Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінде (РГГУ) Ресей басшысы Владимир Путиннің тегін зерттейтін ғылыми қызметкерлерге арналған вакансия ашылды. Бұл жөнінде "Медуза" жазды.
Хабарландыру сәуірдің соңында байқау өткізудің бірыңғай жүйесінде пайда болды; ақпарат университеттің ресми сайтында да жарияланды.
Ондағы ақпаратқа қарағанда, 82 мың рубль (шамамен 1150 доллар) жалақы алатын ғылыми қызметкер "Реформадан кейінгі Ресейде Путин отбасы мүшелерінің ұжымдық өмірбаяны (1861–1917): ауыл шаруашылығынан шағын қалалық кәсіпкерлікке көшу" тақырыбында зерттеу жүргізуі керек.
Келісім-шарт 2027 жылдың шілдесіне дейін жасалады.
Бұған дейін тарих ғылымдарының кандидаты Михаил Гершзон Путиннің аталары шаруа болғанын, ал олардың күнделікті өмірі туралы деректер мұрағаттарда сақталмағанын айтқан еді.
Тверь түбіндегі Дудино ауылының приходтық жазбаларынан ол Путиннің атасы Спиридон Ивановичтің 1879 жылы шоқынғаны жайлы жазбаларды тапқан. Мемлекеттік ТАСС агенттігінің жазуынша, мұндай деректерді табу туралы бастаманы Росатом қызметкері Александр Любавин көтерген.
Бұған дейін "Настоящее время" және Азаттықтың "Система" жобалары Владимир Путин мен Алина Кабаеваның ұлдарын тәрбиелеген шетелдік мамандарды жалдауға қатысты құжаттар мен хаттарға қол жеткізген еді. Путиннің ұлдарының бірі Иван – 2015 жылы туған, кішісі Владимир 2019 жылы дүниеге келген.
Кейінгі 8 жылда олардың отбасында батыс елдерінен кемінде 20 шетелдік тәрбиеші жұмыс істеген. "Система" оларды жалдауға жүздеген мың доллар жұмсалғанын анықтаған.
Путиннің Катерина Тихонова және Мария Воронцова атты қыздары барын Reuters, Bloomberg, BBC және өзге де БАҚ жазған. Кремль ақпаратты ресми түрде растамаған, жоққа да шығармаған.
"Проект" басылымының есептеуінше, Путиннің 24 туысы түрлі мемлекеттік қызметте және құрылымдарда істейді. Басылым бұл кейінгі 100 жылда Ресей жетекшілері арасындағы ең жоғары көрсеткіш деп тұжырымдайды.