Accessibility links

Рубио мен Нұртілеудің телефон әңгімесі: АҚШ маңызды минералдар сөз болғанын атап өтті


Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу және АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио
Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу және АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио

АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен Қазақстан сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің телефон арқылы әңгімелескенін хабарлады.

Онда АҚШ Қазақстанның тәуелсіздігіне, егемендігіне және аумақтық тұтастығына, сонымен бірге, екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға деген берік ұстанымы жөнінде айтылады.

Бұған қоса, Рубио мен Нұртілеу АҚШ пен Қазақстан арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікке ерекше тоқталып, Қазақстанның экономикалық әртараптандыру және ашықтыққа деген ұмтылысын атап өткен.

"АҚШ Қазақстанмен энергетика, телекоммуникация және маңызды минерал салаларындағы экономикалық байланысты әрі қарай да тереңдетуді асыға күтеді" деп жазылған хабарламада.

Нұртілеу мен Рубионың телефон әңгімесі туралы Қазақстанның сыртқы істер министрлігі таратқан хабарламада маңызды минералдар туралы айтылмайды. Бұған алғашқылардың бірі болып BES.media назар аударады.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, екі елдің бас дипломаттары “саяси диалог пен экономикалық байланыстарды нығайтуға ерекше назар аудара отырып, кеңейтілген стратегиялық серіктестіктің қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын” талқылаған. Хабарламада сонымен бірге “жаһандық қауіпсіздік пен өңірлік тұрақтылықты қоса алғанда бірқатар маңызды халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасу болды” деп жазылған, бірақ нақты қандай мәселе екені айтылмаған.

Қытаймен сауда соғысы жағдайында АҚШ балама маңызды минерал көздерін іздеп жатыр. Былтыр Қытай әскери мақсатта кеңінен қолданылатын галий, германий және сүрмені АҚШ-қа экспорттауға тыйым салған.

XS
SM
MD
LG