2025 жылғы қаңтар айынан қарашаға дейінгі кезеңде Ресей соттары 100 адамды өмір бойына бостандығынан айыруға үкім шығарған. Мұндай ақпаратты Ресей федерациясы Жоғарғы сотының баспасөз қызметі дерегіне сүйеніп ТАСС агенттігі хабарлады.
Бұл кейінгі 20 жылда Ресейде сот бір жыл ішінде шығарған осындай жаза түрі бойынша ең жоғары көрсеткіш болып отыр. Бұған дейін ең көп үкім 2005 және 2012 жылдары тіркелген – әр жолы 84 үкім шығарылған. Ал жалпы 2005-2024 жылдар аралығында Ресей соттары осындай 1316 үкім кескен.
ТАСС мәліметінше, Ресейде кейінгі бірнеше жылда өмір бойына бостандығынан айыру жазасы Қылмыстық кодекстің тағы бірнеше бабына енгізілген. Атап айтқанда, мемлекетке опасыздық жасау, террорлық акті ұйымдастыру немесе оны жасауға тарту туралы баптарда осындай жаза көзделген.
"Первый отдел" құқық қорғау жобасының деректеріне сүйенсек, Ресей Украинаға қарсы кең көлемді соғыс бастағалы бері ресейлік соттар мемлекетке опасыздық жасау пен тыңшылық баптары бойынша мыңнан астам үкім шығарған. 2025 жылдың өзінде мұндай үкім саны 468-ге жеткен, бұл 1997 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Зерттеуде атап өтілгендей, кең ауқымды соғыс басталғалы бері мемлекетке опасыздық жасау, тыңшылық және құпия ынтымақтастық туралы баптар Ресейде саяси қуғын-сүргіннің негізгі құралдарының біріне айналған.