Мәскеудегі "Матросская тишина" тергеу абақтысында 2024 жылы "Крокус Сити Холл" концерт орталығында болған теракт ісі бойынша өмір бойына сотталған ер адам қазаға ұшырады. Ресейдің Федералдық жазаны атқару қызметінің (ФСИН) Мәскеу басқармасы сотталған адам суицид жасады деп хабарлады.
ФСИН мәліметінше, оқиға орнында дәрігерлер шұғыл шаралар жасағанымен тұтқынды аман алып қалу мүмкін болмаған. ФСИН қазір қызметтік тексеру жүргізіліп жатқанын айтты. Ресми мәлімдемеде марқұмның аты-жөні аталмады.
Ресейлік бірнеше БАҚ пен құқық қорғау органдарына жақын дереккөздер қазаға ұшыраған адам – 37 жастағы Тәжікстан азаматы Якубжони Давлатхон Юсуфзода деп хабарлады. Ол – 2026 жылғы наурызда Мәскеу әскери сотының үкімімен "Крокус Сити Холл" концерт залына 2024 жылы жасалған шабуылды қаржылай қолдаған деген айыппен өмір бойына бостандығынан айырылған 15 адамның бірі.
Тергеу материалдарына сәйкес, Юсуфзода шабуыл жасаған қарулы топ мүшелерінің Мәскеу маңында тұруына жұмсалған шығындарын жабуға ақша аударған, сондай-ақ шабуылдан кейін орындаушылардың біріне қаржы жіберген. Оның өзі концерт залына жасалған шабуылға тікелей қатыспаған.
Бұл оқиға Ресейдегі кейінгі жылдардағы ең ірі терактілердің бірі бойынша шығарылған үкімнен бір ай өтпей жатып болды. 2026 жылғы 12 наурызда Мәскеу әскери соты шабуылды тікелей жасаған төрт адамды және оларды қолдады деп танылған 11 айыпталушыны өмір бойына соттаған еді. Тағы төрт адам 20 жылдан астам мерзімге түрмеге жабылды.
2024 жылғы 22 наурызда Мәскеу түбіндегі Красногорск қаласындағы "Крокус Сити Холл" концерт кешеніне қарулы адамдар басып кіріп, көрермендерге оқ жаудырып, кейін ғимаратты өртеп жіберген. Соңғы нақтыланған дерек бойынша, шабуылдан 149 адам қаза тауып, 600-ден астамы жараланған. Бұл шабуылды "Ислам мемлекеті" террор ұйымының Ауғанстандағы тармағы саналатын "Хорасан уәлаяты" тобы мойнына алған.
Ресейлік "Коммерсант" басылымы осы іс бойынша өмір бойына сотталған тағы бір адам – Жабраил Аушев те өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенген деп жазды. Алайда кейін ФСИН бұл ақпаратты жоққа шығарып, ол соңғы рет ондай әрекетті 2025 жылдың қарашасында жасаған деп мәлімдеді.