Мәскеу қалалық соты журналист Дарья Шипачеваны мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен 12 жылға бостандығынан айырды. Бұл туралы "Медиазона" жазды.
T-invariant басылымы дереккөздерінің мәліметінше, 35 жастағы журналисті мұндай айыппен соттауға оның Украинадағы бір адамға ақша аударғаны себеп болған. Шипачева Украинада туған және туыстарының көбі сол елде тұрады дейді басылым.
Билік өкілдері Шипачеваны 2025 жылғы 23 сәуірде Мәскеудегі пәтерінен ұстаған. "Медиазона" сөйлескен журналистің достары түн ішінде пәтерге "арнайы жасақ өкілдері баса-көктеп кіріп барғаннан" кейін Шипачевамен байланыс үзілгенін айтқан.
Әуелгіде Шипачеваны Дон өзені бойындағы Ростов қаласындағы тергеу абақтысына жөнелткен, кейін Мәскеудегі "Лефортово" түрмесіне ауыстырған.
Журналистің құрбылары Шипачева ұсталар алдында әлдекімдер оған қоқан-лоқы жасағанын айтты деп хабарлады "Настоящее Время" арнасы мен T-invariant.
Айып тағылғаннан кейін Шипачева тергеумен мәміле жасасқан, ал сот қылмыстық істі шамамен бір жарым сағатта қарап, үкім шығарған.
Дарья Шипачева ғылыми, медициналық және әлеуметтік тақырыпта мақалалар жазған журналист ретінде белгілі.
"Вёрстка" басылымының дерегінше, Мәскеу Украинаға қарсы кең ауқымды соғыс ашқалы бері Ресейде кемінде 1904 адамға мемлекетке опасыздық жасады, тыңшылықпен айналысты және шетелдік мемлекетпен ынтымақтастық орнатты деген айыптар тағылған. Олардың 1498-нің аты-жөні белгілі деп жазды басылым.
2026 жылдың алғашқы жартысында Ресейде мұндай істер бойынша 312 адам сотталған, яғни бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 43 адамға көп. Айып тағылғандардың тек 4 пайызының мемлекеттік құпияға жататын деректермен жұмыс істеуге рұқсаты болған, ал үштен бірі – кездейсоқ адамдар дейді құқық қорғаушылар.