Желтоқсанда Ресейдің мұнай-газ кірісі былтырмен салыстырғанда екі есеге жуық азаяды, бұған Ресей мұнайының бағасын төмендету мен рубльдің нығаюы әсер етіп отыр. Бұл жөнінде Reuters жазды.
Ақпарат агенттігінің мәліметінше, Ресейдің кірісі шамамен 410 миллиард рубль (5 миллиард доллардан сәл астам) болмақ. Бұл 2020 жылдың тамыз айынан бергі ең төменгі көрсеткіш. Ол кезде пандемияға байланысты шикізат сатылымы төмендеп, кіріс көлемі 405 миллиард рубльді құраған еді.
Жылдық кіріс шамамен төрттен бір пайызға дейін төмендеп, шамамен 8,5 триллион рубльге жетеді деген болжам бар. Бұл Ресей қаржы министрлігінің болжамынан төмен.
Reuters кірістің төмендеуіне мұнайдың арзандауы мен рубльдің нығаюы себеп болып отыр деп жазды. Қараша айында рубльмен алғанда Ресей мұнайының құны қазан айымен салыстырғанда 17%-ға төмендеген.
Бұған қоса, 22 қазанда АҚШ қаржы министрлігі Ресейдің ең ірі мұнай компаниялары - Роснефть пен Лукойлға қарсы санкция енгізген. АҚШ президенті Дональд Трамп ресейлік мұнай компанияларына салынған санкциялар Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтатуға көмектеседі деп үміттенген.
Қараша айының соңында Владимир Путин Аляскада Трамппен келіссөздерден кейін ресейлік мұнай компанияларына қарсы АҚШ санкция салады деп күтпегенін мойындаған.
Мұнай мен газдан түсетін кіріс - Ресей бюджетінің негізгі кіріс көздерінің бірі.