Ресей президенті Владимир Путин 19 мамыр кешке Қытайға ресми сапармен барды. Пекин әуежайында оны Қытай коммунистік партиясы (ҚКП) орталық комитетінің саяси бюро мүшесі және сыртқы істер министрі Ван И қарсы алып, құрметті қарауыл сап түзеді деп хабарлады "Интерфакс".
Путин сапарының негізгі бөлігі 20 мамырда өтеді. Бүгінге жоғары деңгейдегі Ресей-Қытай келіссөзі және басқа да бірқатар іс-шара жоспарланған. Сапар алдындағы видеоүндеуінде Путин "Ресей-Қытай қарым-қатынасы қазір бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті" деп мәлімдеген.
"Ресей мен Қытайдың тығыз стратегиялық байланысы жаһандық аренадағы маңызды, тұрақтандырушы рөл атқарады. Сонымен қатар, біз ешкімге қарсы емес, керісінше бейбітшілік пен жалпы өркендеу үшін бірлесе жұмыс істейміз", деген Путин Қытай лидері Си Цзиньпинді "көптен бергі жақсы дос" деп атады.
Путиннің бұл сапары ресми түрде екі ел арасындағы тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылғанына 25 жыл толуына орайластырылған.
Сарапшылар Путиннің Қытайға сапарындағы басты мақсаттардың бірі – көптен бері тоқырап тұрған «Сібір күші - 2» газ құбыры жобасын алға жылжытуды көздейтінін айтады. Мәскеу Украинаға қарсы соғыс бастағаннан кейін Еуропа елдері ресейлік газды тұтынуды күрт қысқартқан соң оның орнын толтыру үшін Қытайға бағытталған құбыр жобасы аса маңызды деп есептейді.
Ресей президенті Қытайға АҚШ президенті Дональд Трамп Пекинде болып қайтқаннан кейін бірнеше күн өткенде барып отыр. Кейін Трамп Си Цзиньпинмен келіссөздерінде Ресейдің Украинаға қарсы соғысы және Тайвань төңірегіндегі жағдайды талқылағанын айтқан.
2022 жылғы 24 ақпанда Ресей Украинаға қарсы кең ауқымды соғыс бастағаннан кейін Мәскеу мен Пекин арасындағы байланыс нығая түскен. Батыстың көптеген елдерінің, әсіресе Киевтің одақтастарының Ресеймен қатынасы өзгергеннен кейін Путин Қытайға жиі баратын болған.
Мәскеу экономикалық тұрғыдан Батыс санкцияларына ұшыраған ресейлік мұнайдың негізгі сатып алушысына айналған Пекинге қатты тәуелді болғандықтан Қытай мен Ресей арасында тең қарым-қатынас орнаған деуге келмейді деп жазды France-Presse.