Қазақстанда орналасқан болуы мүмкін деген хакерлер тобы биыл Ресейдің мұнай өңдеу зауытына шабуыл жасап, сонымен бірге Ресей қалаларының біріндегі әкімшілік жүйесін бұзған. Бұл жөнінде зерттеушілерге сүйенген Reuters агенттігі жазды. Ақпарат агенттігі бұл оқиғаны "кішірек көрші елдің Мәскеуге қарсы жасаған кибертыңшылығына сирек мысал" деп сипаттайды.
Reuters-тің жазуынша, Cisco компаниясының зерттеушісі Чи-энь Шен мен Recorded Future киберқауіпсіздік компаниясының маманы Джулиан-Фердинанд Фогеле бірлесіп әзірлеген есепте Silent Lynx ("Ізсіз сілеусін") хакерлік тобының "Қазақстанда орналасуы ықтимал" екені жазылған. Бұған дейін бұл топ Орталық Азия елдеріндегі мемлекеттік ұйымдардың жүйелерін де бұзған.
Зерттеушілердің мәліметінше, Silent Lynx көбіне "мақсатты фишинг" (spear phishing) әдісін қолданады. Хакерлер маңызды құжаттарға ұқсайтын тіркемелері бар электронды хаттар жібереді. Пайдаланушы сол файлдарды абайсызда ашқан жағдайда, оның құрылғысына зиянды бағдарлама жүктеледі.
Джонс Хопкинс университетінің Халықаралық зерттеулер жөніндегі жоғары мектебінің докторанты Олег Шакировтың пікірінше, бұл кибертыңшылықпен тек жетекші кибердержавалар ғана айналыспайтынын көрсетеді. "Басқа елдер де өз мүмкіндіктерін біртіндеп арттырып келеді" деді ол Reuters-ке.
Зерттеушілердің хабарлауынша, Silent Lynx тобы Ресейдің оңтүстігіндегі "Орскнефтеоргсинтез" мұнай өңдеу зауытына кибершабуыл жасаған. Бұл кәсіпорын тамызда украин дронының соққысынан кейін бірнеше айға жұмысын тоқтатқан еді. Бұған қоса, зерттеушілердің мәліметінше, хакерлер Мәскеуден шығысқа қарай шамамен 425 шақырым жерде орналасқан Нижний Новгород қаласы әкімшілігінің ақпараттық жүйелеріне де қол жеткізген.
"Орскнефтеоргсинтез" мұнай өңдеу зауыты Қазақстан шекарасынан шамамен 25 шақырым жерде орналасқан. Украин дрондарының шабуылы салдарынан өндіріс бірнеше рет тоқтағандықтан Ресей билігі Қазақстаннан мұнай өңдеу нысандарын пайдалануды сұраған еді.
Ор қаласындағы мұнай өңдеу зауытының өкілдері және Нижегород облысының әкімшілігі Reuters-ке түсініктеме бермеді. Хакерлермен байланысу да мүмкін болмады.
Зерттеушілер Silent Lynx тобының Қазақстанға қатысы бар деген болжамды бірнеше дерекпен дәлелдеуге тырысады. Атап айтқанда, хакерлер зиянды бағдарламаның кодын құрастырғаннан кейін көп ұзамай оны Қазақстан аумағынан сынап көруге әрекеттенген. Бұған қоса, топтың белсенділігі Қазақстандағы жұмыс уақытымен да сәйкес келеді. Бұдан бөлек, сарапшылар хакерлердің әрекеттері Қазақстанның стратегиялық мүдделерімен үндесетінін де атап өтеді.
Reuters келтірген зерттеушілердің мысалына қарағанда, 2026 жылдың басында Қазақстан Тәжікстанмен жасалған келісімді ратификациялаған шақта хакерлер осы елдің мемлекеттік органының ақпараттық жүйесін бұзған. Осыған ұқсас жағдай Беларусьте де болды: Беларусьтегі мемлекеттік органның ақпараттық жүйесі сәуірде – Беларусь пен Қазақстан дипломаттарының кездесуі қарсаңында бұзылды.
Қазақстан, Ресей, Тәжістан, Беларусь үкіметтері ақпарат агенттігінің сұрақтарына жауап бермеді.