Accessibility links

Украинадағы бейбітшілік, Орталық Азиядағы әріптестік. Самарқанда жүрген Марко Рубио не деді?

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Самарқандағы "Мәңгілік қала" кешеніндегі мәдени қойылымды тамашалап тұр. Өзбекстан, 19 қазан 2026 жыл.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Самарқандағы "Мәңгілік қала" кешеніндегі мәдени қойылымды тамашалап тұр. Өзбекстан, 19 қазан 2026 жыл.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Самарқанда мәлімдеме жасап, Вашингтон Ресейдің Украинаға қарсы соғысын аяқтауға деген талпынысын жалғастыратынын, соғыс ауқымы ұлғайып, аймақтық қақтығыс ұласу қаупі барын айтты. Мемлекеттік хатшы Өзбекстанның тарихи қаласында Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлерімен жеке және ортақ форматта кездесу өткізіп жатыр. Рубионың баспасөз пулында Азаттық тілшісі Алекс Рауфоглу да бар.

19 қазан күні журналистер алдына шыққан Марко Рубио АҚШ президенті Дональд Трамптың Мәскеу мен Киевті келіссөздер үстеліне отырғызу әрекетін қорғап, әзірге айтарлықтай ілгерілеу болмағанын мойындады. Соған қарамастан, Вашингтон қақтығысты реттеуге мүмкіндік беретін кез келген жолды қарастыруға дайын екенін айтты.

"Бұл соғыста ешкім жеңіп жатқан жоқ. Күн сайын адамдар қаза тауып жатыр. Күн сайын нысандар жарылып, қирап жатыр" деді Рубио.

Рубионың айтуынша, Өзбекстанға онымен бірге АҚШ-тың 300-ге жуық бизнес өкілі келген. Сапар Вашингтонның Орталық Азиямен экономикалық байланыстарды кеңейтуге күш салып жатқанын көрсетті. Бұл аймақта Қытай негізгі сауда серіктесіне айналғанымен, Ресейдің қауіпсіздік пен экономика саласындағы бұрыннан қалыптасқан байланыстары сақталып отыр.

"C5+1" форматы аясында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның сыртқы істер министрлерімен кездескен Рубио АҚШ-тың аймақтағы ықпалын күшейткісі келетінін, бірақ өңір елдерінен бәсекелес державалардың бірін таңдауды талап етпейтінін айтты.

Украинадағы соғысты аяқтауға деген талпыныс

Рубио журналистер алдына шыққанда тілшілердің бірі Украинадағы соғысты аяқтау мәселесі жайлы сұрақ қойды. Тілшінің сөзінше, Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы соғысты аяқтау мәселесінде Ресей, АҚШ және Қытай басшыларының кездесуін өткізуді ұсынғаны туралы ақпарат тараған. Рубио мұндай талқы болғанын растап, ұйымдастыру мәселесі толық шешілмегенін айтты.

Рубионың сөзінше, Трамп қақтығысты тоқтатуға деген ұстанымынан айныған жоқ. Әзірге нәтиже аз болғанына қарамастан, Вашингтон келіссөз жүргізуге мүмкіндік беретін жолдарды іздеуді жалғастырады.

Ресей президенті бейбіт келіссөздерге шындап кірісуге дайын екенін растайтын қандай дәлелдер бар деген сұраққа Рубио былай жауап берді:

"Бұл қылмыстық іс емес. Әңгіме дипломатия туралы болып отыр, ал дипломатияда талпыныстарды жалғастыра бересіз".

Оның айтуынша, келісімге қол жеткізу түптеп келгенде екі тараптың да ымыраға келуге дайын болуына байланысты.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен оның жұбайы Жанетт Дусдебес Регистан алаңында. Самарқан, Өзбекстан. 19 қазан 2026 жыл.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен оның жұбайы Жанетт Дусдебес Регистан алаңында. Самарқан, Өзбекстан. 19 қазан 2026 жыл.

Рубио Ақ үйдің кейбір санкцияларды 60 күнге тоқтата тұру туралы шешімін де қорғай сөйледі. Оның айтуынша, бұл қадам Ресеймен және Украинамен жүргізіліп жатқан келіссөздердің нәтижеге жетуіне мүмкіндік беру үшін жасалған.

Ол соғыстың адам шығыны мен экономикалық залалы барған сайын артып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ ол Трамптың соғыс кезінде ай сайын 25 мыңға дейін адам қаза тауып жатыр деген сөзін еске салды.

Рубио қақтығыстың Украина мен Ресейден тыс елдерге де қауіп төндіретінін, әсіресе Шығыс Еуропа үшін қатер бар екенін ескертті. Оның айтуынша, электрондық соғыс құралдарының әсерінен бағытынан жаңылған дрондар, сәтсіз аяқталған диверсиялық әрекеттер және басқа да оқиғалар көрші мемлекеттерге зиян келтіріп, ауқымды қақтығысқа ұласуы мүмкін.

Рубионың айтуынша, АҚШ соғысты оның жойқын салдарына байланысты да, қақтығыстың одан әрі өршу қаупіне байланысты да тоқтатуға мүдделі.

Украина президенті Владимир Зеленскийдің Вашингтон Киевке барлау ақпаратын беруді уақытша тоқтатып, кейін қайта бастағаны туралы мәлімдемесі жайлы сұраққа Рубио ақпарат алмасуда үзіліс болмағанын айтты.

"Ол мұндай ақпаратты қайдан алып жүргенін немесе баспасөзге мәлімдемелерді неліктен жасап жүргенін білмеймін" деді Рубио.

Сондай-ақ ол Ресейдің баллистикалық зымырандары Киевке соққы жасағанға дейін Украинаға алдын ала ескерту берілмегені туралы хабарларға түсініктеме беруден бас тартты. Оның айтуынша, бұл оқиғаның егжей-тегжейін білмейді. Дегенмен ол бұған дейінгі бір оқиға кезінде Украинадағы алдын ала ескерту жүйесінің бағдарламалық жасақтамасына қатысты мәселені АҚШ шенеуніктері зерттегенін айтты.

Рубио Вашингтонның Киевтегі елшілігі өз орнында қызмет етіп жатқаны өзгермегенін айтты. "Алайда АҚШ дипломаттары мен дипломатиялық нысандарының қауіпсіздігі әлі де маңызды мәселе болып қала береді" деді ол.

Трамп пен Зеленский әкімшіліктерінің қарым-қатынасы түбегейлі бұзылды ма деген сұраққа Рубио Вашингтонның басты мақсаты соғысты тоқтату екенін айтты.

Ол Киевтің Украина аумағынан тыс жерлерге соққы жасау үшін АҚШ-тың қорғаныс министрлігі бақылайтын Starshield спутниктік байланыс жүйесін кеңінен пайдалану мәселесін көтеріп отырғанын растады. Бірақ бұл жөніндегі келіссөздерге қатысты қосымша түсініктеме бермеді.

АҚШ Қытаймен бәсекелес

Рубионың сапары Вашингтонның Орталық Азиядағы экономикалық ықпалын күшейтуге деген ұмтылысын да көрсетті. Қытай – аймақтағы бес елдің барлығы үшін негізгі сауда серіктесі.

Қытай компаниялары өңірдің энергетикалық ресурстары мен пайдалы қазбаларына қатысты келісімдерге қол жеткізді. Ал Ресей аймақпен құбыр желілері, қауіпсіздік саласындағы келісімдер және еңбек миграциясы арқылы байланысын сақтап отыр. Ресейдің Украинаға басып кіруі Орталық Азия үкіметтерін халықаралық байланыстарын әртараптандыруға итермеледі.

АҚШ Қытаймен қалай бәсекелесуді жоспарлап отырғаны туралы сұраққа Рубио Вашингтонның аймақ елдерінен бұрыннан қалыптасқан байланыстарын үзуді талап етпейтінін айтты. Оның сөзінше, АҚШ америкалық бизнеске әділ мүмкіндік беруге ұмтылады.

"Біз мұнда келіп, басқа біреумен сөйлесуді немесе басқа елмен жұмыс істеуді тоқтатыңдар деп айтқалы отырған жоқпыз" деді ол.

Рубио АҚШ делегациясы инвестиция мен сауда мүмкіндіктерін анықтау үшін келгенін айтты. Оның сөзінше, құны миллиардтаған доллар болатын келісімдер жариялануы мүмкін.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Орталық Азия елдері сыртқы істер министрлерімен естелік суретке түсті. Самарқан, Өзбекстан. 19 қазан 2026 жыл.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Орталық Азия елдері сыртқы істер министрлерімен естелік суретке түсті. Самарқан, Өзбекстан. 19 қазан 2026 жыл.

Рубионың айтуынша, Өзбекстан бірнеше державамен қатар қарым-қатынас орнатқысы келеді.

"Олар барлығымен дос болғысы келеді. Барлығымен қарым-қатынас орнатуды қалайды" деді ол Өзбекстан билігі туралы.

Рубио Өзбекстанды халық саны, экономикалық дамуы және туристік әлеуеті тұрғысынан аймақтағы маңызды мемлекет деп сипаттады. Оның айтуынша, ел экономикасының жылдық өсімі 8 пайызға жуық деген мәлімет ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мол мүмкіндік береді.

Ол сондай-ақ АҚШ-тың Орталық Азияға көбірек көңіл бөлуі қажет екенін айтып, кейінгі жиырма жылда америкалық саясаткерлердің бұл аймаққа жеткілікті назар аудармағанын атап өтті.

Сирек минералдар және энергетикалық қауіпсіздік

Рубио жаһандық жеткізу тізбектерін әртараптандырудың маңызын да сөз етті. Ол әсіресе озық технологиялар мен өнеркәсіпте қолданылатын маңызды пайдалы қазбаларды жеткізу тізбегіне мән берді.

"Қайсыбір нәрседе 100 пайызға бір жерге тәуелді болу қисынға келмейді" деді ол. Оның сөзінше, бір көзге тәуелді болу елдің жағдайын қатты ауырлатуы мүмкін.

"Маңызды пайдалы қазбалар қоры бар әрі оларды өңдей алатын елдер бұл ресурстарды жауапкершілікпен игеруге экономикалық тұрғыдан мүдделі" дейді ол.

Вашингтон жергілікті экономикаға пайда әкелетін және сонымен бірге АҚШ пен әлемдік өнеркәсіптің шикізат көздерін әртараптандыруға мүмкіндік беретін серіктестіктерге қызығушылық танытып отыр.

Энергетика мәселесіне келгенде Рубио Ресей мұнайына қатысты санкциялық шектеулерден уақытша босату шараларын ақтап сөйледі. Ол бұл шешімдерге қарап Вашингтон Ресей энергетика ресурстарын сатып алуға қатысты ұстанымын өзгертті деуге болмайды деді.

Мемлекеттік хатшының сөзінше, мұндай шешімді қабылдарда әлемдік бағалар, энергия ресурстарының қолжетімділігі және әр елдің экономикалық жағдайы, соның ішінде балама жеткізушілерді табу мүмкіндігі ескерілуі керек.

Рубио АҚШ-тың сыртқы саясаты тек Украинадағы соғыспен ғана шектелмейтінін айтты. Оның сөзінше, екіжақты қарым-қатынастар мен кең ауқымды экономикалық мүдделер де маңызды.

Ол Вашингтонның Үндістанмен сауда келісіміне қол қоюға жақын екенін айтты. Бұл да әкімшіліктің энергетикалық саясат пен геосаяси басымдықтардың арасындағы тепе-теңдікті сақтауға қатысты есептерінде ескерілетін факторлардың бірі.

Джексон-Вэник түзетуі

Рубио Қырғи-қабақ соғыс кезеңінен қалған және бұрынғы советтік республикалардың кейбірімен қарым-қатынаста әлі де маңызды мәселе болып отырған Джексон–Вэник түзетуінің күшін жоюды қолдайтынын мәлімдеді.

Азаттық тілшісі одан бұл түзету неге жойылмай отырғанын сұрады. Рубио бұл шешім Конгресс құзыретінде екенін, Ақ үй түзетуді алып тастауды қолдайтынын айтты.

Рубио АҚШ сенатында өзінің кандидатурасын бекітуге арналған тыңдаулар кезінде де түзетудің күшін жоюды қолдағанын айтқан. Оның сөзінше, Конгрестің кейбір мүшелері де бұл бастаманы жақтайды.

"Әзірге Конгресстің бұған қолы жете қойған жоқ, бірақ олар тиісті шешім қабылдайды деп үміттенеміз" деді ол.

Джексон-Вэник түзетуі 1974 жылы қабылданған. Бұл түзету эмиграция құқығын шектейтін елдермен сауда қатынастарын орнату мәселесін реттейді. Бастапқыда ол Совет одағындағы еврейлердің елден көшуіне қойған шектеулерге жауап ретінде енгізілген. Бірақ Совет одағы ыдыраса да, бұл түзету күшінде қалды.

Түзетуді алып тастау экономикалық әріптестікті жеңілдетуге тиіс.

Рубионың Самарқандағы сапарында Орталық Азия сыртқы істер министрлерімен жеке және ортақ кездесуі, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевпен кездесуі жоспарланған. Ол сондай-ақ Өзбекстанның мәдени және тарихи мұрасының символы саналатын Регистан алаңына барды.

Рубио бұдан кейін Үндістанға бармақ. АҚШ шенеуніктерінің айтуынша, екіжақты сауда келісімі жөніндегі келіссөздер аяқталуға жақын.

Жалпы алғанда, Вашингтон Қытаймен бәсекелесе отырып Орталық және Оңтүстік Азиядағы экономикалық әріптестігін нығайтуға, Ресейдің Украинаға қарсы соғысының салдарын азайтуға бекініп отыр. Рубионың Самарқанға сапары кезінде айтқан сөзінің түйіні: АҚШ Орталық Азия елдерінің бірнеше державамен қарым-қатынасын дамытқанын қолдайды және америкалық компаниялардың аймақтың экономикалық дамуына көбірек үлес қосқанын қалайды.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG