Украинаның батысындағы Львов қаласына сейсенбі күндіз болған дрон шабуылынан зардап шеккендер саны 22 адамға дейін артты. Мұндай мәліметті қала әкімі Андрей Садовый келтірді. Бұған дейін жергілікті билік шабуылдан екі адам ауыр жарақат алғанын хабарлаған.
Дронның бірі қала орталығындағы Собор алаңында орналасқан шіркеу маңындағы ғимаратқа түсті.
ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне кіретін нысан зардап шегуі мүмкін екені айтылды. Кейін облыстық әскери әкімшілік басшысы Максим Козицкий ұлттық маңызы бар сәулет ескерткіші – Бернардин монастыры зақымданғанын айтты. Ғимарат Львовтың тарихи аймағында, Собор алаңында орналасқан. Зақым деңгейін мамандар анықтайды деді Козицкий.
«РБК-Украинаның» хабарлауынша, Львовта дрондар Собор алаңы мен оның маңындағы тұрғын үйлерге түскен. Кей үйлерде өрт шыққан.
Шабуыл қарсаңында Украина қарулы күштері Ресей дрондары Львов облысына қарай келе жатыр деп ескерткен.
Сейсенбі күнгі шабуыл Украинаның батысындағы басқа да облыстарды, сондай-ақ елдің түрлі өңірлерін қамтыды.
Ивано-Франковск қаласында екі адам қаза тауып, тағы төртеуі, оның ішінде алты жасар бала жараланған. Қалалық және облыстық перзентхана ғимараттары, сондай-ақ шамамен 10 тұрғын үй зақымданған. Бұл жөнінде облыстық әкімшілік басшысы Светлана Онищуктың Telegram-арнасында хабарланды.
Винница облысында Ресейдің дрон шабуылы салдарынан бір адам қаза тауып, 11 адам жараланған. Мұны өңірдің әскери әкімшілік басшысы Наталья Заболотная айтты.
Әдетте Ресей Украинаға түнде шабуыл жасайды, бұл әуе қорғанысы, мобильді атыс топтары мен тосқауылдаушы дрондардың жұмысын қиындату үшін жасалады, бұл жолы ауқымды шабуыл күндіз болды.
Алдыңғы түн де тыныш өтпеген. Бірнеше облысқа әуе шабуылынан 5 адам қаза тапқан еді.
Украина әуе күштерінің сейсенбі кешке жариялаған қорытындысы бойынша, 24 наурызда Ресей Украинаға басып кіргелі бергі ең ауқымды дрон шабуылдарының бірін жасаған. Таңғы 9-дан кешкі 18:00-ге дейін Ресей әскері 556 соққы беретін ұшқышсыз аппарат ұшырған. Ал 23 наурыз кешкі 18:00-ден бастап есептегенде, бір тәулікте Ресей «Shahed» типті және басқа да дрондардың шамамен мыңға жуығын қолданған.