Accessibility links

"Кетеміз бе, әлде өлеміз бе?" Ресейде дәрі-дәрмек жетіспей жатыр


Новосібір қаласындағы дәріхана.
Новосібір қаласындағы дәріхана.

Ресейде қант диабетін, Паркинсон ауруын, омыртқа мен қуық ауруын емдейтін препараттар мен гормон дәрілері жетіспей жатыр. Елде шетелдік препараттар қат болып, отандық өнімдер қымбаттап жатса, шенеуніктер дәрі-дәрмек тапшылығы жоқ деп отыр. Тіпті, өз бетімен шетелден дәрі алдырмақ болғандарға енді айыппұл салынуы да мүмкін.

ҚАНТ ДИАБЕТІ

– Даниялық инсулиннің орнына "РинФаст" берді де, "Беріп тұрғанымызды алыңыз, әлде бас тартыңыз" деп айтты, – дейді Иркутск облысының Ангарск қаласында тұратын Талғат Ф. – Бұл – препаратты толығымен алмастыру деген сөз. Дозасы басқа болады, "нұқып" отырып таңдауға тура келеді. Бұл диабетке шалдыққан адамның комаға түсу қаупін арттырады. Стандарт бойынша, препарат ауыстыратын кезде ауруханаға жатқызып, дәрігерлер бақылауға алуы қажет. Бірақ ауруханаға қол жеткізу қайда?

Бұған дейін шетелдік өндірушілер бұл маңызды препаратты жіберуді тоқтатпайтынын, бірақ жарнама мен Ресейдегі клиникалық зерттеулерді инвестициялауды доғаратынын айтқан. Дегенмен импорт инсулиннің жетпей жатқанын дәрігерлер де растап отыр. Ал Ленинград облысындағы аурухана дәріханаларында ресейлік инсулиннің өзі тапшы.

– Дәрігер ресейлік биосимилярға көшірмек болды, сондықтан өз қалтамыздан [даниялық] "НовоРапид" алып жүрміз. Дәріханаларда жоқ, хабарландыру арқылы сатып алып жатырмыз. 2010 жылдары әкем бірнеше айға ресейлік инсулинге көшкен еді, жағдайы нашарлап кетті. Дозасын таңдау кезіндегі ондаған команы есептемегенде, жанама әсері көп болды. Тіпті, аяғын ампутациялау мәселесі көтерілді. Прокуратура мен сотпен қорқытып жүріп, шетелдік инсулинді алдық. Енді тағы қайталана ма? Дәрігер дәріханаларда жоқ деп, рецепт жазып бермей отыр, – дейді Выборг қаласында тұратын Анастасия К.

Инсулин дәрісін алдыруды талап етіп пикетке шыққан әйел. Петрозаводск, Ресей.
Инсулин дәрісін алдыруды талап етіп пикетке шыққан әйел. Петрозаводск, Ресей.

Петербург ауруханасында істейтін дәрігерлердің бірі дефицит өндірушілер кесірінен емес, логистика қиындықтарынан туындаған дейді.

– Тапсырыстар наурызда шекарадан өтіп үлгермеді. Кемінде бір жарым ай тұрып қалды, себебі инсулинді жеткізу талаптарына тек әуе тасымалы сай келеді, ал наурыздан бастап көбін "құрлыққа" жіберді, дейді эндокринолог.

УРОЛОГИЯ

Сібірдегі Новосібір, Омск, Алтай аймақтарының тұрғындары АҚШ-та шығарылатын "Дриптан" урологиялық препаратына қол жеткізе алмай жүргенін айтады. Бұл – Spina Bifida (омыртқа дамуының кемістігі) мен қуық ауруына шалдыққан 14 жасқа толмаған балаларға беруге рұқсат етілген жалғыз препарат.

– Таблеткаларды бір-бірімізге поштамен жіберіп жатырмыз. Аз уақыт ішпесе, бүйрек ауыра бастайды, тіпті, түгел істемей қалуы мүмкін. Ресей денсаулық министрлігі препаратты өмірлік маңызы бар дәрілер қатарына қосудан бас тартып отыр. Яғни, Ресейге дұрыс жеткізілмей жатқанына бізден, яғни, ата-аналардан басқа ешкім мән бермейді деген сөз, дейді Алтай тұрғыны Марина Левченко.

"Дриптан" наурыздан бері дұрыс жеткізілмей жүр дейді ата-аналар. Тапсырыстарды жеткізуші мен өндіруші олардың сұрақтарына жауап бермеген.

ПАРКИНСОН АУРУЫ

Паркинсон ауруына шалдыққан адамдарға қажет препараттар да жетіспей жатыр дейді емделушілер мен оларды туыстары. Новосібір қалалық кеңес депутаты Антон Бурмистров Паркинсонға шалдыққан туысы наурыздан бері құрамында леводоп бар дәрі-дәрмек ала алмай жүргенін айтты.

Оған "Росздравнадзор" (денсаулық сақтау саласын бақылау жөніндегі федералдық қызмет) басшысы Елена Хрусталева "күмәнді ақпарат таратқаны үшін жауапқа тартылатынын" айтып сес көрсетті.

Жауапты орган редакция сауалына деводоп 14 тамызға дейін жеткізіледі деп жауап берді. Бірақ жарты жыл бойы препараттың неліктен жетіспегенін түсіндірген жоқ.

ГОРМОН ДӘРІЛЕРІ

Ресейдің кемі он екі аймағында тұратын әйелдер гормон препараттарына қол жеткізе алмай жатқанын айтқан. Олар "Прогинова", "Эстрожель", "Дивигель" препараттарын ала алмай жүрміз дейді. Бұл дәрілер бедеулік, жүктілікті жоспарлау және жасанды жолмен ұрықтандыруға (ЭКО) дайындалу барысында тағайындалады. Өзіміз сатып алайық десек, бұл препараттар дәріханаларда да жоқ дейді олар.

Акушер-гинеколог Марина Семенова жүктілік, менопауза, ЭКО бағдарламасы кезінде көбіне шетелдік дәрі-дәрмек жазылатынын айтады.

– Министрлікке сауал жолдадым. "Бұл өмірлік маңызы бар дәрі емес, дәрігер оны алмастыратын дәрі жазып берсін" деген жауап алдым. Бірақ Ресейде "Прогинова" препаратының аналогы жоқ. Яғни, ЭКО жасауға дайындалып жүргендерге одан бас тартуға тура келеді. Эмбриондарды салуға үш ай қалды. Бұған дейінгі еңбегімнің бәрі зая кетпесін деп жер-көктен іздеп жүрмін, – дейді ол.

– Ойланып қарасақ, бүкіл елді ЭКО-сыз қалдырайын деп тұр. Мыңдаған отбасы балалы болу мүмкіндігінен айырылды. Сонда да саспай, "Бұл маңызды дәрі емес дейді", – деп ашынды Иркутск қаласында тұратын Алина К.

ҚЫМБАТШЫЛЫҚ

Емделушілер кей препараттар жетіспей жатқанда, қолда бар дәрілердің өзі қымбаттап кетті дейді.

– Жүрек ауруына шалдыққандарға арналған дәрілер орташа есеппен елу пайыз қымбаттаған. 70 пайыз қымбаттағандары да бар. Ең арзаны қан қысымына қарсы дәрінің бұрынғы бағасына отыз пайыз қосылған. Зейнеткер үшін дәрі-дәрмекке тағы елу пайыз шығын шығару дегеннің не екенін елестетіп көріңізші? Онсыз да зейнетақымыздың жартысы дәрі-дәрмекке кетеді ғой, – дейді Барнаулда тұратын Сергей Лепишев.

Дәріхана. Архив суреті
Дәріхана. Архив суреті

Ресей өңірлерінде дәрі-дәрмектің бірнеше есе қымбаттағанын елдің бас прокуроры Игорь Краснов да растады. Бірақ ол бұған "саудагерлердің ашкөздігі" себеп болғанын айтты.

Ресей Украинаға басқыншылық жасап, халықаралық санкциялардың астында қалды. Содан кейін Ресейде дәрі-дәрмек жетіспей, халық дүрлігіп кетті. "Честный знак" жүйесі наурызда жүрек қан тамыры ауруларын, асқазан-ішек аурулары мен ауырсынуды басып, дене қызуын түсіретін препараттарға сұраныс артты дейді.

Бір қызығы, шетелдік дәрі жетіспей, ресейлік препараттар қымбаттап жатқанда, билік Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған, бірақ Ресейде тіркелмеген шетелдік дәрілерді елге әкелген азаматтарға айыппұл салатынын мәлімдеді. Ресей әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде дәрі-дәрмекті кіргізуге рұқсат беретін бап бар. Бірақ мемлекеттік думада бұл ережеге өзгеріс енгізетін заң жобасы әзірленгіп жатыр. Ол қабылданса, шетелдік дәрілерді әкелген немесе оған онлайн тапсырыс берген азаматтарға 75-200 мың рубль, кәсіпкерлерге 150-600 мың рубль, компанияларға 2-6 млн рубль айыппұл салынуы мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG