Accessibility links

Болотный шеруіне - екі жыл


Полиция шерушіні әкетіп барады. Мәскеу, Болотный алаңы, 6 мамыр 2012 жыл.
Полиция шерушіні әкетіп барады. Мәскеу, Болотный алаңы, 6 мамыр 2012 жыл.

Екі жыл бұрын Мәскеудің Болотный алаңында Ресей оппозициясы ірі наразылық шарасын өткізіп, оның соңы белсенділерді тұтқындаумен және 30 шақты шерушіні қылмыстық жауапкершілікке тартумен аяқталған.

Қудаланғандардың жақындары мен азаматтық белсенділер «Болотный ісіне» қоғам тарапынан қызығушылық әлсіреп барады деп дабыл қағады.

ТҮРЛІ ЖАЗАҒА КЕСІЛГЕН БЕЛСЕНДІЛЕР

Мәскеудің орталығында биліктің рұқсатымен өткен ірі демонстрацияның соңы қақтығысқа ұласып, 30-ға жуық адам сотқа тартылған болатын.

Үкіметтің қысымынан, әлде қоғам назары азайғандықтан, Болотный алаңында екі жыл бұрын болған сол қарсылық шеруін еске алып жатқандар жоқтың қасы. Өткен жылғыдай емес, биыл қала басшылығы алаңның өзінде және оның маңайында қандай да бір еске алу шараларын өткізуге тыйым салды.

Биылғы ақпан, наурыз айларында сол шараларға қатысқандарға үкім шығып жатқанда сот ғимараттарына келіп наразылық танытқан біраз адам тағы тұтқындалған.

Amnesty International ұйымы көптеген адам жараланып, жүздеген белсенді тұтқындалған сол оқиғаның екі жылдығын атап өту мақсатындағы «наразылық шараларын болдырмай тастау үшін қолынан келгеннің бәрін жасады» деп Ресей үкіметін айыптады.

Болотный алаңындағы шеруге қатысқан 28 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Соған байланысты халықаралық қауымдастық «елдегі пікір алуандығын аяусыз жаныштады» деп Кремльге кінә тақты.

Михаил Косенко сот залында тұр. Мәскеу, 8 қараша 2013 жыл.
Михаил Косенко сот залында тұр. Мәскеу, 8 қараша 2013 жыл.
Тұтқындалғандардың тоғызы «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды» және «полицияға қарсылық көрсетті» деп айыпталып, 2 жарым жылдан 4 жылға дейін түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Михаил Косенкоға "мәжбүрлі түрде психиатриялық ем қабылдасын" деген үкім шығарылды.

Үш жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген және бір айыпкер Александра Духанинаның жазасын өтеу мерзімі кейінге шегерілді.
Қалған 11 айыпкер желтоқсан айында амнистияға ілігіп, босап шықты. Қалған алтауы әлі үкімді күтіп отыр.

Ұсталғандардың екеуінен басқасы айыптарын мойнына алмады.

«БИЛІК ШЕРУДІҢ ӨҢІН АЙНАЛДЫРЫП КӨРСЕТТІ»

Адам құқықтарын қорғаушылар Ресей үкіметін «қоғамның назарын сот процестерінен басқа жаққа бұрып жіберді» деп айыптады. Өйткені, Украинадағы дағдарыс пен Ресейдің Қырымды аннексиялауы көп айтылып кетті де, басқа мәселелер тасада қалып қойды.

Амнистияға іліккен шерушінің бірі Анастасия Рыбаченко Азаттық радиосына:

- Болотный шеруін білетіндерден гөрі Украина мәселесін білетін ресейліктердің саны анағұрлым көп екені түсінікті. Бірақ бұл маңызды емес. Маңыздысы – бұл жайт туралы жұрттың көп құлағдар болуына жағдай жасау, – дейді.

Студент, «Солидарность» оппозициялық қозғалысының мүшесі Анастасия Рыбаченко полиция үйіне тінту жүргізген соң, 2012 жылдың шілде айында Еуропаға кетіп қалған. Ол содан Ресейге оралған жоқ.

Рыбаченконың айтуынша, Болотный шеруі бейбіт түрде өткен.

- Болотный алаңында әдеттен тыс ештеңе болған жоқ. Бұдан басқа көптеген шерулерде полиция қақтығыстарға өзі түрткі болып отырды, - дейді ол.

Анастасия Рыбаченко.
Анастасия Рыбаченко.
Анастасия Рыбаченко «полиция қақтығыс шығару үшін жұртты әдейі тықсырды» дейді.

- Биліктегілер әуел бастан-ақ оқиғаның өңін айналдырып көрсетіп, алаңда тәртіпсіздік пен заңсыздық болып жатыр деп жұртты сендіруге тырысты. Бірақ бұл шындыққа жанаспайды. Биліктегілер тек халықты қорқытқысы келді, - дейді ол.

Айыпкер Алексей Гаскаров, Александр Марголин, Илья Гущин және Елена Кохтареваның ісі мамырдың 14-і күні қаралады.

Олар да «жаппай тәртіпсіздікке қатысты» және «полиция өкілдеріне қарсылық көрсетті» деп айыпталып отыр.

Оппозициялық саясаткер Сергей Удальцов пен Леонид Развозжаев «бүкіл Ресей аумағында үкіметке қарсы бүлікті бастау үшін Болотный алаңында қақтығыстар тудырды» деп айыпталып отыр.

(Наталья Джанполадова мен Клэр Бигтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)
XS
SM
MD
LG