Accessibility links

"Мәңгі өлмес полк" маршына қарсылық артты


Мәскеудегі "Мәңгі өлмес полк" шеруіне қатысушылар. Көрнекі сурет
Мәскеудегі "Мәңгі өлмес полк" шеруіне қатысушылар. Көрнекі сурет

Ресейде 9 мамыр мейрамы қарсаңында өтетін дәстүрлі "Мәңгі өлмес полк" шеруіне қарсы шығушылар туралы жиі жазыла бастады. Мәскеу түбіндегі Королев қаласындағы бір топ оқушы мәжбүрлеуге қарсы. Мектеп міндеттеу жоқ екенін айтады.

Мәскеу түбіндегі Королев қаласында орналасқан мектептердің бірінің 10 сынып оқушылары 9 мамыр күні "Мәңгі өлмес полк" маршына қатысуға мәжбүрлеп жатыр деп шағымданған. Мектеп басшылығы мен Королев қаласы әкімшілігінің баспасөз қызметі мерекелік шеруге қатысуға міндеттейтін әлдебір нұсқау жоқ деп мәлімдейді. "Мәңгі өлмес полк" шеруін ұйымдастырушылар аймақтарда шенеуніктер кейде "тым артық құлшынып кетеді" деп қынжылады.

НАСИХАТ пен САЯСИ ШАРА

9 мамыр күнгі шеруге мәжбүрлі түрде қатысуға қарсы сыныптастарына шағым жазуды ұсынған Королев мектебінің 10-сынып оқушысы Николай (есімі өзгертілді) Азаттықтың Орыс қызметіне:

- Мен мұны насихаттық және саяси мақсатты ғана көздейтін шара деп санаймын. Бірақ шынымды айтсам, бұл бастамам (шағымы – ред.) әлгі акцияны жақтырмаудан емес, өзімнің кейбір адамдық еркіндігіме қатысты пікірілерімнен туды, - деп мәлімдеді.

Оқушының нағыз аты-жөні Азаттыққа белгілі, бірақ редакция жарияламай отыр, өйткені ол кәмелетке толмаған. Әуелгіде Николай қай мектепте оқитынын мақалада көрсетуді ұсынған еді. Сондықтан редакция ол оқитын мектеп басшылығына хабарласқан болатын. Мектеп өкілдері:

- Николайдың әрекетіне қатысты комментарий бермейміз, өйткені оның шағымдары долбарға негізделген, 9 мамыр күнгі шеруге қатысуды міндеттейтін ешқандай құжат жоқ, - деп жауап берді.

"Мәңгі өлмес полк" шеруіне шыққан қырымдық оқушылар. Көрнекі сурет
"Мәңгі өлмес полк" шеруіне шыққан қырымдық оқушылар. Көрнекі сурет

Әңгіме төркініне қарағанда, мектеп басшылығы оқушының шағымынан хабардар әрі шағымы олардың қитығына қатты тиген. Азаттық мектепке қоңырау шалғаннан кейін Николай "ептеген қысым көріп жатқанын" айтып, тілшіден мектептің атауын көрсетпеуді өтінді.

Жанжал шыққан мектеп былтыр Мәскеу облысының ең үздік 100 мектеп рейтингіне енген, ал "арызқой" Николай - халықаралық олимпиада жеңімпазы. Бұдан бөлек, Николай - Алексей Навальныйдың сайлауалды кампаниясының белсендісі және көзқарасы бойынша әскерге барудан бас тартуды қолдайтындар қозғалысының мүшесі.

Көре отырыңыз: Сарапшы Навальныйды жақтаушылардың дені оқушылар екенін айтады

Жаһан жаңалықтары. Апта 16.03.2018
please wait

No media source currently available

0:00 0:18:21 0:00

​Николайдың сөзінше, биылғы оқу жылында оларға "Мәңгі өлмес полк" шеруіне оқушылар баруға міндетті деп сабақта бірнеше мәрте айтылған. Бұған қоса, шеруге жай баруға немесе 10-сынып оқушылары үшін міндетті әскери жиын ретінде баруға болады деген. Оқушылар жиын аясында сапта жүру даярлығынан сынақ тапсырады әрі сынақты дәл 9 мамыр күні, яғни "Мәңгі өлмес полк" шеруі өтетін уақытта және орында тапсырады деп жоспарланған.

Николайдың айтуынша, ол оқитын мектеп оқушыларының колоннасы "Мәңгі өлмес полк" шеруіне 2017 жылы да қатысқан. Королев қаласы әкімшілігі 2017 жылғы 9 мамыр күнгі іс-шараларды өткізу туралы 2017 жылғы 24 сәуірде шығарған қаулысында (№ 349-ПА) "Мәскеу облысы Королев қалалық округінің оқу мекемелері оқушыларының шеруге қатысуын, салтанатты шара және мерекелік концерт өткізуді қамтамасыз" етуді жоспарлаған.

ШАҒЫММЕН ҚОРҒАНУ

9 мамыр күні өтетін шеруге мәжбүрлі түрде қатысқысы келмеген Николай сыныптастарына арыз жазуды ұсынған. Әлгі арызға одан бөлек, тағы алты сыныптасы қол қойған. Заң тұрғысынан өте сауатты етіп жазылған арыз - Азаттық редакциясында. Николайдың мәлімдеуінше, оны өзі жазған. Бұған оның саяси белсенділігінің арқасында жинаған тәжірибесі мен халықаралық олимпиада жеңімпазы ретіндегі қабілеті көмектескен сияқты. Николай мен оның сыныптастары Мәскеу облысының бала құқықтары жөніндегі уәкіліне және Королев қаласының білім комитетіне "9 мамыр күні сапта жүру даярлығынан өтуден де, сол күні өтетін кез-келген шараға қатысудан да бас тартамыз, өйткені 9 мамыр – демалыс күні" деп мәлімдеген.

"Мәңгі өлмес полк" шеруіне шығарылған ресейлік мектеп оқушылары. Көрнекі сурет
"Мәңгі өлмес полк" шеруіне шығарылған ресейлік мектеп оқушылары. Көрнекі сурет

Бұған қоса, Николай сапта жүру даярлығын шынымен "Мәңгі өлмес полк" шеруі кезінде өткізу ресми жоспарланғанын анықтау үшін әскери жиынның жаттығу жоспарын беруді талап етіп, қалалық білім комитетіне жүгінген (Азаттықта бұл хаты да бар). Білім комитеті жиынға қатысты жоспарды бермей қойған соң Королев қалалық прокуратурасына шағымданған. Николай мен оның сыныптастарына Королев қалалық білім комитеті төрағасының міндетін атқарушы Наталья Сушилина "Мәңгі өлмес полк" маршына "ерікті түрде ғана" қатысуға болады деген қағаз (Азаттықта ол да бар) берген.

Николайдың сөзінше, әлгі шағымдарынан кейін мектеп басшылығы оның сыныбындағы оқушылармен және олардың ата-аналарымен көп жиналыс өткізген. Мектеп басшылығы "Мәңгі өлмес полк" маршында мектептің колоннасын ұйымдастырудан әуелгіде мүлде бас тартқан, ал сосын мектеп колоннасы шеруге шығады, бірақ оған "арызқойлар" қатыспайды деп ұйғарған.

ИДЕЯНЫҢ ҚАДІРІН КЕТІРУ

"Мәңгі өлмес полк" акциясы (түпнұсқа атауы - "Бессмертный полк" - ред.) Ресейдің барлық дерлік қаласында өтеді. Кейбір қалаларда оны жергілікті билік, ал кейбірінде "Мәңгі өлмес полк" қозғалысы және "Ресейдің мәңгі өлмес полкі" деген қоғамдық ұйымдардың бірі өткізеді. Акцияны өткізу идеясы авторларының бірі әрі "Мәңгі өлмес полк" қозғалысының өкілі Сергей Лапенков Азаттыққа Королев қаласындағы жағдайдан хабары жоқ екенін, бірақ аймақтарда шеруді ұйымдастыратын шенеуніктер оған адамдарды қуып апаруға тырысады деген ақпаратты жиі еститінін айтты.

- Біз "Мәңгі өлмес полк" шеруіне қатысуға тынымсыз түрде шақырып, шенеуніктер жұртты мезі етпесе екен дейміз. Мектеп оқушыларымен әңгіме өзгеше сипатта жүргізілуі тиіс. Совет заманындағы "плакатшыл" патриотизм жақсы есімде, ол кезде оқушы болатынмын. Мен 10-сыныпта оқыған заманда шеруге бармай қоюға болмайтын, бірақ оған достарымызбен портвейн ішу үшін баратынбыз, - деп еске алады ол.

Лапенковтің пікірінше, Королев қаласы оқушыларын 9 мамыр күнгі акцияға қатысуға тіпті мәжбүрлемеген күннің өзінде, бұл шара онша дұрыс ұйымдастырылмаған.

- Оқушыларды айрықша колонналарға оқшаулау дұрыс емес, бұл "Мәңгі өлмес полк" маршы принциптеріне қайшы. Бұл отбасылық тарих болуы тиіс. "Мәңгі өлмес полк" шеруі – әр отбасының жеке тарихы, нақты адамдар туралы естелік. Ал отбасы мүшелерін бөліп тастайды. Мысалы, әкесі өзі жұмыс істейтін корпорацияның колоннасымен, анасы бюджеттік мекеменің колоннасымен, ал қызы мен ұлы мектеп колоннасымен жүріп өтеді, - дейді Лапенков.

- Шеруге қатысатын адамдар қатары жыл сайын көбейіп келеді. Әлдебір нұсқау бойынша қатысқандарын байқамаппын, - дейді Мәскеу облысының "Мәңгі өлмес полк" қозғалысы үйлестірушісы Виктор Гладышев.

Новосибирскідегі "Мәңгі өлмес полк" шеруіне шыққандар.
Новосибирскідегі "Мәңгі өлмес полк" шеруіне шыққандар.

Бірақ анда-санда шенеуніктердің "артық құлшынысы" туралы ақпарат түсетінін, бұл "Мәңгі өлмес полк" ұйымдастырушыларына ұнамайтынын Азаттыққа берген комментариінде Гладышев те айтты. Королев қаласындағы жағдайдан ол да бейхабар көрінеді.

- Өкінішке қарай, Королев қаласынан "Мәңгі өлмес полк" маршы үйлестірушісі болғысы келетін ешкім шықпай қойды, сондықтан майдангерлердің портреттерін көтеріп митингіге келген тұрғындардың колонналары мен салтанатты шараны жергілікті әкімшілік қызметкерлері ұйымдастырады, - дейді Гладышев.

Королев қалалық әкімшілігі баспасөз қызметінің өкілдері Азаттықпен әңгімесінде 9 мамыр күні өтетін шеруге күштеп қатыстырады деген мәлімдемені естігенде таңданып қалды. Олардың мәлімдеуінше, тұрғындар керісінше, "Мәңгі өлмес полк" шеруіне қалай қатысуға болады?" деп үнемі телефон соғады екен. Бүкіл Мәскеу облысындағы сияқты, Королев қаласында да "Мәңгі өлмес полк" маршына арналған плакаттарды қаладағы көп функциялы мемлекеттік қызмет көрсету орталығында тегін шығарып алуға болады әрі бұл қызметке сұраныс бар. Королев қалалық әкімшілігі өкілдерінің мәлімдеуінше, 9 мамыр күні ешқандай саяси іс-шара жоспарланбаған, "Мәңгі өлмес полк" шеруі ғана өтеді. Ал қалалық білім комитетінің 2017 жылғы құжаттағы "9 мамыр күнгі іс-шараларға оқушылардың қатысуын қамтамасыз ету" туралы сөйлемді "шеруге қатысуға мәжбүрлеуді көздемеген техникалық тармақ" деп түсіндіреді.

"Мәңгі өлмес полк" акцияларына адамдарды күштеп қатыстырады екен деген әңгімелер бірнеше жылдан бері айтылып жүр . "Известия" басылымының дерегінше, былтыр президент әкімшілігі "Мәңгі өлмес полк" шеруіне қатысуға мәжбүрлеуге жол бермеу туралы аймақтық шенеуніктерге арнайы ескерткен. ОВД-Инфо сайтының Ресейде азаматтардың жиналу еркіндігі құқығын бұзу фактілеріне мониторинг жүргізумен айналысатын сарапшысы Григорий Дурновоның сөзінше, митингілерге мәжбүрлі түрде қатысуға қарсы ашық түрде наразылық акциялары өтпейді. Әдетте адамдар билікті қолдаған шеруге қатысу талабы жазылған жарлық, нұсқауларды анонимді түрде жариялайды. Аноним болғандықтан құжаттың түпнұсқа екенін кейде анықтау мүмкін болмайды.

"Учитель" тәуелсіз кәсіподағының тең төрағасы Всеволод Луховицкий Азаттық тілшісімен әңгімесінде "Мәңгі өлмес полк" шеруіне оқушыларды күштеп апарған оқиғалар жайлы естімегенін айтты. Бірақ оқушыларды қоғамдық акцияларға жіберу практикасы кездеседі. Мысалы, облыс губернаторы әлдебір аудан орталығына барған кезде мектеп оқушыларынан оны салтанатпен күтіп алуға баруды өтінуі мүмкін. Мектептерге белгілі бір квота бөлінеді, мысалы, әр мектептен 50 адам барады деген нұсқау түседі, ал егер балалардың немесе мұғалімдердің ішінен біреулер бас тартса, олардың орнына баратын адамдарды тез табады.

(Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Александр Литойдың мақаласы орысшадан аударылды)

XS
SM
MD
LG