Accessibility links

Reuters: Ресей "Дружба" құбырымен Қазақстан мұнайын Германияға экспорттауды тоқтатпақ

Ресей "Дружба" құбыры арқылы Қазақстаннан Германияға мұнай жеткізуді 1 мамырдан бастап тоқтатпақ. Бұл жөнінде өз дереккөздеріне сілтеме жасап Reuters агенттігі хабарлады.

Аты-жөнін жарияламауды сұраған дереккөздер агенттікке мұнай экспорттаудың өзгертілген кестесі Қазақстан мен Ресейге жіберілгенін айтқан.

Ресейдің де, Қазақстанның да құзырлы органдары бұл жаңалыққа жария жауап берген жоқ. Ал Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Reuters-ке мұнай экспортын тоқтату жоспарынан хабары жоқ екенін айтқан.

"Тексеріп көруге тырысамыз", – деді Песков күнделікті брифингте.

2022 жылы Германия Ресейдің ең ірі мұнай компаниясы "Роснефттің" өзіндегі активтерін мемлекеттік агенттіктің сенімді басқаруына алған. Содан бері екі елдің арасындағы энергетика бойынша байланыс тоқтаған.

2025 жылы Қазақстан "Дружба" құбырымен Германияға 2 миллион тоннадай, яғни тәулігіне шамамен 43 мың баррель мұнай экспорттаған. Бұл көреткіш 2024 жылмен салыстырғанда 44 пайызға көп.

Қазақстан құбырға мұнайды Өзен–Атырау–Cамара бағытымен жеткізіп, әрі қарай Ресейдің "Транснефть" жүйесіне қарайтын құбырмен Германияға жібереді. Көмірсутегі шикізаты Қарашығанақ, Қашаған және Теңіз кеніштерінен KEBCO (Kazakhstan Export Blend Crude Oil) деген брендтпен жөнелтіледі.

Германияға мұнай "Дружба" құбырының солтүстік тармағымен тасымалданады, ол Польша жерін басып өтеді. Украин дрондарының құбырға шабуылы салдарынан тасымал тоқтаған кездер көп болды.

"Дружбаның" оңтүстік тармағы Украина арқылы Венгрия мен Словакияға мұнай жеткізіп келген. Соғыс басталғалы тасымал тоқтап, бұл геосаяси тартысқа себеп болған.

Қазақстан соңғы жылдары Германияға мұнай экспортын арттыру керегін айтып келеді.

Германиядағы ең ірі мұнай өңдеу орындарының бірі – Шведт қаласындағы PCK зауыты 2022 жылы соғыс басталғалы Ресей мұнайын алуды тоқтатып, ішінара Қазақстан мұнайын пайдаланып келеді.

XS
SM
MD
LG