Accessibility links

Қазақстан, Беларусь пен Қырғызстан банктері қолма-қол рубль қабылдау комиссиясын 15 пайызға дейін көтерген

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстан, Беларусь пен Қырғызстандағы оннан астам банк резидент емес клиенттердің шотына қолма-қол Ресей рублін салу комиссиясын көтерген. РБК мәліметінше, жаздың басында комиссия негізінен 2–5 пайыз болса, қазір кейбір банктерде 10–15 пайызға, ал Беларусьтегі бір банкте 20 пайызға жеткен.

Қазақстанда Банк ЦентрКредит пен Halyk Bank комиссияны көтерген. РБК дерегінше, Банк ЦентрКредит жеке тұлғалар үшін қолма-қол рубль салу комиссиясын 5 пайыздан 10 пайызға өсірді. Halyk Bank-те комиссия 15 пайызға дейін көтерілген.

Банк ЦентрКредит РБК-ға комиссияның өсу себебін түсіндірген. Банктің мәліметінше, Қазақстан банктерінде қолма-қол Ресей рублі шамадан тыс көп жиналып қалған. Бұған қоса, қолма-қол ақшаны инкассациялау, тасымалдау мен басқа валютаға айырбастау шығыны артқан.

Қазақстандағы банктердің бәрі бірдей комиссияны көтермеген. Frank Media мәліметінше, Freedom Bank Kazakhstan керісінше қолма-қол рубль қабылдау комиссиясын 5 пайыздан 2,5 пайызға төмендеткен.

Көрші елдерде де осындай өзгеріс бар. РБК мәліметінше, Қырғызстандағы "ЭкоИсламикБанк" комиссияны екі есе — 5 пайыздан 10 пайызға көтерген. Беларусьтегі МТБанк, Сбербанк, ВТБ, БелВЭБ, Беларусбанк, Технобанк пен "Цептер Банк" комиссияны 15 пайызға дейін өсірген. Ал "Нео Банк Азия" қолма-қол рубль салғаны үшін 20 пайыз комиссия алады.

Ресей рублін қолма-қол қабылдағаны үшін комиссия Еуразиялық экономикалық одақтың бірқатар елінде биыл маусымда енгізіле бастады. РБК сөйлескен Беларусь банкінің қызметкері мұны Ресейден қолма-қол рубльдің көптеп әкелінуімен байланыстырды.

Айдар
XS
SM
MD
LG