Accessibility links

Ресейдің Курск облысында оқушыларды әскери дронды басқаруға үйрете бастады

Ресейдің Курск облысында әскери қызметкерлер оқушыларды әскери дронды басқаруға үйретіп жатыр. Бұл жөнінде аймақ губернаторы Александр Хинштейн хабарлады.

Оның сөзінше, балаларға Украинадағы соғысқа қатысып жатқан "Север" тобының алты мүшесі сабақ бермек. Себебі олар "күн сайын өз шеберліктерін шыңдап жатыр".

Мұндай сабақ "Қауіпсіздік негіздері және Отанды қорғау" курсы бағдарламасына енгізілген. Алғашқы сабақ Курскідегі 23-мектепте өткен. Оған жоғары сынып оқушылары мен Суджа ауданындағы мектеп оқушылары қатысқан. Оқушыларға ұшу аппараттары, олардың сипаты мен қолдану ерекшеліктері, сонымен бірге қарсылас жақтың дронын табу дағдылары таныстырылған.

Алдағы уақытта осыған ұқсас сабақтар аймақтағы барлық мектепке енгізіледі деді Хинштейн. Ол жаңа сабақты "әуе моделін құрастыру үйірмесінің жаңғыруы" деп атады. Оның сөзінше, Курск облысы федералдық үкіметтің тиісті тапсырмасын орындаған елдегі алғашқы аймақтың бірі.

Бұған дейін Ресей үкіметі дрон бойынша оқу-әдістемелік материалдардың тізімін бекіткен. Онда өзге жайттармен қатар дронды әзірлеуге арналған жинақ, бағдарлама-аппараттық жинақ, дрон-құрастырушылар қарастырылған.

Дроннан басқа, қосымша тізімде 50-ден астам позиция бар, оның ішінде электрондық немесе пневматикалық ату тирлері, кедергілер жолағының элементтері, түнгі көру құрылғылары, радиостанциялар, альпинистік жабдықтар және суда құтқару жабдықтары бар. Міндетті тізімге сонымен бірге Калашников автоматтары мен Макаров тапаншаларының көшірмелері, граната көшірмелері, алғашқы медициналық көмек құралдары, газ маскалары және жалпы мақсаттағы қорғаныс құралдары да кіреді.

XS
SM
MD
LG