2 желтоқсанда Ресей "Сила Сибири" құбыр желісі арқылы Қытайға табиғи газ тасымалдауды бастайды. "Газпром" мемлекеттік кәсіпорнына қарасты құбырдың жалпы ұзындығы - үш мың шақырым.
Жаңа құбырды іске қосу рәсіміне Ресей президенті Владимир Путин мен Қытай президенті Си Цзиньпин телебайланыс арқылы қатысады деп хабарланды.
Ресей газы құбыр арқылы алғаш рет Қытайға жөнелтіледі. 2025 жылға қарай "Сила Сибири" газ құбырымен тасымалданатын газ көлемін жылына 38 миллиард текше метрге жеткізу жоспарланған. Табиғи отынды Сібірдегі кеніштерден Ресейдің Қиыр шығыс аймағындағы елді мекендерге, одан ары Қытайдың шекара аймағындағы Хэйлунцзян провинциясына жеткізу көзделген.
2014 жылы "Газпром" мен Қытайдың CNPC мемлекеттік компаниясы құны 400 миллиард доллар деп бағаланған жобаны бекіту туралы келісімге қол қойған. 30 жыл мерзімге жасалған жоба бойынша газ бағасы қалай қалыптасатыны туралы екі тарап та ештеңе хабарлаған жоқ.
ПІКІРЛЕР