Accessibility links

Рубио: АҚШ Украинаға арналған қаруды Таяу Шығысқа жіберуі мүмкін

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Иранмен соғыс ушыққан жағдайда Украинаға беріледі деген қару-жарақ Таяу Шығысқа жіберілуі мүмкін екенін жоққа шығармады.

27 наурызда Францияда "Үлкен жетілік" елдерінің сыртқы істер министрлерімен кездесуден кейін Рубио АҚШ қару-жарақты өзі басымдық берген бағытқа орай жұмсауы мүмкін екенін айтты.

"Егер Америкаға бірдеңе керек болса, оны бірінші кезекте Америкаға береміз. Бірақ қазіргі кезде ондай нәрсе болған жоқ" деді АҚШ мемлекеттік департаментінің басшысы. Оның сөзінен Bloomberg үзінді келтіреді.

Мәселе 2025 жылы келісілген PURL (Prioritized Ukraine Requirements List) бағдарламасы аясында қару-жарақ тасымалдау жөнінде болып отыр. Оның аясында Украина өзіне қажет қару-жарақ тізімін жасайды, ал Еуропадағы одақтастары оны АҚШ-тан сатып алады.

Politico-ның жазуынша, Вашингтон одақтастарына қару-жарақ тасымалдау алдағы уақытта баяулауы немесе тоқтауы мүмкін деп ескертіп те қойған. "Пэтриот" әуе қорғаныс жүйесіне арналған оқ-дәрі де жетізілмей қалуы мүмкін.

The Washington Post-тың жазуынша, Пентагон Таяу Шығыстағы соғыс кезінде өз қорын толтыру үшін қару-жарақтың бір бөлігін басқа бағытқа жұмсау мүмкіндігін қарастырып жатыр.

НАТО-ның бас хатшысы Марк Рютте Киевке маңызды жарақтар әлі де үздіксіз жіберіліп жатқанын айтты. Бұған дейін ол 2026 жылы АҚШ Киевке құны 15 млрд доллар болатын Еуропа мен Канада төлеген қару-жарақ берілетінін хабарлаған.

Украина президенті Владимир Зеленский бұған дейін АҚШ-тың назары Таяу Шығысқа көбірек ауғанын айтқан.

Ресей Украинаға берілетін кез келген көмекті айыптайды. Мәскеу мұндай қадам соғысты созып жібереді деп айтқан.

XS
SM
MD
LG