Ресей әскері 16 сәуірге қараған түні Украинаға әуеден жаппай шабуыл жасады. Украина әуе күштерінің мәліметі бойынша, оннан астам адам қаза тауып, жүзге жуық адам жараланған. Ресей күштері 19 "Искандер-М" баллистикалық зымыранын, 20 "Х-101" қанатты зымыранын, бес "Искандер-К" қанатты зымыранын және 659 дронын қолданып шабуыл жасаған. Украинаның әуе шабуылынан қорғаныс күштері 31 зымыран мен 636 дрон атып түсірілді деп мәлімдеді, бұл ақпаратты тәуелсіз дереккөзден анықтау мүмкін болмады.
Киевте төрт адам қаза тапқан, арасында 12 жасар бала бар. Киев мэрі Виталий Кличконың сөзінше, жараланған қырық бес адамның 26-сы ауруханаға жатқызылған. Кейінірек Украинаның Төтенше жағдайлар қызметі зардап шеккендер саны 48 адам деп хабарлады.
Кличконың айтуынша, Подольск ауданында дрон "18 қабатты ғимаратқа ұшып кірген". Днепрде аймақтың әскери әкімшілігі (ОВА) басшысы Александр Ганжаның мәліметінше, Ресей шабуылдары салдарынан екі адам қаза тауып, 30 адам жараланған. Кеңсе және әкімшілік ғимараттар, тұрғын үйлер, кәсіпорындар мен көліктер бүлінген.
Днепр ауданы Новоалександровск қауымдастығында жеке үйге зақым келіп, қосалқы ғимарат қираған, 14 жасар қыз жараланған. Ресей әскері Никополь, Покров, Мир және Красногригорьев қауымдастықтарына да шабуыл жасаған; көп қабатты ғимараттар мен көліктер зақымдалып, бос тұрған ғимарат пен жеке үй өртенген. Ганжа бір адам қаза тауып, үш кісі жараланды деп жазды.
Одессада, қала билігінің кейінгі мәліметі бойынша, Ресей шабуылы салдарынан тоғыз адам қаза тауып, 23 кісі жараланған. Одесса әскери әкімшілігі басшысы Олег Кипердің дерегінше, қалада порттың, тұрғын үй және өзге маңызды инфрақұрылым нысандары бүлінген.
Харьковтың Индустриальный деп аталатын ауданында көп қабатты ғимараттың ауласына дрон түсіп, көліктер өртенген. Харьков облыстық әскери әкімшілік басшысы Олег Синегубов Немышлян ауданында 66 жастағы ер адам мен 77 жастағы әйел жараланған деп хабарлады.
Украина президенті Владимир Зеленский Ресейге қысымды күшейтуге шақырып, "Ресейдің оған қатысты жаһандық саясатты жеңілдетуге я санкцияларды алып тастауға лайық емес екенін көрсеткен тағы бір түн болды. Ресей соғысқа бәс тігіп отыр", деп жазды әлеуметтік желіде.