Accessibility links

Ресей Қытайға газды санкцияға іліккен терминалдан алғаш рет жөнелтті


Ресей Қытайға сұйылтылған табиғи газдың бір партиясын Балтық теңізіндегі терминалынан жөнелтті, деп жазды Bloomberg пен Reuters кемелер қозғалысын бақылау деректері мен London Stock Exchange Group желісінің мәліметтеріне сүйеніп. Аталған терминалды биыл қаңтар айында АҚШ Қаржы министрлігі санкция тізіміне қосқалы бері Ресей Қытайға ол жерден алғаш рет газ жөнелтіп отыр.

Тамыздың аяғында АҚШ-тың санкция тізімінде тұрған НОВАТЭК-тің "Арктик СПГ-2" терминалы да Қытайдың Бэйхай қаласына отын жөнелте бастаған деп жазды Reuters. Агенттік дерегінше, компания сұйылтылған табиғи газын Қытайға 30-40% арзан бағамен берген.

Ресейдің Қытайға сұйылтылған табиғи газ экспортының жалпы көлемі – санкцияға ілінбеген зауыттардан жөнелтілген газды қоса есептегенде – 2025 жылдың қыркүйек–қараша айларында былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда шамамен 14% өскен дейді Bloomberg. Біржақты санкцияларды мойындамайтын Пекин кейінгі айларда Ресейден көбірек отын сатып алып жатыр.

Ресейдің энергетика министрі Сергей Цивилёв қазан айында Ресей Қытайға сұйылтылған газ сатуды көбейтуді жоспарлап отырғанын, ал газды негізінен "Арктик СПГ-2" және "Сахалин-2" зауыттары жеткізуге тиіс деп мәлімдеген.

Мәскеу өзіне енгізілген санкцияларды "заңсыз" деп есептейді.

XS
SM
MD
LG