Accessibility links

Дудьтың "Орыс еріктілер корпусы" жетекшісімен сұхбаты: Ресей тергеу комитеті тексеруді тапсырды

Юрий Дудь
Юрий Дудь

Ресей тергеу комитетінің басшысы Александр Бастрыкин Украина жағында соғысып жүрген "Орыс еріктілер корпусының" жетекшісі Денис Капустиннен сұхбат алған журналист Юрий Дудьтың әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырды. Бұл жөнінде 3 сәуірде тергеу комитеті хабарлады.

Капустинмен видеосұхбат жуырда жарияланған және соғысқа қарсы комментаторлар арасында үлкен резонанс туғызды.

Тергеу комитетінің хабарлауынша, "видеороликте тыйым салынған адамгершілікке жат идеологияға оң баға беріледі, адамдарға ұлтына қарап күш көрсетуді популяризациялау белгілері бар". Бұған қоса, комитеттің айтуынша, Капустин елде сырттай өмірлік түрме жазасына кесілген. Осыған орай Бастрыкин ведомствоның бас тергеу басқармасына "жарияланған материалдарды зерттеп, блогердің әрекетіне құқықтық баға беруді" тапсырды.

Ресейден тыс елде тұратын Юрий Дудьтың өзін бұрын Ресей билігі "шетел агенті" деп таныған және "шетел агенті" заңына сәйкес, талаптарды орындамағаны үшін сырттай түрмеге кесілген.

Орыс еріктілер корпусы Ресейде террористік ұйым деп танылған. Оған қатысы бар делінген адамдар "терроризм" немесе "мемлекетке опасыздық жасау" бабы бойынша ұзақ жылға сотталады.

Дудьпен сұхбатта "Орыс еріктілер корпусының" жетекшісі 2023 жылы Брянск облысындағы рейдке ұйым өкілдері қалай қатысқанын баяндайды. Ресей билігі оны теракт деп атаған. Капустин сонымен бірге өзінің әсіреоңшыл саяси көзқарасы туралы да айтады. Соғысқа қарсы комментаторлардың бір бөлігі Капустиннің сөздеріне скептицизм танытса, соғысты қолдайтын блогерлердің бір бөлігі Дудьтың өзіне шүйлігіп, оны "терроризмді ақтады" деп айыптады. Сұхбат бір тәуліктің ішінде 2,5 млн рет қаралды.

This item is part of
XS
SM
MD
LG