Ресей мыңнан астам Кения азаматын Украинадағы соғысқа тартқан. Кения барлау қызметінің есебіне сүйенген Reuters осылай деп жазды.
Ал Ресейдің Найробидегі елшілігі 19 ақпанда Мәскеу кениялықтарды заңсыз соғысқа тартты деген ақпаратты жоққа шығарып, шетел азаматтары ерікті түрде Ресей қарулы күштеріне қосыла алады деді.
18 ақпанда Кения ұлттық барлау қызметінің есебін ел парламентіне оқыған парламентте басым көпшілік болып отырған фракция жетекшісі Кимани Ичунгва Украинадағы соғысқа кениялықтарды тарту үшін адам саудасымен айналысатын топтармен астыртын сөз байласқан арсыз шенеуніктер туралы айтты.
Рекрутерлер бұрынғы сарбаздар мен полиция қызметкерлері, жұмыссыздарды тартып, оларға айына 350,000 шиллинг ($2,715)төленетінін айтып, қызықтырған. Бұған қоса, 1.2 млн шиллингке дейін ($9,309) бонусты уәде еткен.
"Осылайша мыңнан астам кениялық соғысқа тартылып, Ресей-Украина соғысына жіберілген" деді Ичунгва.
Қараша айында Кения 200-ден астам азамат Украинада Ресей әскері жағында соғысып жатқанын айтқан. Ал Украина Ресей жағында Африка елдерінен шамамен 1,4 мың азамат шайқасып жатқанын хабарлаған. Киевтің айтуынша, кейбірі алдау-арбау арқылы әкелінген.
Кения барлау қызметінің есебіне сәйкес, 2026 жылдың ақпан айындағы мәлімет бойынша 89 кениялық Украина жағында соғысқан. 39 кениялық ауруханаға жатқызылған, 28 адам із-түзіз жоғалған.
Ақпаратқа қарағанда, бастапқыда соғысқа тартылған азаматтар Кениядан туристік виза арқылы шығып, Түркия және БАӘ арқылы Ресейге барған. Бірақ Кения Найроби әуежайында бақылауды күшейткеннен кейін олар Уганда, Оңтүстік Африка республикасы, Конга арқылы бара бастаған. Рекрутерлер Кения әуежайы, көші-қон қызметкерлері, Ресейдің Найробидегі елшілігі өкілдерімен астыртын сөз байласқан.
Былтыр қараша айында Оңтүстік Африка республикасының (ОАР) үкіметі Ресей-Украина соғысында жүрген 17 азаматының көмек сұрағанын мәлімдеген еді.
Бұған дейін бірнеше ел үкіметтері Ресейдің азаматтарды жалған хабарландырулар арқылы соғысқа тартқанын мәлімдеген.
- 2024 жылы ақпанда мың шақты непалдықтың соғысқа тартылғаны туралы хабар түсті.
- Ресей жағында 5 мыңнан астам Куба азаматы да соғысып жүргені хабарланған: оларға да "жоғары жалақы" ұсынылған. Осы сияқты Үндістан азаматтары да тартылып жатқаны айтылды. Бұл мәселе Үндістан билігі президент Владимир Путинмен кездескен кезде де талқыланған.
- Bloomberg жазуынша, Ресейге оқуға барған шетел студенттеріне де соғысқа бару туралы ұсыныс айтылған. Ресей билігі қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасамағандарға визасын ұзартпайтынын айтып, қысым жасаған. Дәл осындай қысым оңтүстікафрикалықтарға да жасалған деп жазды басылым.