Мәскеудің Басманный соты Ресейдің байырғы халықтарының құқықтарын қорғаушы, белсенді, Батыс Сібірдегі саны аз халықтардың бірі – селькуптер өкілі Дарья Егереваны тергеу изоляторына қамау туралы шешім шығарды. Белсендіге Ресей билігі террористік деп таныған ұйымның қызметіне қатысқан деген айып тағылды, деп хабарлады Азаттықтың Орыс қызметі.
Билік өкілдері Дарья Егереваны 17 желтоқсанда Мәскеуде ұстап, үйіне тінту жүргізген. 18 желтоқсанда бұлтартпау шарасы бойынша сот отырысы өткен. Бұл туралы "Ресей байырғы халықтарының халықаралық комитеті" хабарлады. Комитет мәліметінше, сол күні тағы бір белсенді де ұсталған, алайда оның аты-жөні әзірге жарияланбады.
Егерева Солтүстік, Сібір және Қиыр Шығыстағы саны аз байырғы халықтардың құқықтары жөніндегі сарапшыларды біріктіретін "Абориген форумына" қатысқаны үшін жазықты болып отыр. Хабарламада айтылғандай, Егерева бұған дейін осы бірлестік құрамына кірген Солтүстіктегі саны аз байырғы халықтарға жәрдемдесу орталығына өкілдік еткен. Ресей билігі "Абориген форумын" әуелі "экстремистік", кейіннен "террористік ұйым" деп танып, оны кең ауқымды сепаратистік құрылымдардың, соның ішінде іс жүзінде жоқ "Антиресейлік сепаратистік қозғалыс" пен "постресейлік еркін мемлекеттер форумының" құрамдас бөлігі деп мәлімдеген.
Азаттықтың Орыс қызметіне дискриминацияға қарсы "Мемориал" орталығы хабарлауынша, кейінгі уақытта Ресейдің көптеген өңірінде байырғы халықтар өкілдері саналатын белсенділердің үйіне ондаған тінту жүргізілген. Орталық барлық халықаралық ұйымдарды, құқық қорғаушыларды және журналистерді Дарья Егереваны, сондай-ақ 2025 жылғы желтоқсанда тінту мен қамауға ұшыраған барлық байырғы халықтар мен олардың өкілдерін қорғауға шақырған.