Accessibility links

Рубио АҚШ, Украина және Ресей арасындағы келіссөз тоқтағанын хабарлады

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Швециядағы кездесуден кейін журналистердің сұрақтарына жауап беріп тұр.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Швециядағы кездесуден кейін журналистердің сұрақтарына жауап беріп тұр.

АҚШ, Украина және Ресей арасындағы үшжақты келіссөз қазіргі кезде іс жүзінде тоқтады. Швецияда НАТО елдері сыртқы істер министрлерінің кездесуі кезінде АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио осылай деп мәлімдеді.

"Қазіргі уақытта мұндай келіссөз жүргізіліп жатқан жоқ" деді Рубио. Ол жағдай өзгерсе, Вашингтон келіссөз өткізуге көмектесуге дайын екенін жеткізді.

"Ресейліктер мен украиндар бізбен келіссөз жүргізуге ынта білдірген. Сол себепті араласқан едік. Өкінішке қарай, одан нәтиже болмады... Осы рөлді жалғастыруға дайынбыз" деді Рубио. Ол АҚШ өнімсіз келіссөздерге қатыспайтынын да ескертті.

Оның айтуынша, АҚШ Украинаны қолдай бермек.

Украина президенті Владимир Зеленский 20 мамырда бейбіт келіссөз қайта жалғасады деп үміттенетінін айтқан.

"Егер алдағы апталарда мәнді үшжақты келіссөзге оралсақ және еуропалықтарды тарта алсақ, дұрыс нәтиже болады. Серіктестеріміз де дайын болады, ресейліктер де тығылмайды деп үміттенемін" деді Зеленский.

9 мамырда Ресей басшысы Владимир Путин Украинамен соғыстың аяқталуына аз қалды деп мәлімдеген. АҚШ президенті Дональд Трамп та 12 мамырда журналистерге берген сұхбатында соғыс аяқталатын күн жақын деп айтқан.

АҚШ ұйымдастырған үшжақты келіссөз соңғы рет осы қыста өткен, алайда одан ешқандай нәтиже болмады.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Швециядағы НАТО сыртқы істер министрлерінің кездесуі кезінде АҚШ Еуропадағы әскери контингентін қысқартуға мәжбүр деді. Оның айтуынша, Вашингтон әскерінің санын реттеп жатыр және ондай шешімдердің саяси астары жоқ.

Ол бұған қоса, АҚШ төтенше жағдай туындаған жағдайда НАТО-ға қолжетімді әскер санын қысқартатынын жақын арада жариялайтынын да жеткізді.

Рубионың мәлімдемесі АҚШ Польшаға 5 мың әскерін жіберетіні туралы ақпарат шыққан кезде жасалды. НАТО-ның бас хатшысы Марк Рютте Трамптың шешімін жылы қабылдап, қорғаныс мәселесіне келгенде Еуропаның АҚШ-қа тәуелділігін азайту тренді жалғасатынын жеткізді.

Иранмен соғыс туралы сұрақтарға жауап берген Рубио Пәкістан араласқан келіссөздерде "кішігірім ілгерілеушілік" барын айтты, бірақ "әзірге мақсатымызға жеткен жоқпыз" деді.

Ол соғыс аяқталғаннан кейін Иран Ормуз бұғазы арқылы тасымалды қалпына келтіруден бас тартқан жағдайда НАТО-ға "В жоспары" қажет екенін айтты.

Оның айтуынша, АҚШ президенті Дональд Трамп НАТО-дағы одақтастарының Иранмен соғысқа белсене араласудан бас тартқанындығынан көңілі қалған.

Айдар
XS
SM
MD
LG