Ресейде Telegram мессенджерінің трафигі "қазірдің өзінде құрып бара жатыр". Мұндай мәлімдемені Ресей өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлері одағы съезінде "Ростелеком" президенті Михаил Осеевский айтты.
Осеевский Telegram-ды WhatsApp мессенджерімен салыстырып, оның трафигі "мүлде жоғалғанын" айтты. Шетелдік мессенджерлер біртіндеп нарықтан кетіп, есесіне ресейлік Max қосымшасының аудиториясы өсіп жатыр деді ол.
"Max қарқынды түрде өсіп келеді, трафигі жылдам артып жатыр", – деп мәлімдеді Осеевский.
Max қосымшасын жасап шығарған VK компаниясының мәліметінше, 2026 жылғы наурызда мессенджердің күнделікті аудиториясы 77 миллионнан асқан. Компания дерегіне сай, іске қосылғаннан бері өткен бір жыл ішінде қосымшада 107 миллионнан астам қолданушы тіркелген, соның ішінде шамамен 5 миллионы – шетелдік қолданушылар.
Кейінгі уақытта Ресей билігі Telegram мессенджері жұмысына шектеулер енгізіп жатыр. Кейбір мәліметтерге қарағанда, сәуір айына қарай бұл ресурс Instagram және Facebook сияқты толық бұғатталуы мүмкін. Сонымен қатар, елде тек рұқсат етілген сайттар ғана жұмыс істейтін "ақ тізім" қағидаты бойынша интернетті тестілеу жүргізіліп жатыр.
10 ақпанда "Роскомнадзор" Telegram және басқа да мессенджерлерге қатысты шектеу шараларын жалғастыру туралы шешім қабылдағанын хабарлаған. Реттеуші мекеме ол мессенджерлер Ресей заңдарын бұзған деп мәлімдеген.
23 наурызда Мәскеудің Таган аудандық соты тыйым салынған ақпаратты жоймағаны үшін Telegram-ға 10,5 миллион рубль айыппұл салды. Бұған дейін, 16 наурызда, мессенджер осындай бес құқықбұзушылық дерегі бойынша 35 миллион рубль көлемінде айыппұл төлеген.
25 ақпанда Ресей соты Telegram-ды тыйым салынған контентті бақылау және оны шектеу міндеттерін қайтадан орындамағаны үшін кінәлі деп танып, тағы 7 миллион рубль айыппұл салған.