдарының желісі Ресейді Иранмен Оңтүстік Кавказ бен Орталық Азия арқылы Парсы шығанағы мен Үндістан бағытында байланыстыруға тиіс. Дегенмен бұл жобаны жүзеге асыруда инфрақұрылым және геосаясат тұрғысынан әлі де көп кедергі бар.

Бақылаудың қиындығы

Lloyd’s List Intelligence деректеріне сәйкес, Каспий бағытындағы белсенді жүк кемелерінің саны ақпандағы 105-тен тамызда 215-ке дейін өсті. Есепке қарағанда, бұл сегменттегі тасымал қабілеті өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 36 пайызға артты.

Алайда бұл дәліз негізгі теңіз жолдары арқылы өтетін бүкіл сауданы толық қамти алмайды.

Кеме қатынасының мүмкіндіктері шектеулі. Оған су деңгейінің төмендеуі, порттардың өткізу қабілетінің нашарлығы және теміржол инфрақұрылымы себеп.

Бастапқыда деңгейі өте төмен болған танкер флотының белсенділігі де артты: тамыз айында Ресей туымен шикі мұнай тасымалдайтын үш танкер тіркелді.

Lloyd’s List хабарлағандай, үш кеме де ресейлік және ирандық порттарға жақындаған кезде автоматты сәйкестендіру жүйесінің сигналдарын өшіріп, кейін бағытпен жүру барысында оларды қайта қосқан, бұл олар тасымалдайтын жүктерді бақылауды қиындатады.

Кемелер сигналды үнемі қосып отыруға міндетті емес, сондықтан олардың Каспий теңізіндегі белсенділігін бақылау айтарлықтай қиын.

CSIS зерттеушілерінің пайымынша, екі елдің балама сауда инфрақұрылымын дамытуға ұмтылуының бір себебі — санкцияларды айналып өту ниеті. Әйтсе де жаңа бағыттың пайда болуы, кеменің бақылау жүйесін өшіруі әлдебір жүк заңсыз тасымалданып жатыр дегенді білдірмейді.

Каспий арқылы әскери жүктер тасымалдануы мүмкін деген хабарлар бұл ахуалға тағы да назар аудартты.

Киев Мәскеуді бұл бағытты әскери техника тасымалдау үшін пайдаланып отыр деп айыптайды.

Соғысты зерттеу институтының (ISW) хабарлауынша, Украина санкцияға ілінген бірнеше жүк кемесіне соққы берген, өйткені олардың дерегі бойынша олар әскери жүк тасымалдаған.

ISW-тің талдау материалында бұл жасырын бағыт қорғаныс мақсатындағы өнімді, дрон бөлшектері мен оқ-дәріні тасымалдау үшін пайдаланылғаны да айтылады.

Lloyd’s List бұл тұжырымдар әлі расталмады дейді. Үкіметтердің ешқайсысы мұндай тасымал болғанын ресми түрде мойындаған жоқ.

2026 жылы Еуропа одағы «көлеңкедегі флоттың» иелеріне, операторларына және қызмет жеткізушілеріне бағытталған 20-шы санкциялар пакетін қабылдап, бақылауды күшейткенімен, сарапшы Лабх кемелерді физикалық ұстап алуға тырысқан жағдайда әскери тұрғыда елеулі қатер болуы да мүмкін дейді.

Лабх 2025 жылдың мамырында болған оқиғаны мысалға келтіреді. Эстон билігі Ресейдің «көлеңкедегі флотына» кіреді деп болжанған танкерді тоқтатуға тырысқан сәтте, Ресейдің «Су-35» жойғыш ұшағы аз уақытқа Эстонияның әуе кеңістігіне кірген.

2026 жылдың тамызында Ресей президенті Владимир Путин Ресейдің коммерциялық кемелерін басып алған Батыс елдеріне қарымта шара қолданамын деп қорқытып, мұндай әрекеттерді «қарақшылық» деп атаған.

Ресей мен Иран арасында екіжақты сауда өсіп жатқанымен, Тина Долбая Тегеранның Мәскеу үшін маңызын асыра бағаламау керек дейді.

«Батыс санкцияларына қарсы тұру жөнінде сөз болса, Ресей үшін Қытаймен ынтымақтастық Иранмен өзара әрекеттестіктен әлдеқайда маңызды», — дейді ол Азаттыққа. Қытай Ресейден энергоресурстар сатып алады, есесіне Пекин Мәскеуге Ресейдің қорғаныс саласында қолданылатын бөлшектерді жеткізеді.

Маңыздысы – Ресейдің Қытаймен сауда көлемі жылына 200 миллиард доллардан асады. Ал бұл бірнеше миллиардтаған доллармен есептелетін Иранмен арадағы сауда көрсеткіштерімен салыстыруға келмейді.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG