Ресейде зертхана қызметкері өкпе обасынан өлген болуы мүмкін деген күдік қауіпті ауру тарап кетпей ме деген сұрақ тудырып, бүкіл әлемді алаңдатып қойды. Бірақ өкпе обасы қаншалық тез тарайды, бүгінде ол қаншалық қауіпті және зертханалар осы ауруға әкелетін бактерияны неге ұстайды?
Азаттық радиосы Лондон гигиена және тропикалық медицина мектебінің (университет) микробтық патогенез профессоры Брендан Ренмен Ресейдегі жағдай және биліктің оны ауыздықтау үшін жасап жатқан шаралары туралы сөйлесті. Рен жұмыс істейтін мекеме өкпе обасын тудыратын Yersinia pestis бактериясын да зерттейді.
Азаттық: Егер мұның өкпе обасы екені расталса, ол адамдарға қалай және қандай қарқынмен тарайды?
Брендан Рен: Өкпе обасы тыныс жолдары арқылы тарайды, бірақ ол аса жұқпалы емес. SARS вирусы сияқты қатты тарамайды.
Ресейдегі жағдай жұмыс орнындағы жекелеген жұқтыру екені анық және осы күнге дейін өзге адамға тарамады. Демек бұл жұқпалы аурудың өршуі емес. Инфекция жұқтырушымен қандай да бір қарым-қатынас жасаған адамдар болуы мүмкін. Сондықтан ондай адамдарды оқшаулау, оларды бақылау – қисынды шара.
Азаттық: Өкпе обасы қаншалық сирек кездеседі және ол қаншалық қауіпті? Оны емдеуге бола ма?
Рен: Бұл – өте жылдам күш алатын және жұқтырған адамды 24 сағаттың ішінде өлтіре алатын инфекция. Оған қарсы қолданылатын антибиотиктер бар, бірақ ауру дендеп кетсе, кеш болуы мүмкін. Сондай-ақ оба ауруына әкелетін Yersinia pestis бактериясының антибиотикке төзімділігі бар штамдары туралы хабарлар көбейіп келеді. Демек кей антибиотиктер көмектеспеуі ықтимал.
Әлемде жыл сайын оба жұқтырудың шамамен 1000 жағдайы тіркеледі. Бұл – Ресейдің, Қытайдың және АҚШ-тың кейбір аймақтарына тән эндемиялық ауру.
Азаттық: Зертханалар оба бактериясын не үшін ұстайды? Оны зерттеудің мақсаты қандай?
Рен: Көбіне оба эндемиялық сипатта кездесетін аймақтарға қолдануға болатын жетілдірілген вакциналарды әзірлеу үшін керек. Егер Yersinia pestis бактериясы биологиялық қару ретінде пайдаланылса, әскери қызметшілерге арналған вакцина қажет болуы мүмкін.
Азаттық: Осыған дейін белгілі болған ақпаратқа сүйенсек, бұл қаншалық қауіпті жағдай?
Рен: Меніңше, бұл – жекелеген жағдай. Біз қазір ортағасырлық заманда өмір сүріп жатқан жоқпыз және қазіргі кезде оба аса жұқпалы ауру емес. Билік зертханада жұққан осы бір жағдайды оқшаулау үшін орынды шаралар қабылдап жатқан сияқты.