Accessibility links

Ресейде тараған ең танымал "фейк хабарлар"


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

2017 жылы "фейк хабарлардың" толассыз тарағаны соншалық, «Коллинз» ағылшын сөздігі бұл терминді «жыл сөзі» деп атады.

"Коллинз" сөздігі "фейк ньюске" "репортаж жасау кезінде жаңалық деп қате сипатталатын жалған әрі көбінесе сенсациялық ақпарат" деген анықтама берді. Мұндай жасанды жаңалықтар ресейлік ақпарат құралдары мен саяси ортаға 2017 жылы кең тарады. Мұндай түбі шикі мәліметке сеніп қалғандардың ішінде ресми тұлғалар, журналистер мен басқа да аудитория өкілдері бар. "Жалған жаңалықтарға сәйкес" біресе "Батыс Ресейді ыдыртуды жоспарлап жатқан" боып шығады, немесе "Нью-Йорктегі мейрамхана Путиннің туған күні құрметіне айрықша бургер әзірлеп ұсынған" болады.

Батыс елдері Ресейді сыртқы саяси мақсаттарына қол жеткізу үшін "фейк ньюс" пен жалған ақпаратты пайдаланады деп бірнеше мәрте айыптаған болатын. Мәскеу "фейк жаңалықтар" легінің көмегімен 2016 жылғы АҚШ-тағы президент сайлауы науқанына ықпал етуге әрекеттенді деген айыптауды оқтын-оқтын жоққа шығарып тұрады. Кейбір "фейк жаңалықтар" Ресейден тысқары жерлерде пайда болды, бірақ оларды мемлекет бақылауындағы ресейлік телевизия мен жеке меншік БАҚ-тар, ал кейбір кезде ресми тұлғалар таратты. Сонымен 2017 жылы ресейлік БАҚ-та тараған "фейк жаңалықтар" мен күмәнді журналистиканың бірқатар үлгілерін еске түсіріп көрелік.

"РЕСЕЙДІ ЫДЫРАТУ ЖОСПАРЫ"

Тамыз айында дизайны ұлыбританиялық "Гардиан" газетінің сайтына ұқсас етіп жасалған күмәнді сайт "Батыстың Ресейді күйретуді жоспарлағанын мойындаған" Ұлыбритания барлау қызметінің бұрынғы басшысының жалған мәлімдемелері туралы мақала жариялады.

МИ-6 мекемесінің бұрынғы басшысы Джон Скарлеттің сұхбаты деп сипатталған жазбада шала-пұла ағылшынша сөйлейтін бір адам Ұлыбритания мен АҚШ "Ресейді ыдырату" үшін Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвилиді және "Ресей мен Украина арасындағы жасанды соғысты" пайдаланбақ болғаны айтады.

Ойдан шығарылған материалда Скарлеттің "Грузия және Қырым соғыстары Ресейді күйрету жөніндегі америкалық және ұлыбританиялық стратегиялық жоспарлар болғанын әрі олардың сәтсіздікке ұшырағанын мойындауға тиіспін" деген "сөзі" келтірілген.

Жалған ақпарат тез арада, оның ішінде BuzzFeed зерттеуі арқасында әшкереленді, ал шын "Гардиан" газетінің өкілдері мұны "Гардиан" газеті дизайнын бүркенген фейк-сайтта жарияланған фейк-хикая" деп атады.

Бірақ әлгі мақалаға РЕН-ТВ федералдық телеарнасы сияқты Ресейдің ірі БАҚ-тары назар аударды. Бірер күннен кейін Ресей телевизиясының саяси ток-шоу жүргізушісі Владимир Соловьев "кейбіреулер оны жалған деп санайды" деп ескерткенімен, "мақалаға" сілтеме жасады.

ПУТИНБУРГЕР

Путин 65 жасқа толған қазанның 7-інде Ресей телевизиясы және жаңалық агенттіктері "Нью-Йорктегі мейрамхана Ресей президентінің құрметіне бес котлеттен тұратын бургер әзірледі" деген хабарлар таратты. Репортаждар Ресей үкіметі қаржыландыратын RT телеарнасына қарасты RUTPLY жаңалықтар агенттігінің видеосюжетіне негізделген. RUTPLY агенттігіне берген сұхбатында Lucy's Cantina Royale мейрамханасында жұмыс істейтін әйел "бургердің салмағы Путиннің туған жылына сәйкес - 1952 грамм, ал ас мәзіріне Путиннің бейнесі басылған арнайы жарнама енгізілді" деп хабарлады.

"Путинбургер" туралы фейк хабардың иллюстрациясы
"Путинбургер" туралы фейк хабардың иллюстрациясы

"Россия-24" телеарнасы бургер туралы сюжетті "Ресей президентін шетел басшылары ғана емес, айрықша жолдармен қарапайым азаматтар да құттықтап жатыр" деген кіріспемен көрсетті. Ресей БАҚ-тарындағы өтіріктерді жиі әшкерелейтін ресейлік журналист Алексей Ковалев іле-шала әлгі бургер туралы жалған хабарламаны тапты. Мейрамхана өкілдері "жалған хабар таратқан қызметкерлер тексеру біткенше жұмыстан шеттетілді" деп мәлімдеп, бургерге қатысты ақпаратты жоққа шығарды. Мейрамхана қызметкері "акция - менің идеям болған, мені жұмыстан шығарып жіберді" деп мәлімдеді. Кейбір дерекке қарағанда, RUPTLY агенттігіне сұхбат берген даяшы әйел де жұмыстан қуылған.

Ақыры RUPTLY агенттігі "редакция стандарттарына сай емес" деп көрсетіп, әлгі видеосюжетті алып тастады.

Ковалев шетелде шыққан жаңалықтарды кремльдік үгіт-насихат үшін ойдан шығарады немесе бұрмалайды деп ресейлік мемлекеттік БАҚ-тарды бұған дейін де талай айыптаған болатын.

Азаттықтың Орыс қызметі тілшісімен әңгімесінде ол "Путинбургер виртуалды шындықтың шектен шыққан мысалы болды" деп мәлімдеді.

НОБЕЛЬ ЛАУРЕАТЫ АЛЕКСИЕВИЧТІҢ "ҚАЗАСЫ"

Мамырда Францияның мәдениет министрі Француаз Ниссеннің жалған Twitter аккаунтында Беларусь жазушысы әрі Нобель сыйлығының лауреаты Светлана Алексиевичтің қазасы туралы хабарлама пайда болды. Ниссен ертеректе Алексиевичтің француз тіліндегі аудармалары шыққан Actes Sud баспа үйін басқарған, сондықтан жұрт жазушының қазасы туралы хабарға әдепкіде сеніп қалды.

Светлана Алексиевичтің "қазасы" туралы хабар
Светлана Алексиевичтің "қазасы" туралы хабар

"Российская газета" және РИА "Новости" агенттігі сияқты ресейлік мемлекеттік БАҚ-тар әлгі жаңалықты дереу таратып жіберді. Әлгі ақпаратты "Азаттық радиосы" мен "Америка дауысының" бірлескен жобасы "Настоящее время" телеарнасы теріске шығарды. Бірақ қаза туралы жалған хабарды еуропалық БАҚ-тар жариялап үлгерген. Мысалы, "Фигаро" газеті мен португалиялық "Диариу ди нотисиаш" басылымы.

Сол кезде Сеулде жүрген 69 жастағы Алексиевич Азаттықтың Беларусь қызметі тілшісімен сұхбатында "Әлдебіреулер көксеп жүрген шығар" деген болатын.

МН17 ҰШАҒЫ АПАТЫНЫҢ "КУӘГЕРІ"

Қазанның 6-сында Ресей қорғаныс министрлігінің ресми телеарнасының сайтында Украина қарулы күштерінің бұрынғы әскери қызметшісі Юрий Батуриннің "мәлімдемесі" жарияланды. Әлгі ақпаратта Malaysia Airlines компаниясының МН17 рейсін атып түсірген "Бук" зениттік-зымыран кешенін сол ауданға украиналық әскерилер апарды деп мәлімделеді. 2014 жылғы шілдеде ұшаққа зымыран тиіп, 298 жолаушы түгел қаза тапқан. "Звезда" телеарнасы таратқан материалда тура айтылмаса да, зымыранды "Украина жағы атқан" деп тұспалданған.

Ресей үкіметі және онымен байланысты құрылымдар МН17 рейсі апаты туралы көптеген, оның ішінде Украинаның жойғыш ұшағы атып түсірді деген гипотеза жасаған. Бірақ халықаралық зерттеу дерегінше, ұшақты сепаратистердің бақылауындағы территориядан Ресейде жасалған "Бук" зымыран кешенінен атып түсірген. Ол жаққа "Бук" құпия жеткізілген, ал ұшақты атып түсіргеннен кейін кері әкетілген. Халықаралық тексеру тобы Мәскеуді күдікті өзінен және сепаратистерден бұрып жіберу үшін тергеуді шатастырмақ болды деп айыптаған.

"Звезда" телеарнасының жалған материалын ресейлік БАҚ-тардың көбі, оның ішінде ТАСС агенттігі мен мемлекеттік телеарналар да таратты. Бірақ олар "украиналық бұрынғы әскери қызметшінің мәлімдемесінен" өзге ешқандай дәлел келтірген жоқ. Әлгі мәлімдемені "Звезда" теларнасы сайтынан бір тәулік өтпей жатып әрі себебін түсіндірместен алып тастады. Қазір жалған видео-сұхбаттың үзіндісін YouTube желісінен көруге болады.

СИРИЯЛЫҚ (ВИДЕО) ОЙЫНДАР

Қарашада Ресей қорғаныс министрлігі "Ресей мен Сирия үкіметінің әскері экстремистердің көзін жоюмен айналысып жатқан тұста Вашингтон оларды қорғаштады" деп мәлімдеп, АҚШ-ты ДАИШ содырларымен ынтымақтасып отыр деп айыптады. Әлгі мәлімдемелер BBC телеарнасының коалиция әскерлері АҚШ-тың қолдауымен ДАИШ-тың жүздеген содырымен мәміле жасап, қоршаудағы Раккадан шығуға мұрсат берді деген жанжалға ұласқан хабарынан кейін жарияланды.Коалиция мәміле жасалғанын растаған жоқ, бірақ ДАИШ содырлары қаладан азаматтық тұлғаларға еріп шығып кеткенін мойындаған болатын.

Бірақ ресейлік әскерилердің Twitter мен Facebook желілерінде жарияланған мәлімдемелерінде "ДАИШ-тің соғысуға қауқарлы жасақтарын АҚШ-тың қорғаштағанын даусыз растайтын" фотосуреттер де бар. Суреттер Сирия-Ирак шекарасына қарай бет алған ДАИШ күзетшілерін көрсеткен деп мәлімделді. Журналистер мен блогерлер әлгі суреттердің бірі AC-130 Gunship Simulator: Special Ops Squadron видеоролигінен алынғанын тез тауып алды. Өзге суреттер 2016 жылы Ирактың қорғаныс министрлігі жариялаған видеоматериалдардан алынған болып шықты. Журналистер олардың Фаллуджада жүргізілген ДАИШ-қа қарсы қарсы әскери операцияға қатысты суреттер екенін анықтады.

"Фейк суреттер" әлеуметтік желілерде мысқылға ұласты. Блогерлер содырлардың қаладан кетуін бейнелей алатын видео ойындардан, мысалы көлік ағылып жатқан жолдан жүгіріп өтуге тырысқан бақа туралы 1980 жылдары танымал болған Frogger ойынынан скриншоттар жариялады.

Ресейлік әскерилер суреттерді өшіріп, олардың орнына өзге "даусыз айғақтарды" жариялады. Министрлік әуелгі суреттер жалған екенін мойындап, кінәні үстінен тексеру басталған "азаматтық қызметкерге" артты.

"АҚ ҮЙДЕГІ БЕН ЛАДЕН"

2017 жылы Ресейдің ресми тұлғалары видео ойыннан алынған кадрды деректі фотосурет ретінде пайдаланғанын дәлелдейтін бұдан өзге мысалдар да бар.

Ресей сыртқы істер министрлігінің екіұшты мәлімдемелерімен танылған өкілі Мария Захарова қарашада мемлекеттік телеарна өткізген ток-шоуда сөйлеген сөзінде "Әл-Қаиданың" бұрынғы басшысы Усама бен Ладен "бірде Ақ үйде болған" деп мәлімдеді.

Захарова мұны АҚШ-тағы лоббизм, америкалық президент сайлауына Ресейдің ықтимал килігуі мен Дональд Трамптың сайлауалды штабы қызметкерлерінің Мәскеумен ықтимал сөз байласуын тексеру туралы пікірталас кезінде айтты.

"Ақ үй Бен Ладенді қалай қабылдағанын көрсететін фантастикалық, әдемі фотосуреттерді еске түсіріңіздерші. Ал бұл, турасын айтқанда, нағыз классикалық лоббизм емес пе" деп мәлімдеген болатын Захарова. Төмендегі видеоның 16 минутынан бастап көріңіз.

2011 жылы АҚШ әскері Пәкістандағы арнайы операция кезінде көзін жойған бен Ладен Ақ үйде ешқашан болған емес. Захарова өзінің қандай фотосуреттер туралы айтып тұрғанын нақтыламады, бірақ ресейлік БАҚ-тар ол кісі АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон мен Әл-Қаида басшысы қол алысып тұрғандай етіп бейнеленген фотоколлажды меңзеген шығар деген болжам жасаған. Әлгі қолдан жасалған суреттің (төменде қараңыз) интернетте тарағанына көп жыл болды.

2004 жылы мамырда Клинтонмен кездесу кезінде музыкант Шубхашиш Мукхерджи түскен фотосуретке Бен Ладеннің басы қойылған. "Царьград ТВ" консерваторлық телеарнасының сайтында Захарованың сөздері Бен Ладен Ақ үйде ешқашан болған емес деген факті көрсетілмей келтірілген.

Бірер күннен кейін Захарова Facebook-те Ақ үйге "бен Ладеннің өзі емес, оның әріптестері, былайша айтқанда, серіктері барған" деп "нақтылады".

Бұған қоса, ол АҚШ президенті Рональд Рейган "Ақ үйде талибтер делегациясын қабылдаған сәті" түсірілген фотосуретті ең жақсы көретін фотосуретім деген болатын. Постқа Рейганның совет әскері басып кірген кезде Ауғанстанда пайда болған қарсылық қозғалысының мүшелерімен кездесіп отырған суреті тіркелген. 1980 жылдардың басында АҚШ Совет Одағына қарсы моджахедтерге де, бен Ладенге де және араб әлемінің өзге әскери басшыларына да демеу жасаған. Әлгі фотосурет 1983 жылғы ақпанда, яғни Талибан құрылғанға дейін тоғыз жыл бұрын түсірілген.

"ЕГЕУҚҰЙРЫҚ ЖЕСІН"

Қазанда РИА "Новости" агенттігінің сайтында Нидерланд баспасөзінде жиі жарияланады деп көрсетіп, "Ресей туралы қорқынышты насихатқа" арналған "Мәскеуліктер егеуқұйрық жеп жатыр": Еуропада Ресей туралы жалған жаңалықтарды кімдер құрастырады" деген ашу-ызаға толы мақала жарық көрді. Мақалада 2016 жылғы қарашада "Де Фолькскрант" газетінде шыққан қысқа жазба талданған. Жазбада сазқұндыз етінен жасалған тағамдар ұсынатын мәскеулік мейрамхана туралы айтылған.

Колумнист Владимир Корнилов мақала мазмұнын көп бұрмалап, ал кей тұсында тіпті өтірік баяндап берген. Мысалы, ол мақалада аштықтан бұратылған мәскеуліктер Ресей Қырымды аннексиялап алып, Украинаның шығысында сепаратистерге әскери демеу көрсеткеннен кейін Батыс елдері салған санкциялардың кесірінен егеуқұйрықтарды жеуге кіріскен деп айтылады деп негізсіз жорамалдайды.

"Сандырақ дейсіздер ғой? Дұрыс айтасыздар. Бірақ баспасөз еркіндігіне қатысты әлемдік рейтингтерде көшбасшы елдердің бірі ретінде аталатын Нидерландтың танымал газеттерінде Ресей туралы мұндай сандырақ оқтын-оқтын жарияланып тұрады" деп жазды Корнилов.

Бұған қоса, ол 400-ге жетпейтін сөзден тұратын қысқаша жазбаны "көлемді мақала" деп атайды.

Корниловтың жазбасы туралы ресейлік бірнеше ірі БАҚ жазды. Жазбаның түпнұсқасы - мәскеулік ресторатор Тахир Холикбердиев пен оның құндыз етінен жасалған тағамдары туралы Батыс баспасөзінде жарияланған бірнеше мақаланың бірі болған. Онда санкциялар рестораторларды кей ингредиенттерді Ресейде шығарылған балама өнімдерге ауыстыруға итермелеп отыр деп жазылғанымен, санкцияның кесірінен ресейліктер ашығып жатыр деп айтылмаған.

The Insider оппозициялық сайтының журналисі Юрий Бершидский "достық пейілде жазылған мақаланың мазмұнын бір жылдан кейін мүлде бұрмалау РИА "Новости" шолушысына не үшін қажет болғаны түсініксіз" деп жазды.

Корниловтың жалған мәлімдемелерін ресейлік БАҚ-тар жөніндегі сарапшы Алексей Ковалев "Егер Батыс БАҚ-тары өтірік айтпаса, ештеңе етпейді, олардың орнына өзіміз өтірік айтып, өзіміз әшкерелейміз!" деген тақырыппен "Лапшеснималочная" деген жобасы аясында әшкереледі.

Ол Корниловты: "Сіз мақала авторына ол кісі жазбаған сөздерді таңып, ойдан шығарған өтіріктеріңіздің негізінде "Батыс БАҚ-тарын" Ресей туралы жалған жаңалықтар құрастырады деп айыптайсыз!" деп сөкті.

XS
SM
MD
LG