Ресейдің Орынбор облысындағы Қазақстанмен шекарадағы "Сагарчин" өткізу-бақылау бекетінде 500-ден астам Тәжікстан азаматының Ресейге өте алмай тұрғанына аптадан асқан. Азаттықтың Тәжік қызметінің (Озоди радиосы) дерегінше, Ресей шекарашылары еш себебін түсіндірместен оларды кіргізбей қойған. Адамдар көлікте қонуға мәжбүр, арасында әйелдер мен балалар да бар, ал билік болса оларға жәрдем танытуға асығар емес деп хабарлады Озоди радиосы.
Айтуларынша, Ресейде тұрып жатқан бұл адамдардың көбі сол елде болу мерзімін ұзарту үшін Қазақстан аумағына уақытша өтіпті. Бұл – Тәжікстаннан Ресейге жұмыс істеуге барған мыңдаған еңбек мигрантының әр 90 күн сайын жасайтын әрекеті. Ресей заңы оларға 90 күннен аспайтын мерзімге ғана визасыз жүріп-тұруына рұқсат етеді. Алайда бұл жолы олар Қазақстанға шығып кетіп, кейін Ресейге қайта оралмақ болған кезде Ресейдің шекара қызметі кіргізбей қойған, себебін түсіндірмеген.
"Кейбір жігіттер мұндай бір аптадан бері тұр. 200 көлік өте алмай тұр. Өзбекстандықтар өтті, қырғызстандықтар да өтті, себебі олардың елшіліктерінің өкілдері көмекке келді. Ал бізден ешкім жоқ", – деді 8 сәуірде Озоди тілшісі сөйлескен, аты-жөнін атамауды өтінген тәжік мигрант.
Қырғызстан тарапының өкілдері өз азаматтарына әлгіндей шектеуді Ресей жағы минералды тыңайтқыштар контрабандасы әшкере болуына байланысты шекарадағы бақылауды уақытша күшейткен деп түсіндірген. Алайда тәжік мигранттар ондай ресми ақпарат алмағанын айтып, алда не болатынын, әлі қанша күтуге тура келетінін біле алмай әрі-сәрі күйде отыр.
Тәжікстанның дипломаттарымен байланыс орнату да мүмкін болмай отыр. Озоди тілшілері Тәжікстанның Қазақстандағы елшілігіне бірнеше мәрте телефон соққанымен ешкім жауап бермеді.
Шекарада бөгеліп тұрған адамдардың кейбірі Тәжікстаннан Ресейге жеке көлігімен жолға шыққан, ал енді біреулері Ресейде визасыз жүру мерзімін ұзарту үшін Қазақстанға уақытша шығып, содан кейін Ресейге кері оралмақшы болған кезде шекарадан өте алмай қалған.