Accessibility links

Respublika.kz.media басылымы Facebook-тағы аккаунты өшірілгенін хабарлады


Respublika.kz.media басылымы 41 мың жазылушысы бар Facebook-тағы аккаунты өшірілгенін хабарлады. Оның алдында басылым Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңажылдық құттықтауына визуалды-техникалық талдау жүргізген.

Бұл екі оқиғаның бір-біріне қатысы бар-жоғы белгісіз. Аккаунтты өшірген Meta басылымға "авторлық құқықты бұзу бойынша шағым түскенін" хабарлаған. Дегенмен басылым аккаунттың өшірілуін сол карточкалармен байланыстырады.

"Ақордада Тоқаевтың жаңажылдық құттықтауын талдаған карточкаларымыздан қорыққаны соншалықты 41 мың жазылушы бар Facebook парақшамыз өшірілді! Авторлық құқықты бұзды деген желеу айтылып отыр" деп жазды редакция телеграм-арналарында.

Аталған талдауда басылым өкілдері "жаңа жылдық құттықтауды президенттің өзі жасады ма ме әлде жасанды интеллектімен жасалған AI-аватар ма" деген сұрақты көтереді. Басылым өкілдерінің айтуынша, аталған карточкалар жарты миллион рет қаралған.

Редакция өкілдерінің айтуынша, олар видеоқатарларға визуалды-техникалық талдау жүргізіп, негізгі параметрлерді атап айтқанда, мимика, артикуляция, кірпік қағу жиілігі, көз қозғалысы, көзілдіріктің бет терісімен үйлесімділігі сияқты элементтерді талдаған. Осылайша редакция өкілдері аталған видеоқатар жасанды интеллектімен әзірленген болуы мүмкін (шамамен 85-90 пайыз) деп топшылайды. Бірақ басылым өкілдері талдаудың құттықтау мазмұнына қатысы жоғын ескерткен.

Ақорда әзірге бұған реакция білдірмеді.

Дегенмен президенттің жаңажылдық құттықтауына талдау жүргізген Factcheck.kz сайты 3 қаңтарда видео "шын болуы мүмкін" деген қорытынды жасаған. Сайт өкілдерінің айтуынша, роликті көрген кезде "спикердің сөз орамына қарай табиғи түрде тыныс алып, кірпік қағатыны, бет пен мойын бұлшықеттері сәйкесінше қозғалатыны, көзінің телепромптерді оқығаны байқалатынын" жазды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңажылдық құттықтауы шамамен 13 минутқа созылады. Онда президент Қазақстанның бір жыл бойғы жетістіктерін санамалап, "дамудың даңғыл жолына түскенін" баяндаған.

Қазақстандағы қоғамдық-саяси маңызды тақырыптарды қозғап жүрген "Республика.kz.media" басылымы қараша айынан бері ел аумағында ашылмай қалды. Мәдениет және ақпарат министрлігі ресурсқа 2012 жылғы сот шешімімен шектеу қойылғанын хабарлаған. Ал басылым тілшілері аталған газеттің бұрынғы "Республикаға" қатысы жоғын, онда ешқашан мұндай доментік атау болмағанын айтқан.

Қазір басылымның сайты Қазақстан аумағында ашылып тұрған жоқ. Жергілікті баспасөз қорғау сарапшылары сайттың жабылуын сөз бостандығын шектеу талпынысы ретінде бағалаған.

XS
SM
MD
LG