Accessibility links

Ресейлік жасөспірімді депортациялау шешімі: Орал соты шағымды қарап жатыр

Қиын жағдайда қалған балаларды қолдау орталығында отырған Тимур Турков.
Қиын жағдайда қалған балаларды қолдау орталығында отырған Тимур Турков.

Батыс Қазақстан облысының апелляциялық алқасы 16 жастағы ресейлік жасөспірім Тимур Турковты өз еліне депортациялау туралы бірінші инстанцияда шыққан шешімге түсірілген шағымды қарап жатыр. Жасөспірім Қазақстанға қашып келгеннен кейін Кремльдің саясаты және оның әскери риторикасымен келіспейтінін білдірген.

Желтоқсанда бірінші инстанция соты Турковты "шекараны заңсыз кесіп өткені үшін" айыппұл салып, Қазақстанға 5 жылға кіруге тыйым салған.

Жасөспірім қазақстандық құқық қорғаушылардың көмегімен адвокат тауып, шешімге шағым түсірген. Алғашқы сот 22 қаңтарда онлайн форматта өтті. Оған прокурор, мемлекет тағайындаған адвокат, қиын жағдайда қалған балаларды қолдау орталығының директоры (шекараны кесіп өткеннен кейін Турков сол жаққа орналастырылған), директордың орынбасары, мекеменің педагог-психологы, Ресейдің Оралдағы бас консулдығының кеңесшісі қатысты.

Қорғау жағының айтуынша, Турков та, адвокаты Орынбеков те іс материалдарымен, процестің аудио-видео жазбаларымен уақытында толық танысып үлгермеген. Қорғау жағының айтуынша, жасөспірімге сот шешімінің көшірмесі тапсырылмаған, ал мобильді телефоны бірінші инстанциядағы сот аяқталғаннан кейін тәркіленген. Балаларды қолдау орталығы директорының түсіндіруінше, телефонды тәркілеу мекеменің ішкі ережесімен байланысты, себебі ол жақта кәмелетке толмаған, құқық бұзушылыққа қатысы бар жасөспірімдер бар.

Сот іс материалдарымен танысу туралы қорғау жағының өтінішін қанағаттандырып, отырысты 26 ақпанға тағайындаған еді. Кеше, 26 ақпанда отырыс 3 наурызға шегерілді.

Коми республикасының Летка ауылының тумасы Тимур Турков 2025 жылы күзде Қазақстанға келген. Ол Ресей билігінің саясатымен келіспей, 18 жасқа толғаннан кейін соғысқа алып кетеді деп қауіптенген.

Шекараны жаяу кесіп өткеннен кейін шекара қызметі оны ұстап, әлеуметтік қорғауға зәру балалар орталығына жіберген.

Ол кәмелет жасқа толмағандықтан және заңды өкілінің рұқсат құжаты болмағандықтан шекараны заңды түрде кесіп өте алмағанын айтты. Ресейде індет кезінде анасы коронавирустан қайтыс болғаннан кейін әжесі асыраушысы ретінде бекітілген. Ал Тимурдың сөзінше, әжесі оған көрші елге кетуге рұқсат етпеуші еді.

Жасөспірім аймақтағы мектептердің милитаризацияланғанын, Украинада қаза болған ресейлік сарбаздардың жерлеу рәсіміне жоғары сынып оқушыларын қарауыл қылып қойып қоятынын айтқан.

Оның сөзінше, өзінің ауылынан барған 12 сарбаз соғыста өлген, тағы 5 адам із-түзсіз жоғалған.

Бірінші сот инстанциясынан кейін ол өзіне босқын мәртебесін беру туралы өтінін бермек болған, бірақ жергілікті билік өтінішін қабылдамаған.

Адам құқығын қорғау бюросының хабарлауынша, Қазақстанда босқын мәртебесін сұраған бірде-бір ресейліктің өтініші орындалмаған.

XS
SM
MD
LG