Accessibility links

Ресейдің Ижевск қаласында дрон шабуылынан үш адам қаза тауып, ондаған кісі жараланған


1 шілде күні Ресейдің Ижевск қаласындағы зауытқа дрон шабуылы жасалғаны туралы видеолардан скриншоттар.
1 шілде күні Ресейдің Ижевск қаласындағы зауытқа дрон шабуылы жасалғаны туралы видеолардан скриншоттар.

Ресейдің Ижевск қаласындағы кәсіпорынға дрондар шабуылдап, салдарынан үш адам қаза тауып, 45 адам зардап шекті, ауруханаға түскен 35 адамның алтауы ауыр халде, деп жазды Удмуртия аймағының басшысы Александр Бречалов 1 шілде күні Telegram-парағына. Бречалов шабуыл нақты қай кәсіпорынға жасалғанын айтқан жоқ.

"Росавиация" мекемесі Ижевск қаласының әуежайы уақытша жұмысын тоқтатқанын хабарлады.

Украинаның қауіпсіздік қызметі 1 шілде күні жасалған дрон шабуылы Ижевскідегі "Купол" электромеханика кәсіпорынын нысанаға алғаны жөнінде ақпарат таратты.

Сейсенбіде әлеуметтік желілерде Ижевскідегі зауытқа дрон шабуылы жасалған сәттен түсірілген деп сипатталған видеолар тарады.

"Алмаз-Антей" концерні құрамына кіретін "Купол" зауыты Ресей қорғаныс министрлігінің тапсырысы бойынша "Тор-М2Э" зенит-зымыран кешендерін және "Гарпия-А1" әскери дрондарын жасап шығарады.

2023 жылғы желтоқсанда "Купол" зауыты АҚШ-тың санкциялар тізіміне енгізілген.

Ижевск – Ресейдегі ірі өнеркәсіп орталықтарының бірі, атап айтқанда, қалада "Калашников" компаниялар тобына кіретін кәсіпорындар орналасқан.

XS
SM
MD
LG