Accessibility links

Ресей түрмелерінде жазасын өтеп жатқан тәжік азаматтары Душанбеден көмек сұрады

Ресейдің Волгоград қаласындағы түрмеде жазасын өтеп жатқан Тәжікстан азаматтары мекеме қызметкерлері оларға қатты қысым көрсетіп, Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасасуға мәжбүрлеп жатқанын мәлімдеді. Олар Тәжікстан билігінен өздерін елге қайтару үшін тиісті шара қабылдауды сұрады.

29 қазанда олардың екеуі Азаттықтың Тәжік редакциясына хабарласып, Орталық Азия елдерінен келген 150-ге жуық тұтқынға, соның ішінде Тәжікстанның шамамен 60 азаматына қазір қатты қысым көрсетіліп жатқанын айтты.

«Азоди» редакциясына тұтқындардың аты-жөндері белгілі, алайда олардың қауіпсіздігі үшін ақпаратты жарияламауды ұйғарған. Тәжік тұтқындарының айтуынша, олар ұялы телефонды әрең тауып, Тәжікстанның Ресейдегі елшілігімен байланысқа шыққан.

«Елге қайтқымыз келеді. Жазамызды өз елімізде өтеуге дайынбыз. Тіпті Рогун су электр станциясында ақысыз жұмыс істеуге де келісеміз. Ал мұнда бізді өлімге тастап кетеді» деді тұтқындардың бірі.

30 қазанда «Азоди» редакциясы Мәскеудегі Тәжікстан елшілігіне телефон арқылы хабарласып көрді. Алайда дипломатиялық өкілдікте журналистердің қоңырауына ешкім жауап бермеді.

Тәжік тұтқындарының айтуынша, Волгоград түрмесінде Орталық Азия елдерінен шыққан азаматтардың басым бөлігі есірткіге қатысты қылмыстар, жұмысқа орналасу немесе тұруға рұқсат алу кезінде құжат рәсімдеудегі алаяқтық, экстремизм және бұзақылық айыптары бойынша жазасын өтеп жатыр. Олардың көбі өздеріне тағылған айып қолдан жасалғанын айтады.

«Азодимен» сөйлескен тұтқындардың мәліметінше, қазір Орталық Азия елдерінің азаматтары «БУР» (күшейтілген режимдегі барак — ред.) және «СУС» (қатаң тәртіптегі камералық үлгідегі орын — ред.) деп аталатын, қауіпті тұтқындарға арналған қатаң режимдегі арнайы блоктарда ұсталып отыр.

Олардың айтуынша, соңғы бір жылда Волгоградтағы бір түрмеден Украинадағы соғысқа Орталық Азияның 100-ден астам азаматы жіберілген, шамамен 40-ы — Тәжікстан азаматтары.

«Біздің білуімізше, олардың ешқайсысы аман қалмаған» дейді тәжік тұтқындары.

Ресей түрмелерінде жазасын өтеп жатқан Тәжікстан азаматтары Душанбеден өздерін елге қайтаруға көмектесуді алғаш рет сұрап отырған жоқ.

2023 жылғы қыркүйекте Қазан қаласында тәжік тұтқындары Тәжікстанның дипломатиялық өкілдіктері мен билігіне өтініш жасап, елге қайтаруды сұраған. Олар Украинадағы соғысқа күштеп жібереді деп қауіптенген.

2026 жылдың көктемі мен жазында Ресейдің адам құқықтары жөніндегі уәкілі Татьяна Москалькова Тәжікстан билігіне Ресей колонияларында жазасын өтеп жатқан шамамен 200 тәжік әйелді жазасының қалған бөлігін өз елінде өтеу үшін қайтару мәселесін қарастыруды ұсынған.

Биыл қаңтарда Ресей әділет министрлігінің отырысында сөйлеген Москалькова Орталық Азия елдерінен шыққан әйелдерден елге ауыстыруды сұрап өтініштер жиі түсетінін айтқан. Алайда заңнамалардағы айырмашылықтар мен құжаттарды қарау мерзімінің ұзақтығына байланысты бұл рәсім созылып кетеді.

Украинаның «Хочу жить» мемлекеттік жобасының мәліметінше, 2022 жылдан бері Ресей Украинадағы соғысқа Тәжікстанның кемінде 5 308 азаматын жіберген. Жүздеген тәжік азаматы қаза болған. Украинадағы соғысқа тартылған азаматтардың саны бойынша Тәжікстан Орталық Азия елдері арасында Өзбекстаннан кейін екінші орында тұр.

Украина жағы Ресей әскері қатарында соғысқан Тәжікстанның қаза болған 446 азаматының аты-жөнін жариялаған. Мониторинг авторлары бұл тізім толық емес екенін, ал шын мәнінде қаза тапқан және хабар-ошарсыз кеткен тәжікстандықтардың саны бірнеше мыңға жетуі мүмкін екенін атап өтеді.

Зерттеушілердің мәліметінше, Ресей әскері қатарына тартылған тәжік азаматтың қаза тапқанға дейінгі орташа қызмет ету мерзімі шамамен 140 күн болған. Ең қысқасы — 7 күн.

Тәжікстан ішкі істер министрлігі мен бас прокуратурасының мәліметінше, Украинадағы соғысқа қатысқаны үшін елде осы уақытқа дейін бірде-бір қылмыстық іс қозғалмаған және бірде-бір азамат жауапқа тартылмаған. Дегенмен Тәжікстан заңнамасында шетелдегі соғысқа қатысқандарға жауапкершілік қарастырылған.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG