Accessibility links

Дауысты қазір бер, ақшаны кейін аласың. Путиннің сайлауалды уәдесі параға жата ма?


Ресей президенті Владимир Путин "Единая Россия" партиясының өкілдерімен кездесуде.
Ресей президенті Владимир Путин "Единая Россия" партиясының өкілдерімен кездесуде.

Ресей президенті Владимир Путин сайлаушылардың 40 пайызын құрайтын зейнеткерлер мен әскери қызметкерлерге бір реттік төлем тағайындамақ. Бірақ қаржыдан тарлық көрген халыққа бұл ақша парламент сайлауы өтпей берілмейді. Оппозиция өкілдері Владимир Путин "Единая Россия" партиясының рейтингін көтеру үшін сайлаушыларды осылай сатып алмақ дейді.

Ресей президенті Владимир Путин "Единая Россия" партиясының съезіне қатысқанда қолы ашық, жайсаң адамдай отырды.

Кремльшіл партияның беделін көтеру үшін Владимир Путин мен партия лидерлері бірқатар шара қарастырған. Путин кей жаңа бағдарламаларды қолдап, тағы біразына мемлекеттен қаржы бөлу керегін айтты.

"Зейнетақыны 1000 рубльге (шамамен 6 мың теңге – ред.) көтеру жетпейді" деді ол 22 тамызда Мәскеуде өткен жиында. "Қосымша 10 мың рубльдей (шамамен 60 мың теңге – ред.) бір реттік төлем жасауды ұсынамын".

Сондай-ақ Владимир Путин әскери қызметкерлер мен курсанттарға, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне 15 мың рубль көлемінде бір реттік төлем беру керек деді.

"Бәрі тең болуы керек. Моншадағыдай" деді Ресей президенті мұндай төлем адамның дәрежесіне қарамай бәріне берілетінін түсіндіре отырып.

Путиннің бұл ұсынысына шамамен 500 миллиард рубль кетеді. Ол шығынды жаңадан сайланатын үкімет іріктеп, қаржыны биыл бөлуі керек дейді. Содан кейін билікті сынаушылар Владимир Путин "бізге дауыс беріңдер, кейін ақша береміз" деген схемамен халықтың осал топтарын сатып алмақ деп мәлімдеді.

"Путин Мемлекеттік дума зейнет жасын ұзартқан соң "Единая Россия" партиясының түсіп кеткен рейтингі мен жағымсыз образын осылай көтеруге тырысады" деді Азаттық радиосының Орыс қызметіне "Яблоко" партиясы саяси комитетінің мүшесі Александр Гнездилов.

17-19 қыркүйекте Мемлекеттік думаға жалпы 450 депутат сайланады. Бірнеше мэр мен аймақ басшысы да осы күндері анықталады. Қазір билік партиясының жағдайы мүшкіл.

Қазір "Единая Россия" партиясы 450 мандаттық Мемлекеттік думаның 336 мандатын алып отыр.
Қазір "Единая Россия" партиясы 450 мандаттық Мемлекеттік думаның 336 мандатын алып отыр.

Мемлекет қаржыландыратын ВЦИОМ институтының сауалнамасына қарағанда, "Единая Россия" партиясын халықтың 27 пайызы ғана қолдаған (15 тамыздағы жағдай бойынша). Бұл – 2006 жылдан бері ең төмен көрсеткіш. Мемлекет қаржыландыратын Қоғамдық пікір қоры (ФОМ) партияны қолдайтындар 30 пайыз деді.

2018 жылы билік партиясы зейнетақы реформасын қолдаған соң зейнет жасы ұзарды. Сондай-ақ партия былтыр конституцияға енген өзгерістерді бекітуде де рөл атқарды. Осы өзгертулерден кейін Владимир Путинге президент қызметінде 2036 жылға дейін отыру мүмкіндігі берілді. Осының бәрі халықтың ашуын туғызды.

Коронавирус пандемиясы мен оның экономикаға кері әсері де партия беделіне соққы болып тиді. Путиннің де рейтингі 60 пайыздан түсіп кетіп, 64 пайызға әрең көтерілді. "Левада-центр" тәуелсіз зерттеу орталығының дерегінше, билік партиясы Владимир Путиннің бағытына сүйенеді.

Билікке қарсы наразылықтардың бірінде "Путин – тоқырау" деген жазуы борап қорапты басына киіп алған адам.
Билікке қарсы наразылықтардың бірінде "Путин – тоқырау" деген жазуы борап қорапты басына киіп алған адам.

Қазір Путин "Единая Россия" партиясының мүшесі емес. Бірақ соған қарамастан, ол партияны қолдап жүреді. Қазір төменгі палатадағы 450 орынның 336-сын осы партияның еншісінде. Яғни, Мемлекеттік думаның басым бөлігі Путиннің бастамаларын үнемі қолдап отырады. Электораттың 40 пайызын алатын әскери қызметкерлер мен 29 миллион зейнеткерге берілетін төлем оларға мықты қолдау болар еді.

"БІР РЕТТІК ТӨЛЕМНЕН ӨЗГЕ ҰСЫНЫСТАР"

Владимир Путин сайлаушыларға бір реттік төлемнен өзге де уәделер берді.

Жиын барысында ол ынталандырудың басқа да жолдарын, оның ішінде қорғаныс министрі Сергей Шойгу Сібірді дамыту бағдарламасы аясында ұсынған бес жаңа қала салу, аймақтардағы тұрғын үй бағдарламаларына 45 миллиард рубль бөлу, орман өртімен күреске 24 миллиард рубль жұмсау, Ресей авиация секторын жаңғырту секілді шараларды айтты.

Ресей президенті Владимир Путин сыртқы істер министрі Сергей Лавров (сол жақта) пен қорғаныс министрі Сергей Шойгуды (оң жақта) қабылдап отыр.
Ресей президенті Владимир Путин сыртқы істер министрі Сергей Лавров (сол жақта) пен қорғаныс министрі Сергей Шойгуды (оң жақта) қабылдап отыр.

Оның сөзінше, осының бәрін партия 2022 жылғы бюджет пен 2023-2024 жылдардағы бюджет жоспары аясында жүзеге асыруға тиіс. Мұны айтқанда ол "Единая Россия" өз орнында қалады деп ойлаған болар.

"Биліктегі саяси күш елдегі проблеманың бәріне жауапты екенін білемін" деді шілдеде баласы бар отбасыларға алимент төлеу туралы жарлыққа қол қойған Путин. "Мұның бәрі үнемі сіздердің мойныңызға жүк болады. Бірақ осы күнге дейін сіздер жауаптылық танытып, бағдарлама жүзеге асып жатты".

Билік сыншылары мен қазір түрмеде отырған оппозиция өкілдері Кремльдің бұл қадамын сынға алды.

"ЖҮРЕК АЙНЫТАТЫН ӘРЕКЕТ"

Көбі "Путин мен Думадағы бюджет комитетінің басшысы Андрей Макаров айтқандай, Ресей экономикасы "қалпына келген болса", мұндай шаралардың не қажеті бар деп сұрап жатыр.

– Бұл төлемдерге тек экономикалық тұрғыда қарайтын болсақ, олардың еш мәні жоқ, – деді 24 тамызда Telegram желісіндегі "Кремлевский мамковед" каналы.

"Открытая Россия" демократияшыл қозғалысының бұрынғы атқарушы директоры Андрей Пивоваров "Единая Россия" партиясының "сайлауалды науқан туралы өз түсінігі бар дейді.

– Бәсекелестерді отырғызу, электоратқа ақша тарату, – деп жазды ол Twitter-де.

Ресейлік журналист Дмитрий Колезев Telegram каналында "режим сүйенетін әскерилер, полицелер секілді адамдарды тыныштандыру" қажет болғанын айтады. "Жеме-жемге келгенде наразылық акцияларында адамдарды тарқартатын солар емес пе?" деп жазды ол сарказммен.

Халық азаттығы партиясы төрағасының орынбасары, танымал тарихшы Андрей Зубов мұның бәрі "жүрек айнытатын ескірген" әрекет екенін, бұл әдіс бір нәрсе беріп, оның орнына басқа нәрсе сұрайтын совет кезеңінде өскен адамдарға бағытталғанын айтады.

"Өкінішке қарай, үлкен буын садақаның бір мәні барына үйренген" дейді Зубов оларды ақша алуға лайық екенін айта келе. "Жас буын басқа, олар қайыр-садақаны қажет етпейді деп ойлаймын. Олар өз өмірін сүріп, ақша тауып, бизнеспен айналысқысы келеді".

"Яблоко" партиясының өкілі Гнездилов Путиннің уәдесі адамдар зейнет жасы ұзарғанда батқан шығынның, коронавирус пандемиясынан кейінгі дағдарыстың, Қырымды аннексиялау мен Грузияның Абхазия мен Оңтүстік Осетиядағы сепаратистік ұйымды қолдауға кеткен шығынның орнын толтырмайтынын мәлімдеді.

"Адамдар ақшаны алады" дейді ол Азаттық радиосына. Бірақ олардың "Единая Россия" мен Путин турлы пікірі өзгеруі екіталай".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG