Respublika.kz.media бас редакторы Ирина Петрушованың Facebook аккаунты бұзылды

Ирина Петрушова
Ирина Петрушова

Respublika.kz.media сайтының бас редакторы Ирина Петрушованың Facebook аккаунты бұзылды. Бұл жөнінде Respublika.kz.media басылымының телеграм-арнасы хабарлады.

Басылымның жазуынша, аккаунтты бұзғандар ол жерге қайтыс болғандарға арналған "еске алу белгісін" орнатқан.

"Менде бәрі жақсы, тек әзірге өз парақшама кіре алмай жатырмын" деп хабарлады Ирина Петрушова әріптестеріне.

Басылымның жазуынша, Петрушованы бұрын да "жерлеуге" тырысқан. 2002 жылы редакцияға жаназа гүл шоғын тастап кеткен. Кейін Facebook-тағы аккаунтына "еске алу" белгісін орнатқан. Бір аптадан кейін алынған.

2025 жылдың наурыз соңында "Глас народа" тобында Ирина Петрушованың "қайтыс болғаны" туралы фейк таратылып, фейк аккаунт арқылы тараған.

Бұған дейін "Әділ сөз" журналист Вадим Борейконың "қайтыс болғаны" жайлы жалған ақпарат таратылғанын хабарлаған еді. Баспасөз қорғау қоры қолданушыларды Telegram-арналардың атауын мұқият тексеруге, күмәнді хабарламаларды таратпауға және жалған аккаунттар туралы шағымдануға шақырды.

Журналистер мен медиа қауымдастық өкілдері кейінгі айларда әлеуметтік желідегі аккаунттарының бұғатталғанын, сонымен бірге материалдарының өшірілгенін хабарлаған. Ол жөнінде атап айтқанда, Лұқпан Ахмедияровпен қатар Асхат Ниязов, Назымгүл Күмыспаева, Respublika.kz.media бас редакторы Ирина Петрушова, КазТАГ журналистері мен редакторлары Алена Субботина, Дильназ Абдулбакиева және Лилия Галеева айтқан. Ізінше кейбірі аккаунттары қалпына келгенін хабарлады.

18 қарашада мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев журналистердің аккаунттарының бұзылуына мемлекеттің қатысы жоғын айтқан.

«Facebook немесе Instagram болсын, кез келген аккаунтты бұғаттау туралы шешімді платформаның өзі қабылдайды. Яғни, ешбір мемлекеттік орган, жеке тұлға немесе басқа корпорация белгілі бір аккаунтты өз бетінше бұғаттай алмайды. Ол үшін платформаның өз ережелеріне сәйкес негіздер болуы керек. Әдетте мұндай жағдайда шағымдар, яғни страйктар ескеріледі. Олардың түрі әртүрлі болуы мүмкін. Сіз атап өткен жағдайлардың ішінде мемлекеттің аккаунттарды әдейі бұғаттауға қатысқан бірде-бір дәлелденген дерек жоқ екеніне сендіре аламын. Қандай да бір квазимемлекеттік органның осындай әрекетке барғаны туралы да расталған жағдайлар жоқ», – деді Қырықбаев 18 қарашада Құрылтайдағы брифингте.

Министрдің айтуынша, егер қазақстандық журналистердің аккаунттары қасақана бұғатталса, бұл мәселе құқық қорғау органдарының құзыретіне жатады.

«Әрине, біз мұндай жолмен мәселе шешуге қарсымыз. Сондықтан осындай жағдайларда тиісті құқық қорғау органдарына, қауіпсіздік қызметіне, Ішкі істер министрлігіне немесе прокуратураға жүгіну керек шығар. Ал біз өз тарапымыздан қажетті заңгерлік көмек көрсетуге дайынбыз», – деді Қырықбаев.

Қазақстандағы қоғамдық-саяси маңызды тақырыптарды қозғап жүрген "Республика.kz.media" басылымы 2025 жылдың қараша айынан бері ел аумағында ашылмай қалды. Мәдениет және ақпарат министрлігі ресурсқа 2012 жылғы сот шешімімен шектеу қойылғанын хабарлаған. Ал басылым тілшілері аталған газеттің бұрынғы "Республикаға" қатысы жоғын, онда ешқашан мұндай доментік атау болмағанын айтқан.

Қазір басылымның сайты Қазақстан аумағында ашылып тұрған жоқ. Жергілікті баспасөз қорғау сарапшылары сайттың жабылуын сөз бостандығын шектеу талпынысы ретінде бағалаған.

Журналист Ирина Петрушова ұзақ жылдардан бері шетелде тұрады.

​
XS
SM
MD
LG