Accessibility links

Рим папасы Франциск Санта-Мария-Маджоре базиликасына жерленеді


Кеше өмірден өткен Рим папасы Франциск Ватикандағы Әулие Петр соборында емес, Рим қаласындағы Санта-Мария-Маджоре базиликасында жерленетін болды. Дүйсенбі күні кешке Ватикан жариялаған марқұмның өсиеті осындай.

Өсиетінде Франциск (шын есімі Хорхе Марио Бергольо) өзінің жерлеу рәсімі қарапайым жағдайда, сән-салтанатсыз өткенін қалайтынын айтып кеткен. Қабіртаста латын тілінде өзіне папа болғаннан кейін берілген есімі — Franciscus деп қана жазылсын деген тілегін айтқан.

Санта-Мария-Маджоре — Эсквилин белесінде орналасқан католик шіркеуі, төрт папалық базиликаның бірі және Ұлы базилика (Papal Major Basilica) мәртебесіне ие. Қарлы Құдай Ананың құрметіне арналған киелі орын саналады және Римнің жұрт тәуап қылып баратын жеті базиликасының қатарына кіреді.

2013 жылдың 13 наурызынан бері Рим папасы болған Франциск (ол денсаулығына байланысты тақтан түскен XVI Бенедиктті алмастырған еді) дүйсенбі, 21 сәуір күні жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7.35-те 88 жасында қайтыс болды.

Понтифик өмірінің соңғы сәтіне дейін діндарлармен байланысын үзген жоқ. Биылғы Пасха мерекесінде, 20 сәуір күні ол Ватикандағы Әулие Петр соборының балконынан жиналған қауымды діни мейраммен құттықтап, батасын берген. Пасха мерекесіне арналған дәстүрлі жоралғыда Рим папасының атынан "Қалаға және әлемге" атты үндеуді биыл архиепископ Диего Равелли оқып берген еді. Пасха құлшылығына Франциск өзі қатыспаған.

Ақпанның ортасында Рим папасы Франциск бронхит диагнозымен ауруханаға түскен. Кейін денсаулығы нашарлап, пневмония болғаны анықталған. Дәрігерлер оны бірнеше рет жасанды тыныс алу аппаратына қосқан.

XS
SM
MD
LG